2.11.2021, 11:14
Оқылды: 106

Ана тілінен безінген кімдер?..

Қазір байқасаңыз, балабақшалардың орыс тобына баласын орналастыруға, немесе қазақ тобынан сол топқа ауыстыруға құмар ата-ананың қатары басым. Осы ретте «Не себепті орыс сыныбына баратын балалардың қатары азаймай отыр?» деген сұрақ туындайды. Жауап іздеп көрдік. Түсінгеніміздей, біздің қоғамымызда «орыс тілінде оқығандардан жақсы маман шығады» деген кеңестік психология әлі де үстемдік құруда. Бір кездері іс қағаздардың барлығы орыс тілінде жүргізілгені рас енді. Қазақтардың қызметте өсуі үшін орыс тіліне жетік болуы да  міндетті еді. Содан көпшілік балаларының орыс тілінде сауат ашқанын қалады. Кезінде өздері орысша оқығандар ұл-қыздарын, немерелерін әлі күнге орыс сыныбына сүйрелеп жүр.

3

Сөйле, статистика!

Статистикалық деректерде соңғы 5 жылда қазақ мектептерінде (балабақшаны айтпағанда) оқитын бала саны 18 пайызға, орыс мектептерінде оқитын бала саны 20 пайызға артқан.

2020 жылғы дерек бойынша Қазақстанда жалпы білім беретін 7440 мектеп бар. Оның ішінде 3809 мектеп қазақ тілінде, 1287 мектеп орыс тілінде білім береді. 2319 мектеп – араластілді.

7440 мектепте 3 млн. 481 мың 347 оқушы оқиды. 1 млн. 519 мың 786 оқушы қазақ мектепте, 412 мың 216 оқушы орыс мектепте білім алады. 1 млн. 535 мың 750 оқушы аралас мектепте оқиды. Оның 755 мың 345-і қазақ сыныбының оқушысы болса, 685 мың 891-і орыс сыныбына барады.

Ал 2016 жылы 2 млн. 930 мың 583 оқушының 1 млн. 275 мың 662-сі қазақ мектебінде, 381 мың 30-ы орыс мектебінде оқыған. Аралас мектепте білім алған 1 млн 253 мың 247 баланың 640 мың 148-і қазақша, 530 мың 559-ы орысша оқыған дейді статистика.

Бұл келтірілгендер жалпы елдегі мектептер бойынша статистикалық деректер. Ал, өзіміздің ауданда ше?

Біз балабақшалар бойынша деректерді сараладық. Себебі мектепке дейінгі алғашқы баспалдақ ол - балабақша. Енді ғана тіл сындырып, әріп танып жатқан бала үшін алғашқы қадам қашанда маңызды.

Бөрлі ауданы бойынша 27 мектепке дейінгі ұйым жұмыс жасаса, оның 14-і бөбекжай, 13-і мектеп бөбекжай-балабақша кешені. Оны даралап  айтсақ, 14 қазақ тілді, 11 аралас, екеуі орыс тілді. Олардағы бөбек санына келсек, олардың жалпы саны 3172 -ні құрайды. Оның ішінде қазақ тобындағы өзге ұлт балаларының саны - 101.Ал орыс тобындағы ұлты қазақ балаларының санына келсек олар – 666. Демек 666 қазақ баласы орысша тәрбиеленуде.

Бұл жалпы мәлімет делік. Тақырып аясында бөбекжайлармен, ата-аналармен де жақынырақ сөйлесіп көрдік.

«Она не Әмина, а Амина!»

Атын атағысы келмеген «С» есімді келіншек ата-енесінің немересін қазақ тобына бер дегеніне қарамастан, орыс тобына берген. «Баланы тәрбиелейтін өзіміз болғандықтан, әрі өзім орысша білім алғандығымнан, оңай жолын іздегенім шындық. Бір жағынан қазір қазақ тілінің сұранысы орыс тіліндей жоғары емес қой. Қайда бармайық, құжаттар болсын, басқа да іс қағаздарын орысша толтырып жатамыз. «Неге балаңды орыс сыныбына бердің, тәрбиесіне кері әсерін бермей ме?» деп сауал қоятындар да бар. Бірақ дұрыс шешім қабылдағанымызға сенімдімін. Ана тілімізді қолдау керек деп сөз жүзінде ғана айтылып жүр. Шын мәнінде кез келген мекемеге барсаңыз, іс-қағаздардың көбі орысша толтырылады. Жұмысқа орналасқысы келетін жастардың түйіндемесін көрген басшы «орысшаң қалай?» деп сұрайтынына да талай мәрте куә болып жүрміз, – дейді ол.

Сол сәтте «Аминка, идем, пошли домой» деп томпиған сүйкімді бөбекті өзіне шақырғаны... Әрине, атының Әмина екені белгілі ғой, біз де анасының жанына келген сүйкімді балақайдан «атыңды айта қойшы?» дедік. Ол анасына бір қарап алды да: «Меня зовут Амина, фамилия Умирзакова», – деді. Міне, қызық! «Бұл Әмина Өмірзақова ғой» дедік еріксіз қуанышты дауыспен. Бір жағынан біздің бұл әрекетіміз түсініксіз болған да шығар, әйтеуір анасы бетімізге сұраулы жүзбен қарады.

Кино әлеміндегі шоқтығы биік Әмина апайымыз туралы айта бастап едік, « Я, знаю, но она не Әмина, а Амина!» Және ол Амина-витаминка деп аталатын вайндарды көптеп қарайтынын, сондағы Амина деген кішкентай қыздың ұнайтынын айтып жатты...

Ал менің көршілерім, төрт баланың ата-анасы бұл тақырыпта былай деді:

Балаларымның барлығы да орыс мектебінде оқиды. Себебі қазақ сынып-тарының білім беру деңгейі төмен деп есептеймін.  Кішкентайымызды да алдағы уақытта балабақшадағы орыс тобына береміз деп жоспарлап отырмыз».

Настя деп өзін қысқа ғана таныстырған орыс келіншегі, баласы Сашаның қаладағы №7 бөбекжайға баратынын, алайда орыс тобында орын болмағандықтан, қазақ тобында жүргендіктерін айтты. «Өзім жұмысқа орналастым. Бірақ орыс тобында орын болмады. Кейін орын босаса, ауыстырылар деген оймен қазақ тобына бердім. Қиындау әрине, балама. Мүмкін жаңа жылдан соң, орын табылып қалар деген ойда жүрмін» дейді Настя.

Ата-анаға насихат айту біздің парызымыз

Қаламыздағы №10 «Алтын бесік» бөбекжайының директоры Жанар Юнусова да өз ойымен бөлісті.

Бөбекжайда 3 орыс тобы бар. Жасыратыны жоқ, орыс тобында өзіміздің қара домалақ балалардың қарасы басым. Ата-аналар балаларының құжаттарын өткізуге келгенде біз оларға: «Балаңызды қазақ бөліміне беріңіз. Сіз үйде шама-шарқыңызша үйретсеңіз, біздегі мамандар тереңірек үйретеді. Балаңыз игеріп кетеді», - деп былайша айтқанда үгіттейміз. Себебі біздің де басты мақсатымыз енді ғана өмірді танып-білмекке ұмтылған балғындарымыздың, ана тілінде сөйлеп, меңгергенін қалаймыз. Арасында кейбір аналар келісіп, қазақ тобына орналастырып, кейін өздері балаларының қазақша сөйлеп, қазақша тақпақ, ән үйреніп айтып жүргеніне риза болысып жүргендері де бар. Дегенмен көпшілігінде: «орыс тілін білсең, далада қалмайсың» деген кеңестік кезден санада қалыптасып қалған жаттанды тіркес бар»

Көпшілік пікірі

Майра: «Орыс тілін білмесең, жұмысқа тұру қиын. Қазақша білген-білмегенің ешкімге қажет емес, алдымен орысша білетініңді сұрайды».

Марат: «Менің әке-шешем де орыс тілін білмеудің зардабын бір кісідей-ақ тартты. Сонда да тістеніп жүріп, бізді қазақ мектебінде оқытты. Соған қарамастан қазір орыс тілін орыстардың өзінен артық білмесем, кем білмеймін. Өйткені, қоғамдық орта солай. Жалпы, қазір «бала орыс тілін білмей қалады» деп қорқудың өзі күлкілі ғой».

Абзал: «Орыс тілін білуі үшін баланы орыс мектебіне беру міндетті емес. Оны балаға өмірдің өзі-ақ үйретеді».

Фатима: «Қай тілде оқыса да, ең бастысы – отбасындағы тәрбие. Үйде қай тілде сөйлесеңіз, бала содан үйренеді».

Бұл – қаптаған қалың пікірдің арасынан біздің іріктеп алғанымыз ғана. Әйтпесе «Өте дұрыс: орысша оқыту керек!», «Орысша оқыған бала ертең жерде қалмайды, бір жерді жарып шығады!», «Қазақша оқыса, балаңыз жұмыс таппай сүмірейіп жүреді»... деген секілді өз тілінен, өз мектебінен безінген, жерінген біреулердің үрейлі сөздерінен ит батпақтап, ат сүрінеді.

Бұл жұртқа не көрінген сондадеймін де. «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде!» деген ел президентінің сөзіне сену-сенбеу – әрине, әркімнің өз еркінде. Бірақ сенбегеннің өзінде, қазақ бола тұрып, Қазақстанды мекен ете отырып, өз баласын қазақтықтан алыстатуға неге ұмтылады? Әлде қазақ тілінің болашағы барына күмәндана ма?

Жоғарыда келтіргеніміздей, елімізде қаншама Әмина Өмірзақовалар  өз аты-жөнінің мән-мағынасын түсінбестен, қазақылықты сезінбестен өсіп жатыр.

Қазақ болып туылған екен, қазақ болып қалу үшінне істемек керек сонда?

Сәнім Меңдібай

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале