Қалыптасқан дәстүрге сай, Facebook әлеуметтік желісінде тіркелген «Жайық таңы» газетінің тобында өткен аптада тұрмыстық зорлық-зомбылық, оның алдын алу бойынша брифинг өтті. Тікелей эфир арқылы таратылған баспасөз мәслихатында аудандық полиция бөлімінің басшысы Ақылбек Елекешев пен биыл құрылған отбасын қолдау орталығының директоры Нұрхат Мағзомов осы бағытта атқарылған жұмыстар жөнінде есеп берді.

Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты заңдар күшейтілді. Былтыр заңға өзгеріс енгізіліп, бұрын әкімшілік құқықбұзушылық саналып келген озбырлықтың бұл түрі қылмыстық жауапкершілік саласына қайтарылды. Ақылбек Тілекұлының айтуынша, биыл ҚР Қылмыстық кодекстің 108-бабы (денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру) бойынша 7 іс тіркеліп, оның үшеуі сотқа жолданған. Ал осы кодекстің 109-бабы (ұрып соғу) бойынша 20 қылмыстық іс тіркеліп, жетеуінде іс сот алдында қаралған.
Бұл, әлбетте, ішкі істер органдарының жұмысына зор жауапкершілік жүктейді. Полиция қызметкерлері бар күшін болған қылмысты тарқатуға емес, оның алдын алуға күш салуда. Айталық, жыл басынан бері тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында 55 қорғау нұсқамасы ресімделген. Олардың 9-ы әлі күшінде. Брифингте А.Елекешев зорлық-зомбылықтың алдын алуда қоғамның түгел белсенділігі қажет екеніне баса назар аударды.
– Көршінің үйінде ері зайыбы мен баласына жұдырығын көтерді ме, көз жұмып қарап отыруға болмайды. Учаскелік полиция инспекторына уақтылы ескерткен жөн, – деді ол.
Ал Нұрхат Мағзомов отбасында зорлық-зомбылықтың қандай түрлері болуы мүмкін, жұбайлар арасында кикілжің орын алса, неліктен көбінде әйел зардап шегетіні жөнінде сұрақтарға жауап берді.
– Біздің менталитетіміз сондай, әйел-аналар кейде полицияға хабарлау болмаса сотқа арыз беруден қашады. Бала кезімізден санаға сіңген «ұят боладының», «бас жарылса, бөрік ішінденің» кері бұл. Бұған құқықтық сауатсыздықты да қосып қойыңыз. Осы ретте отбасында жәбір көрген жандарға біздің орталықтың көмегіне жүгіне алатындарын ескерткім келеді, – деді ол.
Әсел Сағын,
Ақжайық ауданы