6.03.2026, 17:30
Оқылды: 133

Ана – мейірім мен құрметтің символы

 

8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Казталов ауданының әкімі Асланбек Саркуловтың ұйымдастыруымен қоғам өміріне белсене араласып, түрлі салада еңбек етіп жүрген нәзік жандыларға арналған мерекелік кездесу мен қабылдау өтті.

image-06-03-26-04-50-1 (1) Тағылымды шараға ауданның әр ауылдық округінен көпбалалы аналар, еңбек ардагерлері, қоғамдық ұйым өкілдері, түрлі салада еңбек етіп жүрген қыз-келіншектер мен белсенді азаматшалар қатысты. Олардың қатарында ауданның рухани-мәдени және қоғамдық өміріне үлес қосып жүрген Баян Құбайқызы, Гүлжиян Табылдықызы, Бахытгүл Шабайқызы, Назипа Нұрсұлтанқызы, Қымбат Айсағалиқызы, Мирганым Амангелдіқызы, Зәуре Шүкірқызы, Мариям Мадиярқызы, Венера Қапиетқызы, Елизавета Халиоллақызы, Аңсағаным Сұлтанқызы, Айгүл Жұмағалиқызы, Нұргүл Исекенқызы, Саида Өтеғалиқызы, Самиға Адиқызы, Жанна Талғатқызы, Гүлнұр Шакирқызы, Мейрамгүл Тоқсанбайқызы, Сұлушаш Нұрланқызы, Айткүл Меңдіханқызы сынды қоғамға белсене араласып жүрген азаматшалар бар.

Кездесу барысында аудан әкімі барша аналар мен аруларды көктемнің шуақты мерекесімен құттықтап, әйел-аналардың қоғамдағы, отбасы мен ұрпақ тәрбиесіндегі ерекше орнына тоқталды.

— Құрметті аналар, аяулы әжелер, ардақты арулар! Баршаңызды көктемнің шуағымен бірге келетін Халықаралық әйелдер күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Ақын Жүрсін Ерман жырлағандай, «Әлемнің мәні – әйелде». Расында да, әйел – өмірдің шуағы, отбасының ұйытқысы, қоғамның тірегі. Сіздердің мейірімдеріңіз бен жанашырлықтарыңыз еліміздің болашағына үлкен үлес қосып келеді. Бүгінде ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына да нәзік жандылардың қосып отырған үлесі зор. Сіздерге зор денсаулық, шаңырақтарыңызға амандық пен береке тілеймін, — деді аудан басшысы.

Кездесу барысында республикаға танымал өнер иесі, ауданның рухани өмірінде өзіндік орны бар «Қыз Жібек» ансамблінің негізін қалаушы, Қазақстан Республикасының халық ағарту ісінің үздігі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Казталов ауданының құрметті азаматы Баян Құбайқызы, саналы ғұмырын білім саласына арнаған ардагер ұстаз Гүлжиян Табылдықызы, сондай-ақ Қараоба ауылында 2005 жылдан бері жеке кәсіпкерлікпен айналысып, «Ақбота» шаруа қожалығын өркендетіп отырған кәсіпкер Елизавета Халиоллақызы сөз алып, аудан басшылығына ризашылықтарын білдірді.

Олар өз сөздерінде елде жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік-экономикалық және саяси реформалардың маңыздылығына тоқталып, алдағы референдумға қатысып, мемлекетіміздің болашағына бағытталған бастамаларды қолдайтындықтарын жеткізді.

Мерекелік қабылдау барысында қоғамдық өмірге белсенді араласып, түрлі бастамаларға атсалысып жүрген бірқатар аналар аудан әкімінің арнайы Алғыс хаттарымен және мерекелік сыйлықтарымен марапатталды.

Шараның сәнін мәдениет қызметкерлері мен өнерпаздардың ән-жырлары келтірді. Бөкей Ордасы ауданында өткен «Нарын дауысы» ән байқауының І орын иегері, Бостандық ауылдық мәдениет үйінің қызметкері Самиға Алипкалиева әсем әнін тарту етіп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

image-06-03-26-04-50

Көктемнің шуақты мерекесі аясында өткен бұл кездесу аналарға деген құрмет пен ризашылықтың айқын көрінісіне айналды. Шара соңында қатысушылар естелік суретке түсіп, мерекелік көңіл күймен тарқасты.

 

Ернәсіл Рысқалиев,

Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале