Ақжайық ауданының Алмалы ауылындағы мектепті бітіргендеріне 35, 40, 50 жыл толған түлектер өздерінің білім ұясына зор жақсылық жасады.
Айталық, 1967 жылы туған түлектер 1950 жылдан бері қызмет еткен 48 мұғалімнің есімін жазып, фотосуреттерін қойып, құрмет тақтасын орнатты. Сондай-ақ азаматтардың демеушілігімен «Жастар» саябағы ашылды. Оған осы ауылдың түлегі, бүгінде Оралдағы «Вторчермет» ЖШС директоры Нұрберген Жұмағалиев, шаруа қожалықтары иелері қаржылай қолдау көрсетті. Аумағы 1,4 гектар жерді алып жатқан саябақтың қоршауы жасақталып, жазғы сахна орнатылған. Сахнаны жасақтауға 1,8 млн., қоршауға 1,5 млн. теңге жұмсалған. Мұнда сәуір айында 30 түп көшет отырғызылып, техникалық су тартылды.
Енді 1967 туған алмалылықтар осы саябаққа Ауған соғысында қаза тапқан боздақтарға арналған тақта тас орнатуды жоспарлап отыр. Шаруа қожалықтары иелері саябаққа өрнектас төсеу үшін жұмыстануда.
Сонымен қатар ауылдың 1986, 1993 жылы туған азаматтары 1,5 млн. теңгеге «Almaly altyn besigim» атты кіші архитектуралық тақта орнатты.
Бекем Бекұлы,
Ақжайық ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер