10.09.2025, 16:31
Оқылды: 303

Алпыс жасқа жүгіріп жеткен

Таң бозарып, күн шығар-шықпас болып толғанып тұрған уақыт. Жер отына шық түсіп, салқын тартқан тап-таза ауа тұла бойыңа тылсым күш бітірердей. Жаңа күннің жаршысы болған ауыл қораздарының дауысынан бөлек ешқандай артық дыбыс та жоқ. Дәл осы уақытта Жымпитының қара жолын қақ айырып, екі тізесімен таңғы ауаны келе жатырған адамды сырттай байқаған болсаңыз, осы мақала да сіз көрген Жымпитының желаяғы жөнінде.

WhatsApp Image 2025-09-10 at 17.30.44

Әдетте, ерте оянуды күн тәртібіне енгізген адамдар таңды кофе ішіп, телефоннан жаңалық қараумен бастап жатады. Ал, ұйқыдан тұра саласымен жылдың қай мезгілі болса да, үш шелек мұздай суды үстіне құйып жіберіп, көшеге жүгіріп кетуді елестетіңіз. Бір күн, бәлкім, бір апта осылай қайталаған адамға "ерледің" дерміз. Осы жүйеден таймай 23 жыл бойы күнделікті айналысқан адамға не деуге болады?

Жымпиты ауылының тұрғыны Жұмағұл Молдабеков - ерік-жігердің тұрақтылықпен жүйелі тәртіптің иесі.

Жүгіру – ол үшін жай спорт емес. Бұл – тыныс алуы, өмір салты, ішкі тәртібі. Ауыл тіршілігі әлі қозғала қоймаған шақта Жұмағұл ағамыз жолға шығады. Қысы-жазы, жауын-шашын, боран демей, жүйелі дағдысы бір сәтке де үзіліп көрмеген. 

"Бастапқыда денсаулық үшін бастадым. Кейін бұл – өмірімнің ажырамас бөлігіне айналды. Енді жүгірусіз бір күнімді елестете алмаймын",  – дейді өзі.  

Иә, Жұмағұл аға ауыл жастары үшін ол – тірі үлгі. Ізінен ерген талай буынға тек жүгіруді ғана емес, рухани сана сезімді оятуға да септігі тиген.

Жұмағұл Ерікұлы: "Адам тек спортпен шұғылданбағаннан немесе дұрыс өмір салтын ұстанбағаннан ғана тез қартаймайды. Адамды ерте қартайтатын көңілдегі наз, жандағы қапа, жүректегі суықтық. Ешкімге өкпелемей, өмірдегі ыңғайсыз сәттерді тез ұмытып, үнемі күлімдеп жүру -  нағыз спорт", - дейді, мақала кейіпкері. 

Жұмекең биылғы күздің алғашқы жұлдызында мерейлі 60 жасқа толды. Ел оны өзіне демалыс жариялап, бір күн тынығар деп күтті. Ол, өзінің жеке меншік мерекесі 60 жасына орай 60 шақырымдық марафонды тоқтамастан жүгіріп өтті. (Өтпегенде, Жымпитының желаяғы атана ма?)

Спортшы аудан, облыс көлеміндегі марафондарға да белсене қатысып, қыруар марапатқа бөленген жан. Бүгінде аудандағы "SYRYM RUNNERS" үздік желаяқтар клубының жетекшісі. Ауылдағы көптеген ғимараттардың шырақшысы болып еңбек жолын өткерген.

Ағайдың Гүлнар есімді асыл жары, Жарас, Талғат, Бақнұр есімді ұл-қыздары және Ерали,Нұрали есімді немерелері бар. Атасынан үлгі алған немерелері бүгінде самбо күресінің кілемінде жаттығады.

Жұмағұл ағай алдағы 65 жасқа 65 шақырымдық, 70 жасына 70 шақырымдық марафондық жүгіру жолын көздеп отыр.

Жүйткіңіз, жүйрік аға!

Қоңдыкер Елеуов, 

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале