8.10.2020, 12:46
Оқылды: 68

"Ангус тұқымы өсімтал", – дейді казталовтық кәсіпкер Серікжан Темірханов

Асыл тұқымды ірі қара тобына жататын ангус сиыры Шотландияның солтүстік-шығысындағы абердин және ангус елді мекендеріндегі жер­гілікті малдың қоспасынан шық­қан етті мал. Ол алғаш рет Америкаға экс­портталып, кейін Кана­даға жетеді. Бүгінгі таңда мал экспорт­таушы мемлекеттердің ішінде ангус тұқымын асырамайтындары сирек. Ангус сиыры Қазақстанды да жылдам жерсініп, бірден бейімделіп кетті. Қа­зір елімізде ангус сиырының атын есті­ме­ген, түрін көрмеген адам аз деп айтуға боладыБіз Казталов ауданы Жаңажол ауылдық округіне қарасты Серікжан Темірханов жетекшілік ететін "Райымбек" шаруа қожалығында болып, асыл тұқымды ангус сиырларын көрдік. Қожалық иесі 2017 жылы Қостанай облысынан 55 бас аналық және екі бұқа сатып алып шаруашылығын толықтырыпты. Сатып алған малдары 2019 жылы төлін беріп, 55 бас аналықтан 50 бұзау алған екен. Қазір олар аналық төлдерді өсіріп, еркек тайыншаларды тұқым­дыққа сатып отыр.

Asyl tukym (2)
– Ірі қара малдың ішінде ангус тұқымы өсімтал болады екен. Оны өңіріміздің әр ауданынан келген қожалық иелері сатып алуда. Сұраныс өте күшті. Қыстың ая­ғы, көктемнің басында туған ангустың бұ­заулары тез өсіп, жетіледі де, күзде тірі салмағы 350-400 келі тар­тады. Жер­гілікті сиыр тұқымына ангус бұ­қаны қоссаңыз, төлі ірі болып, тұқымды бірден өзіне тартып ала­ды. Шаруалар үшін ол өте тиімді. Әзірге ангус тұқы­мы­нан айтарлықтай мәселе туындап көрген жоқ. Оған қазақ даласының кең­дігі мен климатының ерекшелігі сол малдардың көбеюіне зор мүмкіндік беріп отыр.

Asyl tukym (1)
Негізінен ангус сиырының бұзауы туғанда кішкентай болып туады да, аз уақыттың ішінде бірден өсіп-жетіледі. Олар бұзаулаған кезде ешқандай қиындық көрсетпейді. Оларда іш тастау (бұзау өлу) жағдайлары өте сирек кездеседі. Ангус малының біздің климатқа, жайылымға тез бейімделетін тұқым екеніне көзіміз жетті. Шаруалар олардың жыртқыш аңдардан да жақсы қорғана алатын қасиетін жиі айтады. Ангус малы негізінен етті бағыттағы тұқым, туғанда 25 келі болған бұзауының салмағы 6 айда 180 келіден асады. Оған ерекше күтімнің қажеті жоқ. Ерте жетіледі, құнажындары 14-15 айында бұқаға шығып, төлдеуге дайын болады. Біздер туған төлдің аналықтарын өзімізде алып қаламыз да, бұқаларды мемлекеттің тапсырмасына сәйкес, малды асылдандыру үшін жеке шаруашылықтарға сатамыз, – дейді қожалық жетекшісі Серікжан Темірханов.

Asyl tukym (6)
Иә, мал өсіретін шаруалар үшін өнімнің көр­сет­кіші мен сапасы бірінші кезекте тұратыны белгілі. Сондықтан бағымға алған малдың жем-шөбі мен ішетін суын қамтамасыз етудің өзі күшке айналған бүгінгі шаруалардың ерен еңбегін ескермеуге болмайды.
Ауданымыздағы шаруалардың басым бөлігінде қысқы мал азығын дайындау жұмысы өте күрделі. Өңіріміздегі соңғы жылдары болып отырған жаппай қуаңшылық пен құрғақшылық салдарынан малдың жайылымы мен ішетін суының болмауы сол жердегі шаруа қожалықтарын тығырыққа тіреп отыр. Оның үстіне мал жайылымын отап біткен дала киігінің ерекше көптігі шаруаларға қосымша соққы болып тиюде.
Айта берсе қашанда күрделі мәселе боп шыға беретін шаруа жағдайы көп болып қолға алынса нұр үстіне нұр болар еді.

Қыдыр Харесұлы,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале