Бүгінде көпшіліктің көңілінен шығып, тұтынушының талғамынан табылған суши, пицца, чикен секілді фастфуд өнімдері тек қалалықтарға ғана емес, ауыл жұртына да қолжетімді. Аз ғана уақыттың ішінде аспаздық шеберлігімен жерлестерінің көңілінен шыға білген бөкейордалық Алтынбектің бастаған ісі бүгінде тыңғылықты жалғасып келеді. Кәсіп етем, нәпақа табам дегенге мүмкіндіктің молынан екеніне жас кәсіпкер әрі аспаз Алтынбекті үлгі етуге әбден болады.
— Кішкентайымнан асүйде тамақ дайындаудың қамымен жүретін анамның жанынан шықпайтынмын. Қандай тағам пісірсе де қасынан табылып, көмектесуге тырысатынмын. Сол кезден-ақ тамақ пісірудің үлкен өнер екеніне көзім жетті. Есейген соң өзімді тек осы салада көргім келетін. Аспаздық оқуды арнайы бітірмесем де өмір жолымды сүйікті ісіммен тоғыстырғаныма ризамын.
—Көптің көңілінен шыққан суши, пицца жасауды кімнен үйрендің?
—Қалада өзім секілді студент жастармен бірге мейрамханаларда, тамақтану орталықтарында даяшы боп жұмыс жасадым. Келушілердің басым бөлігі пиццаны, суши, ролланы жиі алдыратынын байқадым. Кейін аспаз әріптестерімнің арқасында жұртшылық сүйіп жейтін тағам түрлерін дайындауды үйреніп алдым. Осы саланың ішкі құрылымымен тыңғылықты танысып, қоғамдық тамақтану жүйесінің қыр-сырын игерген соң ғана көп ұзамай туған ауылымда суши-роллы секілді фастфуд өнімдерін өндіруді қолға аламын деп шештім. Осыдан екі жыл бұрын жеке өзімнің қаражатыма кәсіпкерлікке алғаш қадам басып, бүгінде соның жемісін көріп келемін. Сүйікті ісіңді жасау арқылы мықты бизнес құруға болатынына көзім жетті.
— Сонда кәсібіңді қанша теңгемен бастадың?
— Шамамен маңдай теріммен жинаған 500 мыңтеңгеге жуық ақша салып, тәуекелге бас тіктім. "Көз қорқақ, қол батыр" демекші жасаған тағамдарым ауыл жұртынының көңілінен шықты. Кейін "Бизнес бастау" жобасы арқылы бір айлық кәсіпкерлік курсын оқып, 505 мың теңге қаржылай несие және алдым. Бұл қаражатқа донер жасауға арналған аппаратты т. б құралдарды сатып алдым. Алғашқы күннен бастап-ақ клиенттеріме өте жоғары деңгейде қызмет көрсетіп, қолжетімді бағада сапалы тағам ұсынуды мақсат тұттым. Таңнан кешке дейін тізе бүкпестен ыстық пештің жанынан шықпай, тапсырыстарды жасау өте қиын әрі жауапкершілігі зор дер едім. Жерлестерім қолымнан шыққан тағамдарды ұнатып, тапсырысты үзіліссіз бере бастағаны қуантты. Осылайша бір аптаның ішінде алғашқы миллионыма қол жеткіздім. Талмай еңбек еткеннің ғана бағы жанып, табысы еселенетіні анық.
Демек ауылда да бұл істің тетігін тапса айтарлықтай нәтижеге қол жеткізуге болады екен.
—Жалпы, кәсіп бастарда қандай кедергілерге тап болдың?
— Қала мен ауыл арасындағы қашықтық, жолдың нашарлығы басты кедергі десем өтірік емес. Өйткені ауа райы бұзылған кездері азық-түлікті тасымалдау қиынға соғады. Жасаған өнімің сапалы, дәмді болуы құрамына тығыз байланысты. Қаладан тікелей алдырған соң өнімдерімнің бағасын белгілеген межеден асырмауға тырысамын. Әзірге жолдың машақаты көп қиындық туғызуда.
— Аспаздыққа құралған бизнесіңді әлі де кеңейтіп, дамыту ойыңда бар шығар?
— Бұл уақыттың еншісіндегі мәселе болғанымен кәсібімді кеңейту - басты мақсаттарымның бірі. Аудан орталығында суши-пицца т. б елдің көңілінен шыққан өнімдерді жасайтын көпорындық дәмхана ашқым келеді. Жердің мәселесі оңынан шешілгенін күтіп жүрмін. Сондай-ақ Тасқала ауданында да фастфуд өнімдерін дайындайтын кішігірім орталық аштым. Ол жақтағы бар шаруаны өзім сенім артқан досым жүргізіп жүр. Жұмыссыз жастарды еңбекпен қамтып, тәжірибеммен бөліссем деймін. Тек жастардың ас-ауқатқа байланысты жұмысқа бет бұрғысы келмейтінін байқаймын. Ерлерге тән емес деп кәдімгідей намыстанады.
—Ас мәзіріне қарасам сушиге арналған сеттерді "Жезде","Балдыз" деп ерекше атапсың.
—Иә, дәл солай. Тұтынушылардың қызығушылығын арттыру мақсатында маркетингтік тәсілге сүйенгенім ғой. Жезделеріне, балдыздарға дәмді әрі тойымды сый тарту еткісі келгендер атаулы сетті алдыртса болады."Сайқын", "Жеңге" дейтін сеттер бар. Алдағы уақытта әлі де түрлі атаулармен шығарсам деймін.
— Ұлттық тағамдарымыз болашақ дәмханаңның ас мәзірінен табыла ма?
— Әрине. Болашақта өзім ұсынатын ас мәзірін кеңейткім келеді. Ұлттық тағамдарды жаңаша ұсынғым келеді
— Бизнестегі ақылшың кім?
— Өзің секілді іс бастауға ниетті жастарғақандай кеңес айтар едің?
—Тек сүйікті ісін табуды және қандай ма қиындықтарға қарамастан ешқашан артқа шегінбей, жетістікке жетуге талпынуды тоқтатпасын дегім келеді.
— Сұқбат бергеніңе рақмет. Табысың арта бергей!
Сұқбат құрған Арайлым Есмағұл,
Бөкей ордасы ауданы
zhaikpress.kz