6 қазан – әр қазақстандық үшін ерекше күн. Өйткені, елімізде атом электр станциясын салу бойынша республикалық референдум өтуде. Осы орайда Аңқаты ауылдық округінің тұрғындары да сайлау учаскелеріне келіп, өз таңдауларын жасайды.
Жергілікті уақытпен таңғы сағат 07:00-де сайлау учаскелері өз жұмысын бастады. Дауыс беру кешкі сағат 20:00-ге дейін жалғасады. Ауылдық мәдениет үйі ғимаратында орналасқан №362 сайлау учаскесі жұмысы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнін орындаудан басталды. №362 сайлау учаскесінің төрағасы Алмагүл Байбатырова дауыс беруге келген тұрғындар алдында сөз сөйлеп, референдумның сәтті өтуін тіледі. Оның айтуынша, бұл учаскеде 621 адам тіркелген. Айта кетейік, ең бірінші келіп дауыс берген жандарға арнайы сыйлық бар. Сонымен қатар округ жастары «Бауырсақ party» ұйымдастырып жатыр екен.
Естеріңізге сала кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының ІІ республикалық форумына қатысып, АЭС бойынша республикалық референдум хақында ойын айтқан еді.
— Орайлы сәтті пайдаланып, бірқатар өзекті мәселеге тоқталғым келеді. Жалпыұлттық референдумда халқымыз Қазақстанда атом электр станциясын салу қажет пе, әлде қажет емес пе деген мәселені шешеді. Дауыс беру нәтижесі қандай болса да, бұл – айтулы уақиға. Алдағы референдум – Қазақстанда соңғы бес жылда болған ауқымды өзгерістердің тағы бір мысалы, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының жарқын көрінісі», - деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы бұған дейін АЭС құрылысына қатысты өз ұстанымын бірнеше рет айтқанын да еске салды.
«Әлемдегі прогрестен шет қалмау үшін біз бәсекелестікте өз артықшылықтарымызды пайдалануымыз керек. Азаматтар қолдап дауыс берген жағдайда бұл Тәуелсіз Қазақстанның бүкіл тарихындағы ең ірі жобаға айналады. Атом электр станциясын салу – ұзақмерзімді жоба. Алайда бұл бастама еліміздің орнықты дамуын онжылдықтарға ілгерілетеді, энергетикалық дербестігімізді нығайтады, экономиканың, ғылым мен білімнің түрлі саласын өркендетуге тың серпін береді, сондай-ақ инженерлер шоғыры мен әртүрлі бейіндегі мамандар легін қалыптастыруға ықпал етеді. Заманның талабы осы» - деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Самал Жамет
Теректі ауданы