Дзюдо (жапонша дзю-жұмсақ, до-жол) – спорт түрі, жапондардың ұлттық күрес ойыны. ХIX ғасырдың аяғында Жапонияда джиу-джицу күресі негізінде пайда болған. Олимпиада ойындарына 1964 жылдан бастап енген. Қазақстанда XX ғасырдың 60-шы жылдарынан бері дамып келеді. Дзюдо күресі Жаңақала ауданында да соңғы кезде қарқынды дамып келеді десек шындықтың ауылынан алыс кетпейміз.
Оған себеп, Ернар Ғұбайдуллиннің өз ісіне шынайы ықыласпен кірісуі дер едік. Облыс көлемінде ғана емес республика көлеміндегі турнирлерден де Ернар Аманжолұлы баптайтын дзюдошылар жүлде салып жүр. Жақында ғана Алматы шаһарында өткен республикалық жасөспірім ұлдар мен қыздар арасындағы чемпионатта қос бірдей жерлесіміз жүлдеге ие болды. Атап айтар болсақ, Айару Нұрланқызы 36 кг салмақ дәрежесінде жеңімпаз атанса, 29 кг салмақта Ұлықбек Ізбасар қола медалді қоржынға салды.
- Дзюдо күресінен баптайтын бір топ шәкірттерімді Алматы қаласында өткен жарысқа апарған болатынмын. Нәтиже көңіл қуантарлық деңгейде. Жетістіктің артында төккен тер, тынымсыз еңбек тұр. Алдағы уақытта да аудан намысын қорғап, әлі талай биік белестерді бағындыратынымызға сенімдіміз, - дейді дзюдо күресінің бапкері Е.Аманжолұлы.
Жанайдар Болатбекұлы,
Жаңақала ауданы,
zhaikpress.kz