Теректі ауданы Аңқаты ауылындағы мектеп ғимаратының іргетасы 1967 жылы қаланып, 1968 жылы пайдалануға берілген. Содан бері оның қабырғаларына құрылысшының қалағы тимеген.
-Мектебіміздің екі қабатты ғимараты ескі. Осы уақытқа дейін жыл сайын тек ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізіп келдік. Салынғаннан бері күрделі жөндеу жүргізілмеген, — дейді Аңқаты ЖОББМ-нің директоры Қарылғаш Тасанова.
Оқу ордасындағы 173 шәкіртті 36 ұстаз білім нәрімен сусындатуда.
-Мектебімізге күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Мердігер — «ЮгСтройСервистің» жұмысшылары білек сыбана кірісті. Осы орайда ауылдың 28 тұрғыны жұмыспен қамтылды, — деді Қарылғаш Мұрадымқызы. Оның айтуынша, қазіргі таңда оқу процесі тоқтатылған жоқ. Оқушылар мектеп жанындағы интернат ғимаратына көшірілген.
Айта кетейік, «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде атқарылып жатқан жөндеу жұмыстарын 15 тамызға дейін аяқтау жоспарланған.
Самал Жамет,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz