29.09.2020, 11:26
Оқылды: 555

Амангелділік кәсіпкер тауық өсіріп, күніне елу жұмыртқа алып отыр

Тасқала ауданы Амангелді ауылдық округінің әкімі Саягүл Ғалиева көпбалалы отбасының шаңырағына ертіп барды. Ауласының арғы жағына қарай өткенімізде кәсіпкер Саягүл Қабдешова бізді қарсы алып, құс шаруашылығы жөнінде әңгіменің тиегін ағытты.

7734CCC5-D0F4-4CDC-BFCE-A6D12D96D009

«Өткен жылдың күзінде аудан орталығына барып, қайтарымсыз грантқа қатыстым. Сол кезде бір ай «Атамекен» кәсіпкерлікті қолдау палатасынан оқып, сертификатымызды алдық. Одан соң «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту орталығы арқылы жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыру мақсатында берілетін мемлекеттік грантқа үміткер ретінде қатысып, көпбалалы ана ретінде басымдық беріліп, грант иелендім. Содан мамыр айында қаражатымызды алып, ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінде 150 тауықты сатып алдық. Аталмыш жәрмеңкеде бір тауық екі мың бес жүзден сатылды. Тауықтарды үйге әкелгеннен кейін үйреніскенше бір ай уақыт кетті. Одан кейін ептеп жұмыртқа бере бастады. Қазіргі кезде орта есеппен алғанда күніне елу жұмыртқа алып отырмыз. Үйдің жұмыртқаларын ауылымыздағы дүкендерге өткіземін. Оның үстіне ауылдастарым да сатып алып жатады. Қазір ол жағынан бәрі жақсы. Күніне 5-6 мезгіл суын беріп, екі мезгіл жемін шашып тұрамыз (суретте). Оған үйдегі балаларым да көмектеседі. Олар да тауықты қалай бағу керектігін жақсылап үйреніп алды. Сатып әкелгенде төрт айлық болатын. Сол кезде дәрумендер беріп жүрдік. Болашақта жолдасым Тоқтар екеуміз ауылдың маңынан бөлек жер алып, тауық санын көбейткіміз келеді. Ол үшін несие алып, шаруамызды кеңейтсек деген ниетіміз бар. Үлкен қызымыз жоғары оқу орнын бітіріп, қазіргі таңда Орал қаласында ұстаздық қызмет атқарады. Одан кейінгісі Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде білім алып жатыр. Үшіншісі ер бала. Қазіргі таңда жоғарыда айтқан шаруашылықтардың бәріне сол көмектеседі. Негізінен, аудан орталығындағы «Сәулет» мектеплицейінің оқушысы. Бүгінде онлайн режимде болғандықтан, үйден оқып жатыр. Одан кейін бірінші сыныпта оқитын қызымыз бен төрт жасар ұлымыз бар. Яғни, көпбалалы отбасы санатына жатамыз. Кезінде бюджет саласында қызмет жасадым. Қазір үй шаруасындағы әйел болғаннан кейін, уақытымды бекерге кетірмейін деген оймен құс шаруашылығымен айналысудамын. Бір жағынан, балаларымның қасында болсам, бір жағынан шаруашылықты жүргізіп отырмын», – дейді көпбалалы ана.

Темірболат Тоқмамбетов,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале