21.10.2022, 10:16
Оқылды: 119

«Әнім сенсің, ауылым..» 

Бөрлі ауданына қарасты Пугачев ауылдық округінде Ауыл күніне арналған «Әнім сенсің, жырым сенсің, ауылым» атты мерекелік шара өтті. Шара барысында ауыл шетіне киіз үй тігіліп, мекемелер қазақтың ұлттық тағамдарын жайып, келген қонақтарға көже, бауырсақтар таратып, нағыз қонақжайлық танытты.

10

Ауыл әкімі Мереке Изтілеуов құттықтау сөз сөйлеп ашқан Ауыл күні аясында ауылымыздың жетістіктері аталып, үздіктері сараланды, мақтаулыларымыз мадақталды. Анастасия сияқты қайсар қызды тәрбиелеп өсірген, күрестен  чемпион қыздың анасы С.Панасовичке ауыл әкімі атынан 50000 теңге сертификат табыс етілді.

12

Шара барысында қазақша күрес, вело жарыс, арқан тарту, қол күресі (армреслинг) сияқты спорт  түрлерінен ауыл тұрғындары арасында сайыс өте қызықты өтті.

13

Әсіресе ұлттық спорт түрінен дәстүр бойынша қойды 65 рет көтерген ауыл тұрғыны А.Бегалиев жеңімпаз атанып, қойды үйіне алып кетті. Қазақша күрес бойынша 70-тен, 90-нан жоғары салмақ дәрежесінде, 1-орынға 30000 тг, 2-орынға 20000 тг, 3-орынға 10000 тг көлемінде палуандар  ақшалай сертификатпен марапатталды. Сондай ақ 14 пен 18 жас аралығында вело жарысқа қатысқандарға да белсенділіктері үшін ақшалай сыйлықтар берілді. Ал енді ең қызықты тартыс - ерлер мен әйелдер арасында өткен қол күресін (армреслинг) көрген де арманда, көрмеген де арманда болды.  Сайыс өте тартысты, қызу өтті. Ал арқан тарту  бойынша «Хутор», «Лидер», «Ахмат», «Алға» 4 команда қатысып,  жарыс соңында 1-орынды  «Лидер» командасы жеңіп алды. Ауыл күнінің өтуіне демеушілік жасаған ауылдың қоғамдық өміріне, оның әлеуметтік-экономикалық дамуына белсене араласып жүрген шаруа қожалықтарына ауыл әкімі атынан алғысхаттар берілді.

11

Айтпақшы, ән мен жырдан шашу шашылған мерекеде осы күні оралдық танымал әнші Марат Сарбупиев қатысып, ауыл тұрғындарына көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Гүлмира Сағыналиева,

Бөрлі ауданы

Пугачев ауылы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале