Айнадай жарқыраған ақ айдынның үстінде ағып бара жатқан Абзал Әжіғалиевті көргенде көзіңе ақ самалды төске алып, қырда құйғытып бара жатқан қазанат елестейді. Конькиі жарқ-жұрқ. Расында да, Абзал - Алаштың алтын тағалы арғымағы ғой! Бүгін Абзал туған жері Сырым ауданына келді. Жерлестері мен жанкүйерлері белгілі шорт-трекшіні ыстық ықылас, зор құрметпен қарсылады.
Кейін Жымпитыдағы дене шынықтыру және спорт кешенінде чемпион мен жастардың тамаша кездесуі өтті. Кездесуде Абзал спорттық мансабы мен жеке өміріне қатысты сауалдарға жауап берді.
- Мен Жосалыда тудым. Бұлан ауылының көшелерінде, Шідертінің жағасында балалығымның ізі бар.
Ананың жылы сөзінен артық мотивация жоқ екен. Соны білемін.
Шетел тілдерін үйреніңдер! Спортшы болсаңдар да, басқа салада қызмет жасасаңдар да тіл меңгерген адамға мүмкіндік мол, - деп ағалық ақылын да айтты сөз арасында.
Шараға Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев арнайы қатысып, спортшының арқасына шапан жапты. Ал Жосалы ауылдық округінен келген ақсақал, ардагерлер кеңесінің төрағасы Төлеген Құмашев туған жердің сәлемін айтып, бата берді. Жосалылықтар "Абзалжанның тақымы бос кетпесін!" деп ақсақалға ат жетектетіп жіберіпті. Жүздесу біткесін, халық қаумалап тұрып, Абзалды тұлпарға қондырды.
12 дүркін ел чемпионатын, кейін Әлем Кубогын, Азиада ойындарының қола жүлдесін ұтып, ақыры Олимпиада ойындарының қатысушысы, қысқы спорт түрлерінен Қазақстан құрамасының капитаны атанғанша Абзал үлкен спортқа 17 жыл өмірін арнапты. Ол қазірдің өзінде тәулігіне 8 - 10 сағатын мұз үстінде өткізеді. Осы жігер, осы еңбек бір күні мойынға Олимпиада алтыны болып тағылатыны анық.
Ұлы Қытай қорғанына көк тумен кіріп барғанының өзі тарих емес пе!?
Абзал Әжіғалиев кездесуден кейін Өлеңті жағасындағы жаңа саябаққа барып, атаулы көшетін отырғызды.
Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz