Сырым ауданында ашылған провизорлық бөлім дәрі-дәрмекке, медициналық аппараттарға мұқтаж екендігі жайлы постты оқыған бойда «Сырым елі» қоғамдық-саяси газетінің редакциясына көп адам қоңырау шалды. Қарапайым тұрғындар, ұстаздар, мемлекеттік қызметкерлер, жастар, волонтерлар, кәсіпкерлер бәрі-бәрі хабарласты. Бәрінде бір ой - көмектесу! Бәрі есепшот ашылуын сұрады. Сөйткенше болған жоқ, Нұр - Сұлтан қаласындағы жерлесіміз, белгілі продюсер Алпамыс Шаримов қаражат жинауды мойнына алып, іске кірісті.
Жексенбі күні Алпамыс ауданға келді. Келіп Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиевпен жүздесіп, ахуалды сол кісінің аузынан есітті.
- Сырым ауданына көмекке 2 миллион 196 000 теңге қаражат жиналды. 1 дана оттегі концентраторын сатып алмақпын. Тапсырыс берген аппарат келе жатыр. Қалған қаржыны жергілікті "Сырым" қорына аударуды жөн көрдім (есебі stories-те). Бұл қор қажетті дәрі-дәрмек пен осы індетпен күресуде сіз-біз болып жинаған қаржыны жергілікті жерден жұмсап және есебін беріп отырады. Өзім де бақылауға аламын. Бүгін арнайы Сырым ауданы, Жымпитыға аяқтай келіп аудан әкімімен, бас дәрігерлермен тілдестім. Мән-жайды білдім. Бастысы, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған халқымнан айналдым. Біріксек, кез келген індет пен кесапатты жеңеміз. – деген жазба шығарды Алпамыс Шаримов өзінің желідегі парақшасына.
Рахмет саған, Алпамыс!
Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz