1.04.2024, 11:15
Оқылды: 118

Аңқатыда су кетті, Подстепное ауылында қарғын су қарқынын төмендетпей тұр

Қарғын судан келген қауіп Теректі ауданында сейілмей тұр. Ауданда төтенше жағдай жарияланды. Қызыл судың бетін қайтару шараларының басында Теректі ауданы әкімі Әлия Мұханбетжанова жүр. Су қозғалысын бақылау үшін елді мекендерде тәулік бойы кезекшілік қойылды.

тж су теректи (1)

Өткен аптада Аңқаты ауылында 55 үй, Ақсуатта бір үй, Теректі және Ұзынкөл ауылдарында екі үйді қызыл су басты. Топан басқан үйлерден ұзын саны 150 адам көшірілді. Аңқаты ауылындағы орта мектеп жанындағы интернат, Подстепное ауылындағы «Теректі» колледжі және облыстық дарынды балаларға арналған Абай атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия-интернаты ғимараттары эвакуациялау пункттеріне айналып, қауіпті жерден шығарылған адамдар орналасты.

тж су теректи (2)

Аңқаты ауылында тұрғындарды мал-жанымен көшіруге жергілікті атқарушы орган, төтенше жағдай қызметкерлері, өрт сөндірушілер, құтқарушылар, еріктілер жұмылды. Шалқар ауылдық округінің Рыбцех ауылынан қайық алып келген азаматтардың көмегі мықты болды.

тж су теректи (3)

Аңқатыда аудандық маңыздағы тас жолды жырып, қауіп бетін қайтарғандай болғанда топан су Подстепное ауылына лап қойды. 31 наурыз күні Шапағат, Төле би көшелері жағында 21 үйге су кірді. Тұрғындарды шұғыл эвакуациялау шарасы қабылданды.

тж су теректи (4)

1 сәуір жағдайына «ауылдағы су кетті» деген хабар айтты Аңқаты ауылдық округінің әкімі Асқар Қылышұлы.

Топаннан басы аман шыққан жұрт оралып, үй-жайларын қарап жатыр. Аңқатыдағы эвакуациялау пунктінде жиырма шақты адам қалыпты. Аңқаты-Сарыөмір жолындағы жырған жерде су деңгейі төмендеуі байқалған. Подстепное ауылында қарғын су қарқынын төмендетпей тұр.

Егер су деңгейі көтерілуін, топан басу қаупі байқасаңыз, дереу «112» немесе «101» нөміріне хабарласыңыз.

Камелия Өтеу,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале