30.11.2021, 12:20
Оқылды: 123

Ана қарғысы

Сахила әжемен біраз жылдан бері көршіміз. Келін-баласы, немерелері бар. Қанша дегенмен бұрынғының адамы ғой, кіріп-шығып, аралас-құралас отырғанды жақсы көреді.  Оқымаған демесең, өмірден түйгені мол, көкірек көзі ояу.

30

Галошын сүйретіп, бізге жиі келіп тұрады. Мен де қолым қалт еткенде жүгіріп бара қоямын.

- Айналайын, осы сенің қазақылығыңды жақсы көремін. Айналада қанша көршіміз бар, үлкен кісіге сәлемдесіп, саулығын білейінші деп бірде біреуі басын сұғып, кіріп шықпайды ғой. Көшеде көре қалса да ернін жыбырлатып, амандасу ишарасын жасайды да асығыс өте шығады. Амандық-саулық сұрасу адам мен адамды жақындастырып, қауымдасып өмір сүруге себепкер болады.

Әженің іші толып қалыпты, бір барғанымда осылай ақтарыла сөйлеп, қоғамға өкпе-назын білдіріп жатты.

Жасы 83-ке келсе де тың, үсті-басына қылау түсірмей тап-таза ұстайтын, сөзі дәйекті, тілі мәйекті әженің әңгімелерін тыңдаған сайын мен де көп нәрсені көңіліме тоқи отырамын.

- Менің 6 жасымда әкем бес баласын тастап, басқа әйелге үйленіп кетіпті. Біздің отбасыға бұл ауыр соққы болды. Жоқшылық уақыт, анамыз күнделікті ішер асымызды әрең тауып жүретін. Кейін есейгенде білдім, анам нәпақамызды айыру үшін мектепте сыпырушы болып жұмыс істеген екен. Марқұм белі бүгілгенге дейін сол жерде қызмет етіп, зейнетке шықты.

Мен әкемнің сүйікті қызы болыппын. Әкем кеткеннен кейін оны жоқтап, жылай береді екем. Бір күні анамнан жасырынып, әкеме қашып кеттім. Өгей анамыз да өзінде бала болмаған соң жылы шырай танытып, күлімдеп қарсы алды. Ал әкемнің қуанышында шек жоқ. Өзі колхоз басшысы. Мұндағы тәуір тұрмыс, алақанға салып, асты-үстіме түскен мейірім өз анамды, бауырларымды тез-ақ ұмыттырып жіберді.

Анам жылап-еңіреп бір емес, бірнеше рет келіп кетті. – Жүрші үйге, Сақышым, сені сағындық,- деп бірде жалынғандай, бірде жекігендей болса да жүрегім жібімей қойды. Тамағым тоқ, көйлегім көк болған соң жанға жайлы жылы ұядан шыққым жоқ.

Ойын баласы ғой, кейін ес кіргенде өзі қайтып келер деді ме, анам содан кейін мазалаған жоқ.

Бірақ ана үміті ақталмады. Есейіп, ес білген кезде де бір ауылда тіршілік кешіп жатқан анамның шаңырағына қайтып бармақ тұрмақ, ат ізін салған емеспін. Неге сонша тасбауыр болғанымды өзім де түсінбеймін. Ақыры бір күні көшеде анаммен оңаша кезігіп қалдым.

Менен әбден күдерін үзген анам мұңая қарап тұрып: «Әкең тастап кеткені аздай, сен де қайырылмай кете бардың. Елдің алдында қарайтын бетім қалмады. Соншама қорлайтындай не жазығым бар еді? Бағың ашылмасын, бағың ашылмағыр»,-деп теріс айналып жүре берді.

-Уһ! - деп қатты күрсінген кейуана аз-кем үзілістен кейін әңгімесін қайта жалғады.

- Әрине, мен ол кезде бұған қатты мән бере қоймадым. Бірақ сол ана қарғысы өмірімді астан-кестен етіп, бақытсыз етерін білмеппін ғой...

Әкемнің екінші әйелінен, яғни өгей анамыздан бала болмады. Өгей анамның қолында қағу көрмей бойжеттім. Ауылдағы ең әдемі қыздың бірі болдым. Шашымның ұзындығы тірсегімді қағатын. Құда түсушілер көбейді. Әкем мені өз сүйгеніне беремін деп ешкімге қимайды. Сүйтіп жүргенде өгей анамыздың нағашы інісі азғырып, мені бір жетім өскен мұғалім жігітке бермекші болыпты.

Ол кезде әке-шешеге қарсы келу жоқ. Қыз сезімімен кім санасып жатыр дейсің, өзім ұнатып жүрген жігітім болса да, солардың ұйғарымынан шыға алмай, келісімімді бердім.

Әкем ат шаптырып той жасады. Сол тойдың үстінде ұнатып жүрген жігітім (бір кемпір мен шалдың жалғызы еді) «Ақ Сақыштың тойында шаппағанда қайда шабам» деп ат жарыста мойны үзіліп өлді.

Мен тиген жігіт беті бұжыр болса да, жүрегі ақ екен. Шәй деспей тату-тәтті тұрдық. 4 бала көтердім. Бірақ Алланың пешенеге жазғанынан кім асып кете алады, енді адам болып қалғанда шетінен шетіней берді. Ақыры бала көтермей қалдым. Жолдасым жағынан бір қыз асырап алдық. Бертін келе апамның бір ұлын бауырымызға бастық. Қыз бойжетіп, ұл ержеткенде жолдасым дүние салды. Тірі адам тіршілігін қыла береді екен, балаларды жетілдіріп, қызды тұрмысқа беріп, ұлымды үйлендірдім. Сонда да анамның қарғысының наласы алдымнан шыға берді. Қызым эпилепсис ауруына шалдықты. Қазір жасы елуде, әлі ұрпақ сүймеді. Ұлым ащы суда өші кеткендей анасынан арақты жоғары қойды. Бағыма ақ сүт емген келін тап болып, соның арқасында, міне, немерелеріммен өмір сүріп жатырмын.

Бір үйде тұрса да, келін мен бала бөлек жатады. Баламның айуан деңгейіне түсіп, үйге кіріп келе жатқан түрін көргенде күніне мың өлемін. Сонда да ана қарғысының ұрпаққа кететінін ойлап, жаным күйзеліп, қиналғаныма қарамастан баламды қарғамауға тырысамын.

Сенің өмірде бақытты болу, болмауың анаңның ризашылығында екен. Бүгінде, сол кеткеннен көрмеген анамды ойлап, өкініштен өзегім өртенеді. Қайтейін?! - деп ауыр күрсінді кейуана.

Қатал тағдырдың тәлкегін көп көрсе де, қиындыққа мойымай келе жатқан осынау қайсар, қажырлы әйел бірінші рет көз алдымда еңсесі түсіп, еңкіш тартып кеткендей көрінді. Ойым байыз таппай сан-саққа жүгіреді. Албырт кездегі қателігі үшін анасынан қарғыс естіген бір кездегі бейкүнә, өрімдей қыздың өкінішке толы өмірін көз алдыма келтірсем өзімнің де кеудеме өксік тығылатындай. Бір жағынан алдына жалынып қанша барса да қайырылмай қойған қызының қаттылығына қапа болған ананың жұлым-жұлым болған жүрегін де түсінгім келеді. Іштегі ой арпалысы осылайша итжығыс түседі.

Асыл дінімізде: «Алланың разылығы – ата-ананың разылығында» деп бекер айтпаса керек. Ал олай болғанда, көздерін жәутеңдетіп, ата-анасын қарттар үйіне апарып тастаған талай қаракөздердің халі нешік? Олар о дүнеиесін айтпағанда, бұ дүниеде бағы баянды болып, алшаңдап ұзақ жүре ала ма?

Көрші үйінен шыққанда күн кешкіріп қалыпты. Біраз уақытқа дейін кейуананың кейпі көз алдымнан кетпей, ауыр ойлардың шырмауынан шыға алмай келе жаттым.

Ғазиза Рахметқызы,

Теректі ауданы

Ақжайық ауылы

Сурет: bing.com 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале