Шолақаңқаты ауылдық округінің әкімі Тимур Айтқалиев Құспанкөл және Аңқаты елді мекендерінде өзінің есептік кездесулерін өткізді. Кездесуге Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев қатысты.
Былтырғы жылы Шолақаңқаты ауылдық округінің орталығы Тоғанас ауылы, сосын Құспанкөл, Аңқаты және Қарағанды елді мекендері табиғи көгілдір отынға қосылды. Осы арқылы округтің ең салмақты мәселесі күн тәртібінен түсті. Қазіргі таңда округ бойынша барлық үйлердің 47 пайызы газ тұтынып отыр. Округ әкімі Тимур Айтқалиевтің айтуынша, алдағы уақытта тұрғын үйлерді әрі қарай газдандыру және әлеуметтік нысандарды газға қосу жұмыстары жалғасады.
Құспанкөл елді мекеніндегі есептік кездесуде көтерілген ең негізгі мәселе – Құспанкөл бастауыш мектебіне арнап акт зал салу мәселесі. Қазіргі күні ауыл мектебіндегі шағын орталықта 20 бала, мектепалды даярлық сыныбында 3 бала, ал 1-4 сыныптар аралығында 20 оқушы білім мен тәрбие алады. Осы жерде мектептегі білім беру жұмысының толық көлемде жүруі - ауылдың тағдырына оң әсер беріп тұрғанын айтпай кетуге тағы болмайды.
Құспанкөлдіктер енді бар мектепті көркейту керек, сапалы білім мен тәрбие үшін қолдан келетін жағдайды жасау керек деп отыр. Мектеп ғимараты 1979 жылы салынған. Бір сыныпта ғана интерактивті тақта бар демесең, қалғанының бәрі «шубин дәуіріндегі» кейіпте тұр. Тұрғындардың мектеп ғимаратын үлкейту, нақтырақ айтқанда, акт залын салу мәселесін аудан әкімі Төлеген Төреғалиев те қолдап отыр. Мәселе биылдан қалмай шешілетін болды. Құрылыс салынғасын, мектептің ішкі жөндеуі, есік – терезелерінің жаңалануы сияқты шаруалары да биыл бітіп қалатын шығар деген үміттеміз.
Құспанкөлдіктер Шолақаңқаты ауылдық округінің орталығындағы мал сою алаңын іске қосу туралы да ұсыныс айтты.
Аңқаты тұрғындары ауылда дәріхана жұмыс жасаса дейді. Округ әкімдігі тұрғындарға бұл мәселені шешудің бірнеше жолын ұсынып отыр. Ал, аңқатылық тұрғын Жанна Есқабылова болса, елді мекенге техникалық су тарту жұмыстары сапасыз атқарылғанын мәселе қылып көтерді. Мәселені аудан әкімі өзінің назарына алатын болды.
Ауыл тұрғыны Гүлзада Мұрыншаева Аңқаты ауылының іргесіндегі зиратты қоршау туралы қоғамдық ұсынысқа қолдаушы іздеп жүр екен. Дәл осындай игі бастаманы осыған дейін аудандағы Талдыбұлақ, Жосалы ауылдық округтері «Туған жер» бағдарламасы аясында ауыл адамдарының жеке демеушілігі есебінен жүзеге асырғаны белгілі. Аудан әкімі Төлеген Төреғалиев аңқатылықтарға сол үрдісті үлгі қылды.
Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,
Сырым ауданы