Бүгін «Ғибрат бар ізінде тектілердің» тақырыбымен Алмалы ауылдық мәдениет үйінде танымдық конференция өтті.
Дана халқымыздың сүйсінгенде, разы болғанда «тегіне тартқан» деп құрмет білдіретіні бағзы заманнан бері келеді. Сол тектілік қанмен берілсе, халқына адал қызмет етіп, соңына ұлағатты мирас қалдыратын әулеттің тұтас буыны қалыптасады.
Аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі өткізген шараның да мақсаты – осы Алмалы топырағынан түлеген, ата-баба аманатына адалдық танытқан Құрақ Бектұрғанов, оның ұлдары Қайыр мен Амангелдінің, күйші Қанаш Иманбаевтың ғибратты жолын көпшілікке насихаттау.
Мұнда алдымен шараға өнеге жолы арқау болған азаматтар туралы деректер, құнды жәдігерлер орын тепкен «Рухани мұра» бөлмесі ашылды.
Конференцияны ашып-жүргізген ақын Сағынтай Бисенғалиев шараның көздеген мақсатын кеңінен баяндады. Құрақтың атасы, Махамбеттің үзеңгілес досы болған Бектұрғанның батырлық келбеті, ғасырдан астам уақыт жасырылып келген құпияны сақтап, халқы іздегенде, Махамбеттің Қаройда жерленген жерін көрсетіп берген Құрақ Дінмұхамбетұлына күллі қазақтың қарыз екенін Индер аудандық «Дендер» газетінің редакторы Жанай Амантурлин айтып берді.
М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан Мемлекеттік университетінің қауымдастырылған профессоры Зейнолла Мүтиев өз баяндамасына Қайыр Бектұрғановтың шығармашылығын арқау еткен. Ол Алмалы ауылдық кітапханасына Қ.Бектұрғановтың шығармалары енген қос кітапты табыстады.
Бектұрғановтар әулетінің туысы, ақын, жұбантанушы Үзілдік Елеубайқызы ауданымызға еңбегі сіңген қайраткер, жазушы Амангелді Құрақовтың қаламынан шыққан туындылар туралы ой-толғамын, естеліктерін бөлісті.
Сонымен қатар көптеген зерттеулеріне өңір қаламгерлерінің шығармашылығын арқау етіп жүрген жазушы, журналист Жадыра Шамұратованың шараға орай жолдаған бейнехабарламасы көрсетілді. Ал Махамбеттің төрт күйін таспаға түсірген Қанаш Иманбаевтың еңбек жолы, күйшілігі жөнінде Бударин ауылдық кітапханасының кітапханашысы Әсима Құлетова баяндама оқыды.
Ағалардың көзін көрген еңбек ардагері Әленғали Кереев, Мұсағали Бектенов естеліктерін бөліссе, аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мәжитова Қ.Бектұрғанов пен А.Құрақовтың жұбайларына ақжайықтық жерлестері атынан сый тарту етіп, құрмет көрсетті. Қайыр ағамыздың зайыбы Надежда Жұбайқызы мен Қазима Қанаш келіні әулеттен тараған ұрпақтың зор ризашылығын жеткізді.
Сонымен қатар конференцияға келгендер Атамекен ауылындағы «Жерұйық» мұражайында болды. Атай кету керек, аталмыш мұражай негізі 18 ғасырда негізі қаланған түрме ғимаратында орналасқан. Әңгімесін осы тарихи дерекпен бастаған мұражай жетекшісі Жәнібек Әбілпейісов мұнда Сырым, Махамбет батырлардың абақтыда жатқанын тілге тиек етті.
Ол сонау сақ дәуірінен Алашордаға дейінгі кезеңге тиесілі құнды жәдігерлерді, бес қаруды таныстырды.
Әсем Серікқызы
Ақжайық ауданы