13.11.2023, 14:45
Оқылды: 38

Алма Оразбаева атындағы мектептің жаңа ғимараты ашылды

Казталов аудан орталығындағы 150 жылдан аса тарихы бар Алма Оразбаева атындағы мектебі туралы айтатын болсақ, 1866 жылы 17 қазанда Бөкей Ордасында 7 жаңа старшындық мектеп салуға шешім шығарды. Мектеп салуға сол кезде Қамыс-Самар мен Талов правителі болған тарихи тұлға Мұхамед-Салық Бабажанов көп еңбек сіңірген. Мектеп 1868 жылы салынып, білім бере бастайды. Мектептің алғашқы мұғалімі Сұлтан-Шахмұрат Қарабаев болыпты. 1881 жылы мектепте қазына есебінен 20 бала оқыған, мұғалімі Людмила  Скворцова болған. 1936 жылдан бастап мектепке С.М. Киров есімі беріліп, орта мектеп болып қайта құрылды. 1959 жылы 11-13 ақпанда мектепке Қоғам қайраткері Алма Оразбаеваның есімі берілуі туралы шешім қабылданған.

казталов мектеп (11)

Тарихы тереңге жайылған, талай мықтылар білім алған мектеп ғимаратын «апатты» деп тауып, жаңа орынға көшіру мәселесі шешілді.

2019 жылы 600 оқушыға арналған жаңа мектеп құрылысы басталған болатын. Құрылысы әр түрлі себептермен төрт жылға созылған жаңа мектеп бүгін пайдалануға берілді.

Жаңа мектептің ашылу Казталов ауданының әкімі Асланбек Сарқұлов, облыстық құрылыс басқармасының басшысы Әлібек Антазиев, облыстық білім басқармасы басшысының  орынбасары Бисенбек Насимуллин, аудан әкімінің орынбасарлары, облыстық, аудандық мәслихат депутаттары, «Жиенбай» ЖШС-ның директоры Александр Қарағойшин, Алма Оразбаеваның туысы, Бөкей Ордасы ауданы Хан ордасы  ауылы Жәңгір хан атындағы мектептің қызметкері Ринат Оразбаев, ардагер ұстаздар, шақырылған қонақтар, мұғалімдер, оқушылар және ауыл тұрғындары қатысты.

казталов мектеп (7)

Көптен күткен нысанның ашылуында сөз алған аудан әкімі Асланбек Ахметоллаұлы:

—Құрметті салтанатты жиынға қатысушылар! Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының: «Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек» деп айтқан қанатты сөзін әрбіреуіміз есімізден шығармағанымыз абзал. Осы орайда «Жеті түрлі ілім білетін» ұрпақ тәрбиелеу — бүгінгі күннің негізгі міндеті.

Биыл бірегей білім ордасының ашылғанына 155 жыл, Қоғам қайраткері Алма Дінмұхамедқызы Оразбаеваның туғанына 125 жыл толып отыр. Осындай айтулы даталармен тұспа-тұс келген мектептің жаңа ғимаратқа көшуі, аудан үшін емес, өңіріміз үшін де елеулі оқиға.

Жаңа мектептің толық аяқталуына қолдау көрсеткен барша азаматқа, құрылыс соңына дейін жеткізген жерлесіміз Александр Ахметқалиұлына алғыс білдіремін! - деген тілегін жолдады.

мектеп казталов

Сонымен бірге шарада сөз алған ардагер ұстаз Илан Бекенұлы жаңа мектептің ашылуымен құттықтаса, құрылысқа тікелей жауапты болған «Жиенбай» ЖШС-ның директоры Александр Қарағойшин жаңа мектептің ашылуына өзіндік үлесін қосып, директордың міндетін атқарып келген Інжумаржан Әділгерейқызына жаңа нысанның кілтін табыс етті.

Шарада Батыс Қазақстан облысы әкімі Нариман Төреғалиевтің атынан құттықтау жолданып, жаңа мектепке ЛЭД экран табыс етілді.

казталов мектеп (5)

Мектептің ашылу рәсімі Бисенбек Жамбылұлы мен ардагер ұстаз Гүлжиян Гарифқызына, Алма Оразбаеваның туысы Ринат Иусупұлы мен мектеп  мақтанышы, олимпиада жүлдегері, «Алтын белгіге» үміткер  Әлиханға Жаныбековке жолданып, лентасы қиылды.

Мектептің ашылуына қатысқандар жаңа нысанды аралап көрді.

казталов мектеп (12)

Тамыры тереңге кеткен білім ордасынан республикаға  танымал тұлғалар, ғалымдар, өнер, мәдениет қайраткерлері, ел басқарған адамдардың шығуы – мектеп мәртебесінің жоғары екенін танытқандай. Бүгінгі мектеп тынысы заманауи  бағытпен дамып, талай  шәкірттерді сан түрлі салаға ұшырған аудан орталығындағы киелі шаңырақ.

казталов мектеп (10)

Алма Оразбаева атындағы мектептің іші заманға сай безендіріліп, толықтай жабдықталған. Мектепте 600 балаға арналған 600 шкаф, кейбір сыныптарда ЛЭД экран орнатылылған. Мектеп іші жарық, жылы және кәріз желісі, ауа реттегіш вентиляциямен қамтылған. Оқушылардың сапалы білім алуға толық мүмкіндік жасалған. Заманауи мектепті аралап көрген қонақтар ризашылықтарын білдірді. Көптен күткен жаңа нысанның ашылуына қатысқан ардагер ұстаздар, мұғалімдер, ата-аналар мен оқушылардың қуанышында шек жоқ.

казталов мектеп (8)

2018 жылы мектептің 150 жылдық мерейтойына қарсаңында Алма Оразбаеваның кеудетұғыры ашылған болатын. Бүгінгі күні Алма Оразбаеваның кеудетұғыры жаңа ғимараттың ашылу салтанатына орай мектеп ауласына орналастырылды.

Салтанатты шарада Қоғам қайраткерінің ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, мектеп ауласына көшеттер отырығызылды.

Қайрат Жақып,

Фотоға түсірген автор

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

казталов мектеп (1) казталов мектеп (2) казталов мектеп (3) казталов мектеп (4) казталов мектеп (6)

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале