Теректі ауданы орталығы тұрғындарының үлкен қошеметі мен қолдауына ие болған «Кеш жарық, Теректі» жобасы балғындардың жеке концертімен жалғасты. Жобаның осы жолғы кейіпкерлері – «Бала дауысы» ұлттық жобасының «Халық таңдауы» аталымының жеңімпазы Санжар Дәукенов пен түрлі халықаралық, республикалық ән байқауларының жеңімпазы Айсезім Тілекқабыл.
Санжар да, Айсезім де облыс көлеміне танылып үлгерген, Теректінің үкілеген үміттері саналады. Қос кішкентай өнерпаз аудандағы үлгілі «Өркен» балалар ансамблі мүшелері. Өнерге ынтық жас дарындардың кешін «МузАрт Life» телевизиялық жобасының финалисті Елжас Мағзом мен елімізге «Қазақстан дауысы. Балалар» жобасы арқылы танылған егіздер Сұлтан және Бейбарыс Гарифуллиевтер жүргізді.
Орталық алаңда өткен ән кешінде Айсезім мен Санжар француз, орыс, ағылшын тіліндегі әндермен қатар, бүгінгі қазақ эстрадасында хит болып үлгерген туындыларды да орындады. Кеш қонақтары ретінде сахнада Айым Сағидоллақызы , Гүлсезім Тілекқабыл және үлгілі «Өркен» балалар ансамблі ән салды.
Тамаша кештің куәгері болған теректіліктер жас таланттарға гүл шоқтарын ұсынып, өнерде жолы болсын деп тілек айтты.
Әділет Зере,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz