4.03.2026, 17:00
Оқылды: 8

Алтын қорда даусы қалған

Қыз Жібек фильмін әр қазақ жақсы біледі. Қайталап көруден де еш жалықпайды. Өйткені ол – қазақ кино өнерінің жауhарына айналған, тазалық пен ұлттық болмыстың көрінісі. Осы тарихи кинода дауысы қалған өнер иесі бізді ауданда, нақтырақ айтсақ, Бөрлі ауылында тұратынын сіз білесіз бе?

Иә, «Қыз  Жібек» көркем филімі халықтың жүрегінен ойып тұрып орын алды. Қалың көреремен экран арқылы сол кинода басты ролдерді сомдаған кейіпкерлерді жақсы таниды. Ал сол фильмде айтылып жатқан әндердің орындаушыларын біле бермейді.

жибек 3 (1)

«Ел көшкенде жайлауға бірер күнде,

Жол үстінде жас жігіт, тілер кімді шіркін-ай?...» -  деп түйе үстінде ән бастайтын жерін есіңізге түсіріңізші?... Міне сол  тамаша дауыстың иесі – Бөрлі ауданының Бөрлі ауылында тұрады. Ол - Нәсіпханым Әжіғалиева. Бөрліліктер оны «Ханым апа» деп атайды. Бізге мереке қарсаңында, дауысы алтын қорда сақталған өнер иесімен жүздесу бұйырды.

жибек1 (1)

Нәсіпханым апа бізді жылы жүзбен қарсы алды. Амандық-саулықтан соң, «Ол фильмге қалай тап болдыңыз?», «Қай кейіпкерді дыбыстадыңыз?» деген сауалымызға апа, сәл жымиып, байыппен жауап берді.

- Сол фильм түсірілген 1970 жылы Алматыдағы Қыздар педагогикалық институтының музыка факультетінде оқыдым. Бізге Жанай деген жігіт келді де: «Қыз-Жібек» деген кино түсірілгелі жатыр екен. Сол фильмде айтылатын әндерді орындайтын, даусы жақсы әнші қыздарды іріктеуден өткізуге танымал компазитор Нұрғиса Тілендиев келгенін айтты. Іріктеуге қатысқан 60 қыздың ішінен, дауысы жақсы 10 қызды таңдап алды. Сол 10 қыздың бірі мен, бірі – ұстазым Мунира Уанбаева еді. Мен Жібектің түйе үстінде келе жатып ән салатын жеңгесінің дауысын, ал Мунира ұстаз Жібектің дауысына лайықтап бекітілдік.

2-3 ай бойы тыным таппай сазгермен бірге жұмыстандық. Күндіз сабақ, түнде ән жаздық.

«Фильмдегі сол ән жолдары есіңізде ме? Орындап бере аласыз ба?» деп қолқа салдық

 Апамыз тамағын бір кенеп алды да:

- Ел көшкенде жайлауға бірере күнде,

Жол үстінде жас жүрек тілер кімді, шіркін-ай?!

Қапы қалма бозбала,

Қапы қалма боз бала

Өп-өтірік қыз жатыр, көзін жұмып-ай!... деп тамылжыта ән салған Нәсіпханым апаның әлі де дауысы сол қалпы дер едік. Жасы 75-ке келсе де жүзінің әрі мен тамаша әні үйлесім тапқан өнер иесінің келбетінен бекзаттылығы көрініп-ақ тұр. Мұндайда қазақ: «Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді» деуші ме еді?

Жастық шағынан сыр шерткен Нәсіпханым Ибрагимқызының оқуға түсуінің де өзіндік тарихы бар.

Ол 1968 жылы әнші болсам деген асқақ арманын арқалап, Алматыға барады. Қыздар педагогикалық институтының музыка факультетіне құжат тапсырып, мерзімі жеткенде қабылдау емтиханына кіреді. Талапкер алдымен емтиханда өнер сынағынан өтеді. Жас талапкер белгілі өнер иелерінен құрылған комиссияның алдында Муслим Магомаевтың «Азербайджан» әнін орыс тілінде нақышына келтіріп орындайды. Алайда сыннан өте алмай қалады. Сол институтта Тоғжан деген Оралдық апай, Нәсіпханым апаны сіңілім деп жақын тартып жүріпті. Сынақтан өтерде ол кісі дәлізде тілекші боп тұрады. Тауы шағылып щыққан бойжеткенді қайта жетектеп емтихан бөлмесіне кіріп: «Сіздер іште тыңдасаңыздар, мен сыртта тұрып тыдап тұрдым. Мұндай тамаша дауыспен емтиханнан өте алмауы мүмкін емес. Шын таланттың жолын кеспеңіздер» деп қайта тыңдауға талап етеді. Сол жерде жас талапкерді қайта тыңдап, «5» деген баға қойып, оқға қабылданыпты.

- Маған әлі күнге дейін жұмбақ. Неге бастапқыда өткізбей, кейін қайта тыңдап қабылдады екен деймін? Сол кездегі мен үшін шыр-пыр болған, талантымды ұштаған Тоғжан апайыма өмір бойы қарыздармын, - деп толғана еске алды апай.

«Тарихи кинода даусыңыз қалды. Сол кезде нағыз талант иесі болып, таңдаулылыр арасында болдыңыз. Неге сол Алматыда қалып, өнер жолын жалғастырмадыңыз?» - дедік сұраулы жүзбен.

- Иә, ұсыныстар да түсті. Кинода Жібектің жеңгесінің әнінен бөлек, қыздармен бірге Төлеген дүниеден өткенде айтылатын «Зар заман», сондай-ақ «Гәкку» әндерін орындадым. Институт қабырғасында танымал тұлғалар Ескендір Хасанғалиев, Бақытжан Байқадамов, Өмірбек Байділдаевтар да сабақ берді. Бірақ жастығым ба, білмеймін, мен ауылға қайтуды таңдадым.

жибек4 (1)

Пойызда өз «Төлегенімді» кездестірдім»

- Бірақ өкінген кездеріңіз болған шығар иә, апай? Сол кезде Алматыда қалғанымда танымал әнші болар ма едім, деген сияқты?- деп қызығушылықпен сұрақ қойдық.

- Жоқ, еш өкінбеймін! Керісінше қуанамын. Мен сол кезде елге қайтпағанда, қазір шалсыз қалар ма едім? - деп әзілдеп күлді.

- Сол біз отырған пойыз вагонында әскерден келе жатқан бір топ жас жігіттер болды. Бәрі де әскери формада. Вагогда әрлі-берлі өтіп жүрді. Ішінде бойы ұзын, келбеті келіскен жігітке бірден менің көзім түсті. Түсті де: «Әй, осы жігіт менің болашақ жарым болса ғой» деп қалдым. Шынымен, маған ұнап қалды (күлді) Сөйтіп танысудың да сәті түсті. Танысып, қыз – жігіттер болып, әндер орындап, лезде елге жетіп келдік. Кейін хат алысып, кездесіп, сосын 1 жылдан соң үйлендік.

«Ата-анасын танысқан күні-ақ, «Папа-Мама» дедім»

- Көп ұзамай ата –анаммен таныстырамын деді. Мен бірден келістім» деп әзілді – қалжыңды әңгімесін жалғастырды апай. Ата-анасы осы Бөрлі ауданының Успен ауылы, оның ішінде Қаракемер деген жерде тұрады екен. Бірден танысқан бойда «Папа, Мама» деп іші бауырларына кіріп кеттім. Мені ұнатып, келін етсін» деген оймен -, деді өзі де күліп, бізді де күлкіге қарық қылып.

Сөйтіп, ата-анасының да көңілінен шыққан жас бойжеткенге қазақы салтпен құда түсіп, той жасап, екі жас бас қосады. Сырттай бөлім жоқ болғандықтан, жұбайы қарт ата-анасының қасында қалып, келіншегіне қалған 2 жылын аоқып аяқтауға мүмкіндік жасайды. Осылайша Нәсіпханым апай, оқуын аяқтап, музыка пәнінің мұғалімі дипломын алып, ауылға келеді.

«Жұбайымның есімі – Қажымұқан, баламыздың аты – Мұңайтпас»

- Ауылға келіп, келіндік қызметіммен бірге 16 жыл сол Успен балабақшасында саз жетекшісі болып, одан кейін саз мектебінде, интернатта меңгеруші болып қызмет жасадым. Сол аралықта балаларымыз да дүниеге келіп жатты. Кейін Бөрлі ауылына қоныс аудардық.

7 қыз, 1 ұлды өмірге әкелген батыр ана, балаларының есімін де айтып өтті.

- Балаларымыз - Дариягүл, Жаниягүл, Лаура, Жапырақ, Жаңылсын, Дамелия, Шаhризада. Осы жетінші қызымыздың атын Жұлдыз деп қоймақшы болғам, босанар алдында жап-жарық жұлдыз көрдім аспаннан. Онымен жолдасым: «Шаhризада қоямын. Сен танысқан кезде Шаhризада деп керемет ән салып едің ғой» деп қоймай қойды (күліп) 7 қыздан соң Жанат есімді ұлымыз дүниеге келген. Онымен пешенесіне жазылған ғұмыры ішімде 9 ай 9 күн болса, өмірде де 9 ай, 9 күн болып, шетінеп кетті. Көп ұзамай тағы да ат ұстар дүниеге келді. Енді бізді мұңайтпасын деген ниетпен есімін Мұңайтпас қойдық. Осылайша біздің отбасымызды күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасұлы секілді, бірақ есімдерінің орындары алмасқан әкелі – балалы тарихи есімдер пайда болды,-деді батыр ана.

«Бар бақытым жарым мен балаларым»

Өмірін өнерден емес, отбасылық бақыттан тапқан Нәсіпханым апа бүгінде Қажымұқан аға екеуі 8 баласынан тараған 23 немере, 8 шөберенің бақытты ата-әжесі. «45 жасымда зейнеткерлікке шықтым да содан бала тәрбиесі, одан кейін немерелерге қарасу деп үйдемін. Осы өміріме ешқашан өкінген емеспін. Қайта мүмкіндік берілсе, тап осы өмір жолымды тағы да бұлжытпай  қайталар едім»,- дейді бақыттан жүзі жайнаған Нәсіпханым апа.

жибек (1)

Ұл-қыздары, немере-шөберелері, ағайын, құда – жекжаттары жиналып жақында 75 жас мерей тойын дүркіретіп тойлапты. Кемелденген бақытты шағының естелік суреттерін мақтанышпен көрсеткен бақытты ана, студент кезінің естеліктері жиналған ескі альбомды да бізбен бірге парақтап отырып: «Мынау міне сол түсірілімге барардағы суреттеріміз. Мынау да сол студент кезім. Бүгін сол шаққа барып келгендей әсерде отырмын. Ел «әлі күнге дейін «Қыз Жібек филімін қайта қараудан жалықпағанындай, мен де еш жалыққан емеспін. Себебі ол менің жастық шағымның жарқын көрінісі мен өшпес естелігі» деп тебіреніспен сөзін аяқтады.

P/S: «Жүрген соң баурайында күнде көріп, таулардың биіктігі байқалмайды» демекші, танымал киноға таңдалып алынып, тарихтың алтын қорында тамаша дауысы қалған осындай тұлғаның біздің ауданда тұратынын көпшілігі білмейтін де болар. Дегенмен бүгін таныстырудың сәті түскен күн болды.

                                                                                                                        Сәнім Меңдібай

Бөрлі ауданы

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале