Сонымен, Ғұмар Қараш бабамыздың туғанына 150 жыл толуына орай өткізілген дәстүрлі облыстық «Азаттықты аңсаған Ғұмар Қараш» атты байқауы өз мәресіне жетті. Орал қаласы, Тасқала, Жаңақала, Бөкей ордасы, Қаратөбе, Жәнібек аудандары бойынша көркемсөз сайысына оқушылар қатысты.
«Ақын өлеңдерін жатқа оқу» бағамының қорытындысы бойынша 3-орынға Ғ.Қараш атындағы орта метебінің оқушысы Ақжібек Мерболқызы, 2-орынға Жаңақала ауданы, Ә.Жангелдин атындағы орта мектебінің оқушысы Жұлдыз Қарасай, 1-орынға Қаратөбе ауданы Қ.Жұмағалиев атындағы мектеп-гимназияның оқушысы Райымбек Жалғас лайық деп танылып, бас жүлде Жәнібек ауданы Ғ.Қараш атындағы орта мектебінің оқушысы Бек Максимге бұйырды.
Екінші кезеңде «Ғұмар Қарашқа арнап шығарған жыр жолдары» бағамы бойынша бас жүлде Тасқала ауданы мектептен тыс жұмыс орталығының «Әдебиет әлемі» үйірмесінің оқушысы Арнұр Жұмабайға бұйырды, 1-орынды Тасқала ауданы мектептен тыс жұмыс орталығының «Әдебиет әлемі» үйірмесінің оқушысы Жанарыс Шәки еншілесе, 2-орын Бөкей ордасы ауданы М-С.Бабажанов атындағы орта мектебінің оқушысы Аянат Жақсыбекқызына бұйырды, ал 3-орыннан Жаңақала ауданы Жаңақала орта мектебінің оқушысы Дастан Қыден көрінді.
Оларды дайындаған жетекшілері де назардан тыс қалмай, арнайы дипломдармен марапатталды. Әділқазылар алқасының және байқауды ұйымдастырушылардың шешімімен ұпай санының жетпей қалғанына қарамастан, екінші кезеңде Бақберген Ажығұл (Орал қаласы №51 орта мектеп) мен Қайсар Амангелдінің (Орал қаласы Ә.Молдағұлова атындағы №38 мектеп-лицейі) өнерін жоғары бағалап, республикалық кезеңге жолдама берді. Өз кезегінде аудан әкімінің орынбасары Жаннұр Ахметов екі жас ақынға қаржылай демеушілік көрсетіп, мәрттік танытты. Байқауға қатысушылардың барлығына дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Аталмыш байқауға екі мәрте қатысып, бас жүлде мен жүлделі бірінші орынды иемденген жас көркемсөз шеберін үшінші мәрте дайындап әкелген қаратөбелік жетекші Жанна Қабиқызы биылғы байқаудың өте жоғары деңгейде өткенін айтып, ұйымдастырушыларға үлкен ризашылығын жеткізді.
Бану Берікқали,
Жәнібек ауданы