31.10.2022, 11:15
Оқылды: 97

Аманкелдінің ақ таңын қараобалықтар қалай ұмытсын?!

Осыдан бір айдан астам уақыт бұрын Казталов ауданындағы Қараоба ауылдық округіне барып, депортацияға ұшыраған Кәрім Қарағойшин, Насиболла Ғұбашев, Набидолла Мәжитов, Қадыржан Ғазизов, Темірболат Абдығалиев сынды ақсақалдармен тілдескен болатынбыз. Сол кезде олар туып-өскен ауыл-аймағын еске алып, бір марқайып қалып еді. Өткенді жаңғыртып, өшкенді тірілту мақсатында әлі талай шаруа атқарылуы керек екенін де тілге тиек еткен-тін. Жүзеге асуы тиіс жоба-жоспарлар Қараобада 22-23 қазан күндері жалғасты.

9

Аллея ашылды

Ең әуелі, «Тарихқа тағзым» аллеясы ашылды. Аллея ауылдық мәдениет үйінің ауласында орналасқан екен. Субұрқақ, шамдар орнатылып, өрнектастар төселген. Жалпы аллеяны абаттандыру жұмысы сапалы жүргізілген. Кеңестік кезеңде Жаңақала ауданындағы 12-ауылдан Қараобаға көшіп келгендердің есімі жазылған ескерткіш-тақта қою жоспарда бар.

– 1952 жылы осы жерге 120-ға жуық түтін көшірілген. Содан бері 70 жыл уақыт өтіп кетіпті. Соған орай тарихи-мәдени іс-шараларды ұйымдастыруда жұмыла жұмыс істегендерге һәм алыс-жақыннан келген меймандарға мың алғыс! Осы бағыттағы жұмыстар сәуір айында бастау алды. Жаңақала ауданында №3 жалпы орта білім беретін мектептің директоры Әлихан Досмұхамбетов жергілікті өлкетанушылармен бірге конференция ұйымдастырды. Соның аясында 12-ауылға белгі тақта орнатылды. Мектептерде тәрбие сағаттары өткізіліп, бейнебаяндар жасалды. Сурет және эссе байқаулары өтті, – деді Қараоба ауылдық округінің әкімі Жалғас Сүндетов.

10

Еңбек ардагері, Жаңақала ауданындағы Жаңақазан  ауылының тумасы Рамазан Бірімжарұлы мен сонау жылдары туған жерінен көшірілген Кәрім Қарағойшин аллеяның лентасын қиса, іс-шараның басқа да қатысушылары тал отырғызды. Бұл салтанатты іс-шара «Сағындырған сағым құм» тарихи-тағылымдық конференцияға ұласты.

Құқықтық баға берілуі тиіс

Конференцияны Қараобадағы Ғұмар Қараш атындағы мектеп-гимназияның директоры Руслан Жұмағұлов жүргізді. Ең әуелі, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Бақтылы Боранбаева сөз алып, «Қазақ депортациясы» тақырыбында ой қозғады.

– Бұрын тарих жайлы сыр шертілетін іс-шаралар көп өтпейтін еді. Бәрі де – тәуелсіздіктің арқасы. Әңгімемізді әріден бастайық. «Капустан Яр» ядролық сынақ полигонын ашу туралы бұйрыққа Сталин 1951 жылдың наурыз айында қол қойған. Қаулы шығарылып, Бөкей ордасы ауданындағы 175, Жаңақала ауданындағы 125 ұжымшар таратылған. Жалпы полигондар картада құпия шифрлармен ғана белгіленген. Оны әскери адамдардың өздері ғана түсінеді. Бөкей ордасы ауданының тұрғындары Батыс Қазақстанның 5 ауданына көшірілген. 774 тұрғын 1952 жылы 11 шілдеде Оңтүстік Қазақстанға жөнелтілген. Оның арасында жаңақалалықтар да бар. Қанша адамның депортацияланғаны жөнінде түрлі пікір айтылады. Бұл әлі анықтауды, нақтылауды қажет етеді. Мамыр айында «Капустин Яр: әскери полигоны: қазақ депортациясы» атауымен кітабым жарыққа шықты. Бұл кітап сол кезеңдегі саясаттың қатыгездігін тағы бір мәрте әшкерелейді. Қазақ үшін жазаның ең үлкені – елден көшіріп жіберу. Менің әкем де депортацияға ұшыраған. Ол 2006 жылы дүниеден өтті. Бір күні мен оның қобдишасын ақтарып отырып, қалың көк дәптер тауып алдым. Дәптерде әкемнің жездесі Қадеш Иманғалиевтің өлеңдері бар екен. «Ордадан көшкенде жазғаным» деген 50 шумақ өлеңді оқып, әкемнің жанайқайын түсінгендей болдым. Содан кейін облыстық мемлекеттік архивке барып, бұл көштің әлеуметтік-психологиялық зардабын зерттеуге кірістім, – деді Бақтылы Сансызбайқызы.

Конференция барысында «Құрмет» орденінің иегері, Казталов және Жәнібек аудандарының құрметті азаматы Нәсіпқали Иманғалиұлы «Адамзаттың арманы үшін құрбандыққа шалынып, көшірілген ел», өлкетанушы Тыныштық Өтешқалиев «Жаңақала – жерұйық, атамекен» тақырыбында баяндама оқыды. Олар депортацияның қалай жүзеге асқаны жөнінде әңгімеледі.

– Жергілікті тұрғындарға радиацияның денсаулыққа зиян екені айтылмаған. Тұрғындар ракетаның сынған бөліктеріне мал байлаған, тұрмысқа қажетті заттар жасаған. Қараоба ауылының тұрғыны Қимеден Аманғалиевтің үйінде ракета сынығынан жасалған поднос сақталған. Жалпы полигонда 29 мәрте сынақ жүргізілген, – деді «Қырғи қабақ соғыстың құрбандары» тақырыбындағы баяндама оқыған тарихшы, өлкетанушы Рысты Қайсағалиева. Рысты Жүнісқызы шағын жинақ құрастырыпты. Жинақта депортацияланғандар жайлы мәлімет және олардың ой-пікірлері, естеліктері, көшірілгендерін растайтын құжаттары берілген.

Жаңақаладан арнайы келген Әлихан Декартұлы осы оқиғаға құқықтық баға беру керек екенін жеткізді. Конференция отырысы түйінделіп, арнайы қарар қабылданды.

– Ата-бабаларының бастан кешкенін кейінгі ұрпақ біліп өсуі қажет. Сол бағытта осындай іс-шаралар ұйымдастырылуда. 70 жыл бұрын туған жерінен полигонның кесірінен көшірілгендердің ұрпағына құрмет көрсетуге тиіспіз. Конференцияда біраз мәселе егжей-тегжейлі талқыланды. Өткен өмір – біз үшін үлгі-өнеге, тәлім-тәрбие. Тарихи-мәдени іс-шаралар көптеп ұйымдастырылып, қарияларымыз жастарға жиі ақыл-кеңесін айтып отырса, нұр үстіне нұр болар еді, - деген Казталов ауданының әкімі Рүстем Зұлқашев Қараоба ауылының бір топ азаматына алғысхат табыстады. Ал Жалғас Мақсотұлы сол бір қиын кезеңде өмір сүрген ақсақалдарға сый-құрмет көрсетті.

11

Іс-шара соңында С.Садықов атындағы аудандық мәдени-демалыс орталығының жас әртістері «Сағындырған сағым құм» атты қойылымды сахналады.

Ата-баба рухына Құран бағышталды

Қазанның 23-і күні тарихи-мәдени іс-шаралар шеңберінде ұйымдастырылған дала қызықтарының ашылу салтанаты өтті. Аудан әкімінің орынбасары Ғаділбек Әлібекұлы мен Жалғас Сүндетов сөз алып, іс-шаралардың ұйымдастырылуына, зерттеу жұмыстарына көмектесіп, белсенділік танытқан жандарға алғысхат табыстады. Содан кейін ата-бабаларға Құран бағышталып, шелпек таратылды. Әр жерден түтін будақтап, қазанда ет пісіп жатты.

12

Аламан бәйгеде 1-орынды Кенжебек Қуанғалиев (Бостандық ауылы, 500 мың теңге) иеленді. 2-орын Асланбек Бегалиевке (Жақсыбай ауылы, 300 мың теңге) бұйырды. 3-орынды Жақсылық Тілепәлиев (Жақсыбай ауылы, 200 мың теңге) місе тұтты. Қазақ күресінен 70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Жанайдар Меңдешев (Көктерек ауылы, 50 мың теңге) жеңіске жетті. Бекнұр Сағынғали (Қараоба ауылы, 30 мың теңге) 2-орынға табан тіреді. Бекжан Ғалымжан (Орал қаласы, 20 мың теңге) 3-орынға қол жеткізді. 70 келіден жоғары салмақ дәрежесі бойынша Бегайдар Меңдешев (Көктерек ауылы, 50 мың теңге) жеңімпаз атанды. Асылхан Өтепов (Бостандық ауылы, 30 мың теңге) 2-орынға тұрақтады. 3-орынды Хамит Ралитов (Көктерек ауылы) еншіледі. Бекнұр Сағынғали (Қараоба ауылы) қойды 79 рет көтеріп, өзі көтерген қойды ұтып алды. Арқан тартыстан қараобалықтар алдына жан салмады. Оларға 50 мың теңге берілді.

Қалаға қайтарға таман Ғұмар Қараш атындағы мектеп-гимназиясына бас сұқтық. Аталмыш мектептің директоры Руслан Жұмағұловтың айтуынша, бұл мектеп 1996 жылы ауылдық жерде бой көтерген Қазақстан бойынша алғашқы гимназияның бірі. Мектепте 2015 жылы тарихи-өлкетану музейі ашылған. Онда ауылдың шығу тарихы, ауыл еңбеккерлері, спортшылары жайлы біраз мағлұмат және ақын Ғұмар Қарашқа арналған бұрыштар бар. Қараобадан түлеп ұшқан танымал тұлғалар туралы мәліметтерді де осы музейден таба аласыз.

Марлен Ғилымхан,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале