Қазақта “Кеудесі жақсылардың алтын сандық” - деген сөз бар. Әркім “сандығына” бағалы дүниесін сақтайды ғой. Ал, біз танитын тамаша талант Алмас Елшібековтің “кеуде - сандығында” саз тұнып тұр. Ол синтезаторға отырса, жүрегінің сырын ашады. Алмастың әнінде Жосалының ойы мен қырындай биіктік пен тереңдік, Өлеңтінің ұйығындай иірім бар. Ауылда жүріп тұтас альбомға жүк боларлық ән жазған әнші - композитормен аз-кем сұхбаттасқан едік.
- Қай нәрсенің де бастауы бар. Өнер жолы Сіз үшін қалай басталды?
- Өнер жолы мен үшін бала шақтан басталды деуге болады. Әкем де, шешем де өнерден құр алақан адамдар емес - тін. Әкем Елшібек отырыстарда домбырамен аз-маз ән айтатын, әсіресе халық әндерін, қазақ композиторларының туындыларын шабыттанып шырқайтын. Халық әні "Елім-ай" - ды, "Әдемі қыз" бен "Нұржамал" - ды алғаш әкемнің орындауында естідім. Нағашы атам Дәулетқали айтыскер болған, күнінде Былқылдақ ауылының биі болды деп те айтады ауылдың үлкендері. Анама келер болсақ, көп жылдар бойы Былқылдақ ауылында “Қызыл отаудың” кітапханашысы және клуб меңгерушісі болып қызмет атқарды. Анам халық әні "Айқаркөзді" нақышына келтіріп орындайды. Шешем әлі күнге той - томалақтардың, шағын отырыстардың шырайы. Міне, ән өнері маған әкенің сүйегімен, ананың сүтімен дарыған шығар.
- Топырақ әсер етеді деген бар. Сіздің әнге ғашық болуыңызға Жосалы жазирасы да әсер етті ме екен.
- Әрине, ол ойың өте дұрыс. Шығармашылық адамы әсерленгіш десек, біздің кеудеміздегі күйсандыққа тіл бітірген - Жосалының даласы. Әнші, күйші, ақын, батырдың бір ауылдан шығуы топырақтың тектілігін білдірмейді. Туған жеріме алғысым ретінде биыл өткен шығармашылық кешімді “Қасиетті жерде туғам!” - деп қойдым.
- Ән орындау Сіздің өнердің бір саласы ғана. Композитор болу - әннің тудырушысына айналу?! Композитор болу Сіз үшін несімен қиын?! Ең бірінші шығарған әніңіз?!
- Мен өзімді кәсіби композитормын деп айта алмаспын. Шабыт келсе ыңылдап жүріп, синтезатор басына отыра қаламын. Кей кездері ән төгіліп түседі. Әйтеуір, өзің ғана түсінетін тылсым күш. Әндеріме шолу жүргізіп тұрамын. Үйлеспей тұрған, мәтінімен қабыспай тұрған жерлерін түзеймін. Әбден ой елегімнен өткізіп барып, орындаушы мен халыққа кейін ғана ұсынамын.
Ең алғашқы әнім "Сағыныш" деп аталады. 2003 жылы мектеп қабырғасымен қоштасқаннан кейін “талаптың мініп тұлпарын”, қуып қалаға бардық. Кейін ауылды сағына бастадық. Бұрын соңды үйден ұзамаған баламыз. Оның үстіне анам да “Баламды сағындым!” - деп сәлем айтып жібереді ауыл адамдарынан. Далаға деген, анаға деген сағыныш жүрегімнің алғашқы ноталарын оятты.
- Шығармашылық қоржыныңызды ақтарсаңыз?! Қанша әннің авторысыз? Кімдер орындап жүр?! Кімдермен шығармашылық байланыстасыз?!
- Шығармашылық қоржында 100-ге тарта әннің авторымын.
Алғашқы әннің бірі “Ұлы майдангерлер!” туындысын Ғарифолла Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясының әншісі, концерт жүргізушісі Камалиден Айтбаев орындады. Сөзін Ерік Мұханбеткалиев жазды.
Республикалық "Жас қанат" ән байқауының гран при жүлдегері әнші Дәуренбек Мерғалиев Мұнайдар Балмолда сөзіне жазылған “Ауған әнін” орындайды.
Шыңғырлау ауданының тумасы, әнші - термеші халықтық Сансызбай Сұлтанғалиев жары Рысгүлмен бірге Самат Байболаттың сөзіне жазылған “ Жан жарым" атты әнімді шырқап жүр. Торғайлық ақын Саят Әбенов "Сыйласқанға не жетсін" деген жырына саз жаздым.
Алмагүл Жұма, Армат Жұмагелдиев, Асылай Абуғалиева, баритон әнші Дамир Сатыбаев, Жанболат Мұсағалиев, Асхат Бисенғалиев, Серік Сағидуллиндер менің әндерімнің - шырқаушысы.

Туған жерімнің тұлғалары суретші Мұратбекке, Сырым батырға ән арнадым. “Жасай бер елі Сырымның! әні - ауданымыздың таныстырушысына айналып келеді. Бұл әрине міне автор ретінде қуантады. Біраз әндерімді орындаймын.
- Биыл Сіз үшін жемісті жыл болғанға ұқсайды. Туған ауылыңызда және Жымпитыда жеке ән кешін бердіңіз. Ендігі аялдама қай жақ?!
- Ия, әрине. Биыл - мен үшін өте жемісті жыл болды. Марапат алып, медаль таққан ештеңем жоқ, осы жылы туған ауылыма деген перзенттік сезімімді сахнадан айтуға мүмкіндік туды. Тамыз айында Жосалыма барып кеш бердім, туған жердің жайсаң көрерменімен жүздесіп, олардың ақ батасын алып, ізгі тілектерін естіп шабытыма шабыт қосты, қанатыма қанат бітірді. Ұзамай Жымпиты аспанын біздің ән тербеді. Аудандық мәдениет үйінде өткен “Қасиетті жерде туғам “ шығармашылық кешіме халық жақсы баға беріп жатыр. Өнердегі әріптестерім, сыйлас аға - апа, дос жарандарым қаумалап, мерейімді бір көтеріп тастады
Концертіме бастамашы болған Эльдар Әубәкіров пен атсалысып қолқабыс жасаған Алмаз Жұмагелдиев, Наурызбай Өмірзақов, Арнұр Қажимов, Нұрлыбек Байниязов, Армат Жүсіпқалиев, және барша кіші қызметкерлерге мың алғыс айтам.
Алдағы уақытта Алғабас, Бұлдырты, Жетікөл, Сарой ауылдарына өнерімді таныстырсам деген ой бар. Қаратөбе ауданына да жол түсіп қалуы мүмкін.
- Кәсіби ән өнерінің жұлдыздары деп кімді үлгі тұтасыз?
- Кәсіби ән өнерінің жұлдыздары деген қатарға әлеуметтік желідегі жарқ - жұрқ еткендерді емес, музыкалық сауаты бар жандарды жатқызар едім және үлгі тұтар едім. Мені Роза Бағланова, Әлібек Дінішов, Бибігүл Төлегенова, Ермек Серкебаев, Ескендір Хасанғалиев, Роза Ырымбаева, Мақпал Жүнісова, “ДосМұқасан” ансамблі өнер биігіне шақырады, ал Марат Сарбөпев, Жаскелең Ғайсағалиев, Ерген Айтымбетов, Тарас Жауынбаев, Ерден Жақсыбаев, Дәурен Сейтжанов, Дәуренбек Мерғалиев сияқты табиғи таланттарды мойындаймын.
- Біз де Сізді мойындаймыз, Алмас аға! Тыңдармандарыңызды қуанта беріңіз!
Сұхбаттасқан: Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы