8.03.2026, 17:30
Оқылды: 13

Ана мен қыз өнерлі жұп құрды

Рубежинде «Өнегелі ана, үлгілі қыз» деген атаумен аудандық байқау өтті. Халықаралық әйелдер мерекесіне орай аудандық мәдени-демалыс орталығы мен Рубежин ауылдық клубының ұйымдастыруымен болған додада 12 ауылдық клубтың өнерлі жұптары бақтарын сынады.

image-08-03-26-03-42-1
Ана мен қыз арасындағы рухани және тәрбиелік байланысты нығайтуды, ұлттық құндылықтарды дәріптеуді, әдептілік пен ибалықты, сұлулық пен парасаттылықты насихаттауды мақсат тұтқан іс-шараға негізінен ауданның Приурал аумағындағы ауылдарының тұрғындары қатысты.
Байқау «Бір көріп, бір білген», «Ойлы болсаң, озып көр!», «Қолдан шыққан ғажайып», «Бір үйдің қос жұлдызы», «Сән және сымбат» атты бес кезеңнен тұрды. Қатысушылар таныстыру бөлімінде өздерін әнмен, мәнерлеп оқумен және бейнеролик арқылы таныстырса, сұрақ-жауап кезеңінде мазмұнды жауап беруге тырысты. Қолөнер бөлімінде ұлттық нақыштағы, қазақы өрнекпен безендірілген бұйымдар ұсынылып, сахна төрінде аяқталмаған жұмысты жалғастырып, оның мән-маңызын түсіндірді. Өнер көрсету кезеңінде аналар мен қыздар бір үйдің қос жұлдызындай жарқырап, бірі ән шырқап, бірі би билеп, бірі көркем сөз оқып, бірі домбыра шертіп, тіпті тағылымды көріністер ұсынды. Ал соңғы кезеңінде ұлттық және этно өрнектегі киімдердің сән көрсетілімі көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

photo-output
Қазылар алқасының шешімі бойынша Янайкин ауылынан келген Мөлдір Төлепова мен Дина Жұмағазы байқаудың жас жүлдесін жеңіп алды. І орын Махамбет ауылынан Маусымжан Төлегенова мен Жанель Қонақпаеваға бұйырды. Қалған жүлделі орындарды байқоныстық Мира Ишанова мен Аяулым Төлеп және достықтық Әсемгүл Ермұханова мен Жансая Лұқпанова иеленді. Қалған қатысушылар Алғыс хаттармен және ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды.

Мариямгүл Наурзалина

Рубежин ауылдық клубының сүйемелдеушісі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале