21.03.2025, 18:00
Оқылды: 47

«Алтын келіннің» есімі белгілі болды

«Қызың жақсы болса бір бақыт, ұлың жақсы болса мың бақыт, келінің жақсы болса, шын бақыт» дейді қазақта. Сондай-ақ ежелден қыз баланы қонақ деу дәстүрі қалыптасқан. Ал өзге елден келген келінді қонақ деп емес, отбасына енген бақ, береке деп түсінген халқымыздың осы бір ғұрпынан-ақ келінге деген үлкен сенім мен ықыластың, құрметтің қандай биік деңгейде екенін байқауға болады. Келін дүниеге ұрпақ әкелуші, демек, ол отбасының ырысы мен өрісі.

image-20-03-25-11-11-7

Бүгін Жәнібек ауданына қарасты Ұзынкөл ауылдық мәдениет үйінде «Қазақтың алтын келіні» аудандық келіндер байқауы өтті. Байқауда 35 жасқа дейінгі, келіндік өтілі 3 жылдан кем емес Тау, Ақоба, Ұзынкөл, Қамысты, Борсы, Талов, Тегісшіл, Жақсыбай ауылдарынан келген 9 келін алты кезең бойынша сынға түсті.

image-20-03-25-11-11
Халқымыздың дәстүрі мен мәдениетін насихаттау, жастар арасында ұлттық құндылықтарды ұлықтау және салт-дәстүрлерді жаңаша, креативті тұрғыда таныстыру, келіндер мен енелер арасындағы байланыс пен өзара түсіністікті арттырып, қазақтың ұлттық өнері мен мәдениетін жаңаша түрде көрсетуге мүмкіндік туғызуды мақсат еткен байқауға арнайы барған аудан әкімнің орынбасары Жаннұр Ахметов алғы сөзін сөйлеп жиналғандарға жылы лебізін білдіріп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

image-20-03-25-11-11-3

Сайыстың алғашқы «Мен қазақтың келінімін» таныстыру кезеңінде келіндер өздерін заманауи бағытта таныстырса, екінші «TikTok-style #Енеменкелін»кезеңінде қатысушы келіндер «келін мен ене» арасындағы қарым-қатынасты заманауи әрі көркем түрде бейнеролик арқылы көрсетулері тиіс болды. Кезекті үшінші кезеңде бойларындағы өнерлерін ортаға салған инабаттыларымыз, төртінші «Қазақ қолөнері vs Блогер стилі» кезеңінде өз қолдарынан шыққан туындыларының жасалу жолдарын таспалап, әлеуметтік желіге жүктеу арқылы көрермен назарына ұсыну қажет болды. Келіндердің салт-дәстүрмен қаншалықты таныс екендіктерін бағамдайтын бесінші кезеңде әр қатысушы алдын ала дайындалған отыз сұрақтың ішінен екі сұрақтан суырып, мүдірмей жауап беруілері тиіс болды.

Шешуші «Салт пен сән» кезеңінде келіндеріміз өз қолдарымен дайындаған 1 ұлттық, 1 замануи сипаттағы киім үлгілерін дайындап әкеліп, көпшілік назарына ұсынды.

image-20-03-25-11-11-1
Алты кезең бойы әулеттері мен ауылдарының атын үздіктер қатарынан көрсетем деп барын салған ибалы тоғыз келін бірінен бірі өтеді. Тартым болған жерде жеңіпаздың болары хақ. Қоғам белсендісі, БҚО әйелдер ісі жөніндегі комиссияның, аудандық аналар кеңесінің мүшесі, ардагер ұстаз Гүлнәр Хайырлиева бастаған әділқазы алқасының бірауыздан қабылдаған шешімімен жүлделі үшінші орынан Жақсыбай ауылының намысын қорғап келген Рима Қаратаева көрінсе, күміс жүлдеге Ақоба ауылының шашбауын көтеріп келген Айсана Асыланқызы лайық деп танылды. Аудандық келіндер байқауының алты кезеңінен мүдірмей өтіп, үздік тоғыздықтың ішінен суырылып шығып, Ұзынкөл ауылының абыройын асқақтатам деп келген, Ахметовтар әулетінің көсегесін көгертіп отырған биязы келін Ақмарал Жұмазова сайыста жеңіске жетіп, ауданымыздың «алтын келіні» атанды.
Жеңімпаздардан бөлек, қатысушылар да түрлі аталымдар бойынша марапатталып, камзол жамылып қайтты. Үздік үштік арнайы диплом, естелік және ақшалай сыйлыққа ие болды.
«Алтын келін» атанған Ақмарал Талғатқызы облыстық келіндер байқауында Жәнібек ауданының намысын қорғайтын болады. Ақмаралға сәттілік тілейміз!

Арай Сейфолла
Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале