Жәнібек ауданына қарасты Күйгенкөл ауылдық округінде мобильді қоғамдық қабылдау өтті.
«AMANAT» партиясы облыстық филиалының атқарушы хатшысы Азамат Сафималиев, облыстық филиалдың қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі Гаухар Шайхиниязова, аудан әкімі Тимур Шиниязов, облыстық мәслихат депутаты Есқайыр Елемесов, аудандық мәслихат төрағасы Тахир Қадимов, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Біржан Қуанәлиев пен Күйгенкөл, Ұзынкөл ауылдық округтерінен сайланған аудандық мәслихаттың депутаты Мөлдір Әбдірешева тұрғындарды қабылдады.
Қоғамдық қабылдауда Гүлнар Оразова, Айсұлу Нұртаева, Нұрлыбек Меңдібаев, Оразғаным Мақсотова, Ұлдай Ғұмаровалар көкейде жүрген сұрақтарын қойды.
Қазіргі таңда тұрғындарды ауыз су мәселесі толғандыруда. Сонымен қатар бірі ауыл ішіндегі екі көшеге асфальт төсеп беруді сұраса, енді бірі қайтарымсыз грант тағайындайтын аудандық комиссияның отырысы әділ өткен жоқ деген уәжін жеткізді.
Қоғамдық қабылдаудан соң облыстан келген «аманаттықтар» ауыл жанында орналасқан су айдайтын мұнараға бет алып, партиялық бақылау жүргізді.
Аталмыш ауылдың әкімі Саят Тарғынов пен аудандық мәслихат депутаты Мөлдір Сайфоллақызы мән-жайды айтып берді.
Олардың айтуынша, 2007 жылы «Таза су» бағдарламасы бойынша пайдалануға берілген ауыз су құбыры қазіргі таңда күрделі жөндеуді қажет етеді. Үлкен мұнара жер-жерден тесілген. Қысым жоқ. Агрегаттары ескіріп, істен шыға беретін көрінеді.
- Құбыр ауылдық округ әкімі аппаратының меншігінде тұр. 2007 жылдан бері сенімгерлік басқару арқылы жеке кәсіпкерге берілген. Тұрғындардан суды пайдаланғаны үшін ай сайын жиналатын қаржы жұмыс істеп отырған жұмысшыға еңбек ақысын төлеу түгілі, пайдаланылатын электр қуатын төлеуге жетпейді. Қазіргі таңда берешек қарызы бар, электр қуатының ақшасын төлемегендіктен, «айырамыз» деген ескерту келді. Жеке кәсіпкер банкротта. «Әрмен қарай жұмыс істей алмаймын» дейді. Аталмыш мәселенің бірден-бір шешімі – ауыз су мұнарасын аудан әкімдігіне қарасты «Жолаушы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының меншігіне аудару. Бірақ бұл тез арада жасалу керек, себебі уақыт күтетін жағдайда емес, - деді халық қалаулысы.
Барлық мәселені өз көздерімен көрген «аманаттықтар» тез арада мәселенің шешімін табуға тырысатындықтарын жеткізді.
Гүлзара Мәди,
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz