29.01.2026, 11:15
Оқылды: 65

Әмбебап жан — Гүлжиян Ғарифоллақызының өнегелі өмірі

Казталов ауылында таңғы уақытта қолына шаңғы таяқшасын ұстап, сергек қадаммен жүріп бара жатқан апайды көпшілік күнде көреді. Алғаш көрген жанға бұл ерекше көрінуі мүмкін. Себебі аяғында шаңғы жоқ, тек таяқшаларымен жүріп келеді. Бұл — соңғы жылдары кеңінен таралып келе жатқан дене шынықтырудың бір түрі, яғни «Скандинавиялық жүріс» («Скандинавская ходьба») деп аталады.

image-29-01-26-08-08

Осы бір пайдалы спортты өмірінің бір бөлшегіне айналдырған ауыл тұрғыны, еңбек ардагері — Гүлжиян Исмағұлова. Гүлжиян Ғарифоллақызы ұзақ жылдар бойы білім саласында қызмет етіп, талай шәкірт тәрбиелеген ұлағатты ұстаз. Бүгінде зейнет жасына жетсе де, қарап отырған жан емес. Қандай да бір қоғамдық жұмыстардың басынан табылып, ауыл өміріне белсене араласып келеді.

Бүгін кейіпкерімізбен кездесіп, әңгімелесудің сәті түсті. Әңгіме барысында Гүлжиян апай бұл спорт түрінің пайдасы жайлы кеңінен тоқталды.

— Бұл жүріс түрі Финляндия елінен тараған. Арнайы таяқшалармен серуендеп жүру адамның денсаулығына өте пайдалы. Ол жүрек-қан тамырлары жүйесін жақсартады, қан айналымын реттейді, күйзелісті азайтады, қимыл-қозғалысты арттырады, тіпті ми қызметінің жақсаруына да оң әсерін тигізеді. Күн сайын кем дегенде 20 минут айналысқанның өзі жеткілікті, - дейді ол.

Гүлжиян апай бұл спорт түрімен алғаш рет былтыр «Ақжайық» шипажайында демалып жүрген кезінде танысқан. Сол жерде қызығушылығы оянып, кейіннен арнайы таяқшаларын алып, тұрақты түрде айналыса бастаған.

— Бұрын ауданда Тауфих Мұқанов ағамыздың осылай жүргенін көретінмін. Ал өзім 2019 жылдан бері кәсіби түрде айналысып жүрмін. Қазір ауылымызда бұл спортпен шұғылданатындар қатары артып келеді. Еңбек ардагерлері де, жастар да қосылып жатыр. Бұл өте қуанышты жағдай, - дейді кейіпкеріміз.

Шынында да, бүгінде ауыл көшелерінде скандинавиялық жүріспен айналысып жүрген тұрғындарды жиі кездестіреміз. Көп жағдайда жасы үлкен кісілердің «аяғым ауырады», «басым айналады» деген шағымдары жиі естілетіні рас. Ал осындай пайдалы қозғалыспен айналысқан адамның көптеген сырқаттан арыла бастайтыны анық.

Гүлжиян Ғарифоллақызы — тек спортты серік еткен жан ғана емес, көп қырлы, өнерлі адам. Ол қолөнермен де тұрақты түрде айналысады.

— Мен тоқуды қыз күнімнен білемін. Бұл өнерді марқұм анам үйреткен еді. Жұмыс барысында уақыт тапшы болды. Ал зейнетке шыққан соң қайта қолға алдым. Қазір тапсырыстар да түсіп тұрады. Тоқу — үлкен жауапкершілік пен шыдамдылықты талап етеді. Сонымен қатар бос уақытты тиімді пайдаланып, табыс табуға да болады, — дейді апай.

Гүлжиян апайдың қолынан шыққан тоқыма бұйымдары талай мәрте аудандық және облыстық көрмелерге қойылып, жоғары бағасын алып жүр.

Көпшілік біле бермейтін тағы бір қыры - оның фотография өнеріне деген қызығушылығы. Ол туған өлкенің табиғатын, адамдарын, көрнекті орындарын ұзақ жылдар бойы фотоаппарат объективіне түсіріп келеді.

— Мен жаяу серуендегенді, саяхаттағанды жақсы көремін. Сол кездерде табиғаттың әсем сәттерін суретке түсіру әдетке айналды. Алғашында цифрлық фотоаппарат қолдандым, қазір смартфонмен де жақсы кадрлар түсіруге болады. Маған әсіресе табиғат көріністерін бейнелеу қатты ұнайды, - дейді әуесқой фотограф.

Осылайша, бір бойына бірнеше өнерді тоғыстырған Гүлжиян Ғарифоллақызы - ауыл жастарына да, үлкендерге де үлгі боларлық жан. Оның спортқа деген құштарлығы, қолөнерге деген сүйіспеншілігі, туған жер табиғатын дәріптеуі - бәрі де өмірді мәнді өткізуге болатынын көрсетеді.

Осындай белсенді, еңбексүйгіш жандар көп болса, ауылымыздың да, қоғамымыздың да еңсесі биік болары сөзсіз. Гүлжиян Ғарифоллақызының өнегелі өмір жолы баршаға үлгі болсын!

 

Мейірім Парасат,

Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале