6.06.2025, 18:20
Оқылды: 127

Алланың саған бергенін сен басқаға бер!

Бүгін сырымдықтар Жымпитыдағы орталық мешітте айт намазын оқыды.

IMG_3183

Жамағатты мүбәрак мерекемен бас имам Нұрәлім Қисметов құттықтады.
Бас имам Құрбан Айттың төркіні – барыңды Алла жолында қия білу, жүректі дүниеден босату екенін айтты. «Бай болсаң халқыңа пайдаң тисін!» - деген Төле бидің сөзінің арғы тәмсілінде дәулетіңнен айналаңның қақысын бер, Құдайдың саған бергенін сен басқаларға бер деп тұрғандай.

Сондай-ақ, Нұрәлім Қисметов малды құрбандыққа шалу уағында оларға мейіріммен қатынас жасауды сұрады. Әйтпесе, малды сүйреп, теуіп, тамағын өтпейтін пышақпен қинап бауыздайтын, бас - сирағын, ішек-қарының қоқысқа тастап, ысырап ететіндер бары рас. Имам осыдан сақ болайықшы деді.

- Құрбан етін тек жоқ-жітікке беру міндет емес. Араларыңыз суыған ағайынның үйіне кіріп шығуға, ата-аналарыңызды зиярат етуге, жанұяға уақыт бөлуге - айт мерекесі тамаша себеп! - деді Сырым ауданының бас имамы.

Құрбан айттың құрметіне ауданда бірқатар мәдени-спорттық шаралар жоспарланған еді. Кешегі қайғылы оқиғаға байланысты Сырым ауданы мерекелік бағдарламаларды санаулы күнге тоқтатты.

Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале