Жақында редакциямызға Аңқаты ауылдық округінің тұрғыны, Аңқаты жалпы орта білім беретін мектебінің әлеуметтік педагогі Құлынбек Ахметовтан хат келді.
Хатта аңқатылық мұғалім «Жан жылуы – жанұяға» қайырымдылық акциясын ұйымдастырып отырғаны жайлы айтып, ауылдасы, әлеуметтік тұрмысы төмен Амира Иксанова есімді жалғызбасты ананың жағдайын суреттеп, аудан тұрғындарын қолдау танытуға шақырған.
«Құрметті ауылдастар!
Көп жылдан бері ауылымызда тұрып жатқан, өмірдің қиын жағдайына тап болған, әлеуметтік тұрмысы төмен Гүлжиян Иксанова мен оның қызы Амира Иксанова, жиені 1- сынып оқушысы Алуа екі қабатты көппәтерлі үйде тұрады. Жыл сайын пештері дұрыс жанбаған соң, қиналып жүр. Пештің түтіні тартпай, кері шығады. Оны тазалауға мүмкіндіктері, отын алуға қаражаттары жоқ. Гүлжиян апай жұмысқа қабілетсіз. Амираның бар тапқаны тамақтарынан ауыспайды. Бұл үйге газ өткізіп беру үшін аудандық мәслихат депутаты Аманғали Бөкенбаевтан көмек сұрадық. Ол кісі қолұшын созуға келісті. Алайда, үйдің құжаты болмағандықтан, газ өткізе алмадық. Сондықтан "Жан жылуы – жанұяға" атты қайырымдылық акциясын ұйымдастырып, ауыл ішінен шағын үй сатып алып беруді жоспарлап отырмыз. Ол үйде де газ болмаса, газын өткізіп береміз.
Теректі ауданының тұрғындарын көмектесуге, қолдауға шақырамыз.
Мұсылман бауырының басындағы ауыртпалықты азайтуды көздеген барша қайырымды жандарға Алла разы болсын!
Қайырымдылық жасау қорының реквизиті:
KASPI GOLD:5169 4971 6450 6929
ИНН:631218300207
KASPI нөмір: 87778594248
Ахметов Кулынбек Утешович» деп жазылған.
Хат қолымызға тиген сәттен бастап, автордың өзімен ұялы телефон арқылы тілдестік.
Әңгімесін хатын ескерусіз қалдырмаған редакция ұжымына алғыс айтудан бастаған Құлынбек Ахметов:
- Мектебімізде 10 жылдан бері әлеуметтік педагог қызметін атқарамын. Осы уақыт аралығында талай тұрмысы төмен отбасыларды демедік. Бұл жолы да 1-сыныпта оқитын Алуаның жағдайын ойлап, акция ұйымдастыруға бел будым. Сіздерге жолдаған хатта айтылғандай, Амира Серікқызы тұратын үй өте салқын. Алуа ауырып, сабақтан қалмасын деп шырылдап жүрген жайымыз бар. Отын алуға Амираның жалақысы жетпейді. Үйіне аудандық мәслихат депутаты, «Бақыт» шаруа қожалығының басшысы Аманғали Бөкенбаевтың қолдауымен газ өткізуді жоспарлап едік. Өкінішке орай, үйдің құжаттары болмады. Содан ауылымыздан басқа үй алып, газ кіргізіп берсек деген ойға тоқтадық, - деп жағдайды баяндады.
Құлынбек Өтешұлымен сөйлескен соң, мәселеге қатысты Аңқаты ауылдық округінің әкімі Айнұр Нұрышеваның ойын білдік.
- Бұл отбасын жақсы танимыз. Мектеп маңындағы көппәтерлі екі қабатты үйде тұрады. Амира Серікқызы Аңқаты жалпы орта білім беретін мектебінде күзетші болып қызмет етеді. Оған қызы Алуа дүниеге келген сәттен бастап қадағалап, көмектесіп келеміз. Үйлері салқын болған соң, ауыл тұрғындары газ кіргізгісі келді. Үйдің құжаты болмағандықтан, ол ойлары жүзеге аспады. Осы уақытқа дейін анасы Гүлжиян Бисенқызының жеке куәлігі болмады. Біз ол кісінің жеке басын куәландыртын құжатын жасап бердік. Құжат дайындау кезінде ауылымыздың медбикесі Фарида Галиеваның көмегі көп болды. Құжатқа қол жеткізгенге дейін жәрдемін аямады. 2016 жылы үйлеріне жөндеу жұмысын жүргіздік. Дүние-мүлік, ыдыс-аяқ, тіпті төсеніштеріне дейін жаңарттық. Жұмыспен қамтамасыз еттік. Азық-түлігін алып беріп, коммуналдық төлемдерін төлеп, қолдап жүргендер бар. Қамқорлық дүкенінен әрдайым киім-кешек алып тұрады. Жерлестерім жалғызбасты анаға көмектесу мақсатында керемет акция ұйымдастырып жатыр. Акцияға тек Аңқаты ауылы ғана емес, ауданымыздың өзге елді мекендерінің тұрғындары да атсалысады деп сенемін, - деді Айнұр Бақытжанқызы.
Аңқатылық Амира Иксанованың өмірі Теректі аудандық білім беру бөлімінің бас маманы Бибінұр Джумагазиеваға да таныс болып шықты. Себебі, ауданымызда қолайсыз отбасы ретінде есепке алынған. Әр балаға жағдай жасау – барлық ата-ананың міндеті. Кішкентай Алуаның құқығын қорғау мақсатында мәселесі Теректі ауданы әкімі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияда қаралып, анасы Амираға ескерту берілген.
- Амира Серікқызының жаман әдеттері жоқ. Күз, қыс мезгілдерінде үйінің салқындығы және өмір сүру дағдысына аса қолайсыздығы қызының қалыптасуына, дамуына, болашағына зардабын тигізе ме деп уайымдаймыз. Сол себепті заңға сәйкес шаралар қабылдамақ та болдық. Дегенмен, әр бала анасының жанында бақытты. Осыны түсінген аңқатылық тұрғындар жерлестерін қолдап, үй алуға қаржы жинағалы жатыр екен. Әрине, игі бастаманы қолдаймыз, - деді Бибінұр Шалекейқызы.
Мақала жазу барысында Амира Иксановамен WhatsApp әлеуметтік желісі арқылы тілдесудің сәті түсті. Ол анасының үйдің құжаттарын жоғалтып алғанын, қызының әкесі мүлдем көмектеспейтінін айтты. Қызынан бас тартпайтынын, толық емес жанұя ретінде үй кезегінде аудан бойынша 379-ыншы болып тұрғанын жеткізді. Сонымен қатар әлеуметтік педагог Құлынбек Өтешұлы жинап жатқан қаражатқа өзі де ақша қосып, жақсы жаңалықтан үміттеніп жүр.
Амираның үйін жылыту үшін жылытқыш пеш (обогреватель) қолдануы аңқатылықтарды алаңдатып жүр. Аңдаусызда тілсіз жаудың зардабы тимесе екен деп тілеп жүрген бір адам.
Ауылдастарының Амираның отбасы десе, ішкен астарын жерге қоятынын көріп, риза болдық. Әр қазақстандық тұрғын біріне-бірі осылай қолғабыс етсе, жас ұрпақтың келешегі үшін қолдан келгенін аянбаса, жағдай мүлдем басқаша болар еді. «Елде болса, ерініңе тиеді» деген. Қиналғанға қолында барын ұсынған дархан халықтың даладай кең пейіліне, көрегенділігіне, мейірімділігіне ерекше сүйсіндік.
Қылышын сүйретіп қыс келген шақта 1-сыныпта оқитын бүлдіршін қиналмасыншы деп әбігерге түсіп, аудан тұрғындарына үндеу жолдаған Құлынбек Ахметовтың ісі де азаматтық.
Бұл өмірде кез келген адам тағы бір мүмкіндік алуға құқылы. Аңқатылық жерлестеріміз Амираның жанұясына жаңа қоныс табыс ету арқылы оларға мүмкіндік сыйлағысы келеді. Жанға жайлы жаңа үйде жаңа өмір бастап, қызының елін сүйер, елі сүйер азаматша болып өсуіне себепші болсақ деген ниетпен күн кешуде.
Қасиетті Құран Кәрімде 200 жерде Алла жолында садақа беру, мал сарп ету жайында баяндалады. Яғни, Алла берген нығметті Алла жолында жұмсау сауапты амал екені айтылады.
«Әнғам» сүресінің 160-аятында «Бір жақсылық істеген адам он есе сауапқа ие болады» делінсе, «Сәбә» сүресінің 39-аятында «Алла жолында берген нәпақаларыңның есесін Алла толтырады» деп анық айтылған.
Олай болса, қайырымдылық айлығында сауапты істен құр қалмайық, ағайын!
Аягөз Айтқалиева,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz