Биыл алғаш рет өткізілгелі отырған аудан әкімдері сайлауына Бөкей ордасы ауданынан үш үміткер түсіп жатыр.
Кандитаттардың бірі Нұрлыбек Даумове бекітілген желілік кестеге сай үгіт-насихат жұмысы жалғасуда. Ауданға қарасты ауылы бар, елді мекені, жалпы саны 16 ауылда кездесу ұйымдастырылды. Күні кеше әжендік ағайынмен кездесіп келген үміткердің жұртпен жүздесуі бүгінде аудан орталығында жалғасуда. Одан қала берді Найла Нарболова, Нұргүл Қадырғалиева, Айнұр Абдрешева, Екатерина Мөкешева сияқты сенімді өкілдері дүкен, аурухана сияқты көпшілік жиналатын қоғамдық орындарға, ұжымдарға барып, кандидаттың сайлауалды бағдарламаларымен таныстырып, 5 қарашада болатын сайлауға барып, өз таңдауларын жасауға шақырды.
Кандидатпен кездескен ауыл тұрғындары үміткердің бағдарламасын тыңдап қана қоймай, аудандағы күрмеуі қиын мәселелерді кандидат назарына ұсынды. Мәселенки, Рысқаным Салимова: - Бастаған іс аяқталса екен. Ниет жақсы, бастама бар, бірақ нәтижесі жоқ. Ауылішілік көшелер, жаяу жүргінші жолдарын асфальттау қолға алынды. Бәрекелді дестік. Бірақ тиянақтылық жоқ. Ауыл тазалығы да, ауыл ішін еркін кезген мал бағымы да сол. Күні кеше селдетіп, жаңбыр жауып, борасын болғанда бағымсыз малдың бір емес, бірнешеуі пойызға басылды. Осы мәселелердің шешілер уақыты болды ғой, –деді кандидатпен кездесуінде.
Тағы бір сайқындық Әсел Иманғалиева:
– Сайлауға түсіп, бақ сынап жатырсыз. Өз басым бұл сайлауды сіздің өткен төрт жылда жинаған абыройыңыз, атқарған жұмысыңыздың бағасы деп білемін. Әрі бұл сайлау сізге жауапкершілік жүктейді. Бұрын тағайындалған болсаңыз, ендігі жерде аудан әкімі халықтың таңдауы, елдің ұйғарымымен сайланады деп отыр. Осы сайлауда атыңыз озып, ел сеніміне ие боп жатсаңыз, талап та күшейеді. Есептік кездесулерде «Осы мәселе шешілер» деп дауысымды беріп едім, атқарған жұмысыңыз кәне?» деп талап ете аламын ғой, – деп сайлау маңызын түсінгенін көрсетіп, сәттілік тіледі.
Аудан әкімі сайлауына кандидаттың бірі Нарынбек Кереш те үгіт-насихат жұмысын белсенді жүргізуде.
- Мен қасиетті Нарын жерінде туып-өстім. Туған өлкемнің тарихын да, халқының басынан өткен қиын-қыстау кезеңдерінде жақсы білемін. Бүгінгі жаңа жаңарған кезеңге қадам бастық, алайда алған асулар мен көрген қиыншылықтар ұмыт болмайды. Қазір де атқарылар істер одан да көп. Дамыған елмен бірге ауданның да әлеуметтік-экономикалық ахуалы жақсарып келеді. Бұл бір жағынан қуаныш болуға тиіс нәрсе болғанымен, тоқмейілсуге әсте болмайды. Туған еліміздің бүгіні мен болашағы үшін қызмет ету әрбіріміздің парызымыз. Отанымыздың, туған өлкенің әл-ауқатын арттыру үшін біздің әрқайсымыз оған өз үлесімізді қосып, жемісті жұмыс атқарумыз керек. Соның ішінде, аудан әкімі болып қызмет ету жауапкершілікті екі еселейтіні сөзсіз. Өлкеміздің қай жерінде де тұрғындар өздерін толғандырып жүрген ірілі-ұсақты барлық мәселелерін алдымен өздері сайлаған әкімге айтып жатады. Өйткені, әкім – халық сенімін иемденген тұлға, аманат жүгін арқалаған азамат. Бұл тәжірибені 2021 жылы ауылдық округ әкімі болып сайланғандықтан көз жеткізіп, көріп отырмын десе де болады. Осы орайда, тұтастай аудан тұрғындарының тілектері мен мүдделерін бірлесе шешу, еліме шынашақтай болса да үлес қосу, қоғамдық істердің ортасынан табылу мақсатында аудан әкімі ретінде сайлауға түсуге бел байладым. Алдағы мақсат жеңіске жетер болсам ел мүддесі үшін ерінбей еңбек етіп, сайлаушыларымның сенімін ақтауға бар күш жігерімді жұмсаймын, – деген Нарынбек Сегізбайұлы сайлауалды бағдарламасында бүгінгі қоғамның көкейтесті мәселелерін кеңінен қамтыған екен.
– Әкім атанған жағдайда аудан тұрғындарына мемлекеттік бағдарламаларын қолжетімді жасауға, ауылдардағы жайылым мәселелерін шешуге, жол мәселесін шешу, жөнделіп жатырған жолдардың жөндеу жұмыстарын сапалы болуын қамтамасыз етуге басты назар аударамын, – дейді.
Үшінші кандидат Мейрамбек Ғилманов та үгіт-насихат жұмыстарына білек сыбанып кіріскен. Қазанның онынан бері үш ауылдық округті аралап, сайлаушылармен кездесу өткізді. Ауылдардағы мекеме ұжымдары, шаруа қожалық жетекшілерімен кездесіп, өзінің сайлауалды бағдарламасымен таныстырды. «Есіктен есікке» акциясы шеңберінде үміткердің өзі ауыл үлкендерінің үйлерінде болып, жоспар-мақсаттарымен бөлісті. Аудан орталығы мен округтерде билбордтары орнатылды. Аудан бойынша бекітілген 22 ақпараттық тақтаға бағдарламалары ілініп, қолдаушылары ауыл көшелерінде тұрғындар көп шоғырланатын жерлерде 300 данадан астам ақпараттық бағдарлама таратты. Облыстық «Aqjaiyq» телеарнасына да шығып, көгілдір экран арқылы да үгіт жүргізді.
Кандидат Ғилманов сайлауалды бағдарламасында халық арасындағы жұмыссыздық деңгейін төмендетіп, жаңа жұмыс орындарын ашуға басымдылық беруді, тұрмысы төмен отбасылардың жай-күйін үнемі назарда ұстап, әлеуметтік қолдау арқылы әл-ауқатын арттыруға жәрдемдесуді, шағын және орта бизнеске қолдау көрсетуді мақсат тұтатынын айтып отыр.
Ұлпан Жакина,
Бөкей ордасы ауданы
zhaikpress.kz