28.05.2024, 12:45
Оқылды: 138

«Алтын домбыраның» авторы кім?

Казталов ауданындағы Жалпақтал төріндегі түлектердің тартуы – «Домбыра» монументі. Қазақтың киелі домбырасы алтындай жарқырап, алыстан көз тартады. Ең маңыздысына көшсек...

жп сайранбек домбыра (7)

Осыншалық 6 метрлік домбыраны кім жасады деген ой мені де мазалады. Әр туындының артында бір шебердің тұратыны жасырын емес. Әлбетте, киелі домбыраға «жан» бітіріп, күй ойнатқан шебер кім болды екен?!

Әрине, ол - Жалпақталдың перзенті. Туған жерінде бір емес, бірнеше туындыны өмірге әкеліп, еліне қолтаңбасын қалдырған жас. Темірден түйін түйіп, талай туындыны жарыққа шығарған жас шебер -  Сайранбек Қажиақпаров. Ол бұл күнде темірге «тіл» бітірген кәсіби шебер.

жп сайранбек домбыра (4)

Өздеріңіз де суреттен көріп тұрғандарыңыздай ұстаның әр туындысынан халықтың тұpмыстық болмысын, дүниетанымын  әбден көруге болады. Жас шебердің қолы тиген әp бұйым  қазақ халқының ұлттық құндылығы iспеттес. Бабадан қалған қолөнерді ұрпақ санасына сіңіріп, жаңғырту жұмысын келешек ұрпаққа кәсіп ретінде дамытқан Сайранбектің еңбегі қашанда ерен.

2013 жылы қызығушылықпен басталған жұмысы бүгінде жеке шеберханаға айналып, кәсібінің көкжиегін кеңейтіп отыр.  Жас шебер сол жылдары темірден иіп өрнек жасайтын станок жасап алып, тапсырыс қабылдайды.

Ою-өрнектерімен айшықталып тұрған  суреттегінің бәрі Сайранбектің туындылары. Енді біз «Алтын домбыраның»  қалай өмірге келгендігі жөнінде білу үшін жас шеберді әңгіме тарттық.

жп сайранбек домбыра (2)

-Жобаларымның ішіндегі ең үлкені осы – «АЛТЫН ДОМБЫРА». Мені шабыттандырып, менің шеберлігімді  шыңдаған осы қасиетті аспап. Әрине, оңай болмады. Домбыраның өзін  жасап шығаруға 6 ай уақытым кетті.  Оның ішінде күрделі болғаны сұлбасын шығару. Оны шығару үшін арнайы домбыра жасайтын ұстаханадан тапсырыспен шынайы домбыра жасаттым. Барлық өлшемін,  сол домбырамен масштабын үлкейтіп шығардым. Әрине, салмағы жағынан да қиындықтар болды. Қалың темірден жасалғандықтан көшіру, қозғау қиындау болды. Домбыраға 1 тонна 200 келі темір кетті. Айта кетелік, станогымның ең үлкені осы домбыраның оюларын кесті.  ЧПУ плазмалық кесу станогын 2022 жылы Ресейден Толятти қаласынан алып келген болатынмын. Әр жұмысым жұмыстың күрделігіне, жеңіліне байланысты әр түрлі уақытты талап етеді. Бір күнде бітетін жұмыс болады немесе  бір айды, бір жылды талап ететін жобалар болады. Әр істі бастар алдында жасайтын дүниеңді ойша жоспарлап ала­сың. Содан кейін барып нағыз жұмысы басталады. Көздің жауын алып тұ­ратын дүниені жасап шыққан сайын рахат күйге бөленесің. Сол кәсіптің қыр-сырына одан әрі қаныға түскің келеді. Темірден түрлі бұйымдар жасау ептілікті, мықтылықты қажет етіп, уақытты талап етеді. Осыған шыдамың жетсе, ойымыздағы іске асып, керемет туынды шығады, - дейді кейіпкеріміз.

жп сайранбек домбыра (3)

Өзінің айтуынша, бұл өнер нағашы жағынан бойына дарыған. Сайранбектің нағашылары бәрі  өнер саласында бірі күйші, бірі қолөнер, бірі суретші болып, осы салада қызмет еткен  жандар.

жп сайранбек домбыра (5)

Жұлдыз Асқар,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

жп сайранбек домбыра (1)

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале