Ел Президентінің халыққа Жолдау жасап, үндеу тастауы дәстүрге айналған. Ел басшысы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы қыркүйектегі Жолдауы қамкөңіл әйел, жабырқау жанұялардың үміт шырағын жалындатып, алдағы күндерге деген сенімін бекіте түскендей. Нақтырақ айтсақ, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында «Үкіметке 2021 жылдан бастап «Аңсаған сәби» арнаулы бағдарламасын жүзеге асыруды тапсырамын. Экстракорпоральды ұрықтандыру бағдарламалары бойынша бөлінетін квота санын жеті мыңға дейін, яғни жеті есе көбейту қажет» деді. Иә, сәбиін құшағына алуды жылдар бойы армандап жүрген жандар үшін бұл зор мүмкіндік болмақ.
Әрине, отбасылардың сәби сүймеу себептері әртүрлі. Статистикалық мәліметтерге құлақ түрсек, Қазақстанда әрбір алтыншы отбасы бала сүйе алмай отыр екен. Бұл тек бір отбасының мәселесі емес, әрбір сәбисіз жанұя тұтас мемлекет үшін трагедия. Демографиялық мәселе көңіл көншітпейтін болса, кез келген мемлекеттің ертеңі бұлыңғыр. Сондықтан шығар мәңгілік ел болуды мұрат еткен кез келген мемлекет демографиялық өсім, ана мен бала денсаулығы, бала қауіпсіздігі мәселелерін әрқашан басты назарда ұстайды. Ел басшысының кезекті Жолдауында ел үшін түйткілді мәселеге басты назар аударуы заңды да.
Қажып, мүжілген кездер болды ғой...
Құрбым Айдананың тұрмыс құрғанына он бес жылға жуықтағанымен, арасында сәби болмағаны жанын жегідей жейтін:
– Алғашқы жылы жас болдық па, сәби көтермегеніме осыншама алаңдамайтын едім. Жолдасымның «Біздер қашан сәбилі боламыз?» деген сауалына да «Құдай қалаған күні» деп еш алаңсыз жауап бере салатынмын. Уақыт өте келе, әсіресе өзімізбен қатарлас құрбы-достарымыз нәрестелерін бауырына басып, тәтті қылықтарын әңгімелегенде қуыстанатын болдым. Не айтарымды білмей, шақырыстарда өзімдің орынсыз сезінетін едім. Таныстарымыз, жақын-жуығымыз «Сіздің үйде қашан шілдехана болады?», «Не ойланып жүрсіздер?», «Келін, қашан қуантасың?» деген сұрақтар жиелегені өз алдына, өзгермейтін ол сұрақтар жылдан-жылға жалғасқанда өзімді әйел ретінде мүгедектей сезінетінмін. Осы сұрақтардан қашып кейде шақырыстарға бармауға тырысатынмын. Жолдасым екеуіміз өзара жақсы болғанымызбен сәбилі болмағанымыз арамызды суыта бастады. Ренжіп, кінәратты бір-бірімізден іздейтін болдық. Несін жасырайын, ол кезде жолдасым ішімдікке үйірсектеніп, содан жұбаныш табатын. Балалары бар достарыма жиі баратын. Күндердің күнінде «Маған бала тумайтын әйел керек емес» деп айта ма деп те қорқатынмын. Шүкір, ол сөзді естімедім. Әйтпесе, не боларын өзім де білмеймін. Медициналық тексерістен өткенде денсаулығымда еш кінәрат болмады. Үгіттей келе жолдасым да медициналық тексерістен өтті. «Бала көтеретін сен емес пе? Мені сүйрелеп қайтесің?» деген пікірін айтқан. Дегенмен қолқалауыма көнді. Тек тексерістен ауылдан емес қаладан өтуге келісті. Мамандар оның жасы үлкендігін алға тартты. Алайда айтарлықтай ештеңе таппады. «Бәрі де уақыт еншісінде» деп күткен едік. Уақыт сырғып өтіп жатты, ал біздің отбасымызда сәбидің үні әлі естілмейтін. Күнделікті жұмысымызға барып, бірге тамақтанып, кешкісін әркім өзіне ұнайтын нәрсемен айналысатын. Сырт көзге біз ұрсысып қалғандай көретінбіз. Қонақ келсе, көңіліміз бөлініп, балаша қуанып қалатынмыз. Бәрі бар еді. Тұрақты жұмыс та, бір-бірімізге деген сыйластық та, сенім де. Үй де, көлік те, екі жақтың ата-анасының да батасын алып едік. Алайда бәрібір бір алданыштың орны ойсырап тұратын. «Баласыз үй мазар» деп айтатыны рас қой. Біз тыныштықтан қашатын болдық. Сол кезде қарап отырған емеспіз. Дәрігерлердің айтқандарын орындап, денсаулығымызды нығайтатын түрлі витаминдерді іштік. Одан нәтиже көрмеген соң бақсы-балгерлерді жағалап кеттік. Айтқан шарттарын орындап, бір ғажайыпты күттік. Бабалар басына түнеп, олардан жәрдем сұрадық. Салы суға кеткен жолдасымның қолын бір сілтеген кездері де болды. Сонда да үмітімді үзбедім. Кейде жалғыз отырғанымда «Сәбисіз болатындай мен Құдайға не қылдым?» деп өзімнен-өзім сұрайтынмын. Істеген әр қылығыма жауап беретінді шығардым. Ешкімнің көңілін қалдырмауға тырысатынмын. Солардың алғысы, ризашылығы мені аңсаған арманыма жақындататындай көрінетін маған. Сонда да өзімді бедеумін деген сөзден алыс ұстайтынмын. Талай табалдырықты тоздырып, «балалы болу бақыты менің пешенеме жазылмаған шығар» деген ойлар санамда қылаң беріп жүргенде Аллам қалауымды берді. Бүгін бауырымызға басқан перзентіміз үшке толды. Тоғыз ай көтерген шаранасын біздей қамкөңіл жандарға қиып берген бауырымызға мың алғыс. Өз қанымыз, бала туғанға емес, баққанға ұқсап кетеді деген рас екен. Біздің отбасы тарихын жақсы білетіндер болмаса, сырттан келген адам баламыздың әкесінің аузынан түскендей айнымайтынын айтады. Үйімізге жан бітіріп, бал қылығымен бақытқа кенелткен баламыз үшін Аллаға мың мадақ. Бүгінгі күннің ризығы үшін басымызды тауға да, тасқа да соғуымыз керек болған шығар. Менікіндей жағдайға тап болғандарға бір-бірінен теріс айналмаңдар, өзге жерден шешім іздемеңдер, бір-біріңді қолдап, бір-біріңе сүйеу болыңдар дер едім. Сонда тілегендерің болады, – дейді кейіпкеріміз.
Мамандар не дейді?
Бедеулік пен белсіздік көп ерлі-зайыптылардың шаңырақтарының шайқалуына, кейде тіпті ажырасуына әкелетінін күнделікті өмірде жиі кездеседі. Жүргізілген сауалнама нәтижесі де қуанарлық емес. «Отандастарымыздың 20%-ға жуығы отбасында сәбидің болмауын ажырасуға негіз болатын елеулі себеп деп санайды» делінді биылғы Жолдауда.
Урологтардың еуропалық ассоциациясының мәліметінше, Қазақстандағы 25% отбасында перзентке деген зәрулік байқалады. Өкінішке қарай олардың тек 15% ғана белдеуліктен емделуге ниетті. Ал 5%-ы өмір бойы баласыз өтуде. Ал, елдегі мамандар бұл мәлімет әлі де толық емес деуде. Өйткені үйдегіні сыртқа шығаруға көбі құлықсыз.
– Өкінішке қарай елдегі жағдай біздің ауданда да көрініс табуда. Ауданымызда бала тууға қабілетті 2900-дай әйел бар. Соның 27-сіне бедеулік диагнозы қойылып отыр. Айта кетейін, бедеулік диагнозы бала көтеруге қабілетті жастағы ерлі-зайыптылар үш жылдай отбасылық өмірде сәбилі болмаса әйеліне қойылады. Байқап отырсаңыз аудандағы әйелдердің 10%-ына жуығы осы дертке шалдыққан. Бұл да толық мәлімет деп баса айта алмаймыз. Өйткені бұл – әр отбасының жеке мәселесі. Оны проблема етіп алдымызға келетіндер аз. Көбінесе әйелдер балалы болуды қалап, түбегейлі зерттеліп, емделуге ниет білдіргенмен, ер азаматтары бас тартып жатады. Біздің ауруханада ерлерді тексеретін уролог маман жоқ. Сол себептен бедеуліктен емделемін деген әйелдерге біз облыстағы перинатальді орталықтардағы мамандарға жұп болып қаралуға кеңес береміз. Отбасында бала болмауды себебін тек әйелдің денсаулығынан іздеу қате пікір. Дүние жүзі мамандарының айтуынша, бүгінгі таңда әлемде әйелдердің бедеулігімен қатар ерлердің белсіздігі оған себеп болуда. Және олардың пайыздық көрсеткіші тең дәрежеде. Менталитетіміздің салдары ма білмеймін, әйтеуір, ерлеріміз дәрігерге қаралуды өздеріне ар санады, намыс көреді. Кейде ер азаматтар кінәні өздерінен табылады деп қорқа ма деп те ойлайсың. Өйткені өзгеден көру ол оңай, – дейді аудандық аурухана дәрігер-гинекологы Күләнда Абдолова.
Балымның көз жасы
Осындай ерлердің кесірінен аналық мейірімін шаша алмай, тұншығып жүрген әйелдерді көргенде көңілің құлазиды.
Бірде Балымды ағайындарының бірі шілдеханаға шақырмады. Шақырмауларының себебі кісінің көптігі, не үлкен жастағы әже-апалармен шектелгендігінде емес еді. Олар Балымның жан қайғысын жақсы білетін. Сәбиге қатысты қуанышта Балымның көз жасы еріксіз парлап, көңілі нілдей бұзылатын еді. Сәбисіздің қасында бала туралы сөз қылмауға тырысатын олар Балымды әдейі шақырмаған еді. Бұл күндері Балымды түсіну қиын. Шақырсаң, көз жасын тыя алмай, «бедеусің ғой, саған мұндай қуаныш қайда?» деп көз қылдың ба?» деп ренжиді. Шақырмасаң, «мұндай шілдехана, тұсаукесер саған лайық емес дедің бе?» деп ренжіп жатады. Әйтеуір, ашуы қолында жүреді. Бірақ балажандығы сұмдығы. Көршінің баласы демейді, бөтеннің баласы демейді, көзге сүйкімді бала көрсе, умаштап, сүйіп, есін тандырады. Біреулер түсіністік танытса, бір келіндер кірпияздана қалады. Балаларын мұның қолынан жұлып алғандай етіп алады.
Бастапқыда бір өзі қаралып, Оралға да барды, Астрахан да асты. Тағайындаған емнің бәрін алды. Тапсырған анализдың бәрін тапсырды. Өту керек деген тексерістің бәрінен өтті. Айналғанда күйеуінен болды кінәрат. Ұрықтың белсенділік пайызы төмен екен. Жасанды ұрықтандыру көмегіне жүгінейік деп айтып көріп еді. «Менен пайда жоқ екен, сонда аппарат ұсынған белгісіз еркектің ұрығын жатырыңа құйып әкелгелі тұрсың ба?» деп оған да үзілді-кесілді қарсы.
Бала асырап алу да – тығырықтан шығудың бір жолы
Атам қазақ баласыз отырған бір туғанын назарсыз қалдырмаған. Бауырына бала салып берген. Алланың құдыретінен болар, балаға еміренген әйелдің аналық махаббаты оянып, құрсағына шара біткен кездері көп. Бұл дәстүр қазірде де бар. Тек бәрі де заң жүзінде расталған, сот шешімімен реттелген болуы шарт.
– Асырап алу тәртібі бұл күнде бірталай жеңілдеді. Асырап алуға ниетті азамат небары 12 құжат жинақтау қажет. Әрі оны жетім балалар электрондық базасына енгізу шарт. Электронды цифрлы қолтаңбасы бар азамат тізімде көрсетілген тұрғын үй, сотталмағандығы жөніндегі анықтамаларды еgov.kz порталы арқылы үйде отыр та ала алады. Одан басқа денсаулығы туралы, табысы жөніндегі анықтама, жолдасынан нотариуспен шандырылған келісімі, жақын туысының жазбасаша келісімі, жұмыс орнынан мінездеме, ішкі істерден пікір-сипаттама, неке туралы куәлік, өмірбаян және өтініш қажет. Азамат шын ықылас танытса, бұл құжаттарды жинауға бір апта жеткілікті. Әрі олар өз бетімен аталмыш базаға ақпараттарын енгізе алады. Ал қиналса біз көмектесуге әзірміз. Осымен бұл жұмыс бітпейді. Біз ниет білдірушінің келтірген ақпарын толық тексереміз. Мәселен, бала асырау үшін азаматта жеке үйі болуы шарт. Қайталап айтып кетейін жалдамалы емес, ата-анасының меншігіндегі емес, жеке өзінің үй болуы керек. Әрі ол тұруға жарамды, балаға ыңғайлы болуы керек. Яғни азамат өзі орталықта тұрғанмен, құжатта көрсетілген үйі жөндеу көрмеген, сонау қыстақта болуы мүмкін. Осындай жағдай болмас үшін берілген ақпарат тексеріледі. Немесе онда басқа да туысқандарымен бірге тұруы мүмкін. Олай болған жағдайда ол азаматтан да тиісті құжаттар және келісім қажет болады. Табысы да келісті болғаны абзал. Жұбайлардың табысы күнкөріс деңгейінен кем дегенше үш есе артық болуы керек. Одан көп болар болса, онда құба-құп. Бір сөзбен айтқанда, өтініш берушінің құжаттары қабылданып қана қоймай оның материалдық жағдайы тексеріліп, моральдық келбеті сарапқа салынады. Бұл дегеніміз біз тырнақ астынан кір іздейміз деген сөз емес. Тек балаға барлық жағдай жасалуын қамту бағытында істелетін жұмыстар бұлар. Тағы бір айта кететін жағдай, қазір асырап алушылар «Сәби үйіне» не балалар үйіне барып, баланың жағдайымен танысып, тілдесіп барып таңдай алмайды. Асырап алушы өзін электронды базаға тіркеген сынды, жетім бала да сол базаға тіркеледі. Нәтижесінде асырап алу да электронды форматта жүреді. Ол базада балалардың денсаулығы, суреті, басқа да қажетті ақпараттар толығымен жазылған. Яғни асырап алушы еліміздегі барлық жетімдерді қарап, таңдап алу мүмкіндігіне ие. Ескеретін жайт базадағы ақпарат құпия сақталады. Асырап алуға тек ерлі-зайыптылар ғана емес жалғызбасты азаматтар да құқылы. Дегенмен баланың толық отбасында өскені құптарлық жағдай. Қазір бұл базада тастанды балалар жоқтың қасы. Көптеген отбасылар шарананың денсаулығындағы кінәратына да қараймай алуда. Айтқанымдай, асырап алушылар туралы мәлімет құпия. Бірақ асырап алуға қажетті тізімдерді алатындар, балалар хақында сұрастыратындар бар. Келісіммен туысының баласын асырап алуға да болады. Бұрынғыдай үлкендердің шешімімен «Енді бұл сенің балаң, сенің перзентің» деп ұстатып жібермей, оның заңдылық тұстарын орындау шарт. Онда бұл жайт туралы балалардың құқығын қорғайтын облыстағы ювенальды сотқа хабарланады да іс сонда қаралады. Онда да асырап алушылардың материалдық, моральдық сипаттамасына көп көңіл бөлінеді, – дейді аудандық білім беру бөлімінің бас маманы Әсет Таңатов.
ЭКО – бедеулік пен белсіздікті емдеу әдісі
ХХ ғасырға дейін денсаулықтағы бедеулік, белсіздік деген кінәрат орны толмастай көрінген еді. Алайда медицина дамып, ақхалаттылар оның да өз амалын тапты. Оны жасанды жолмен немесе экстракорпоральды ұрықтандыру деп атайды. Жалпақ жұрт оны ЭКО әдісі деп таниды.
Тарихқа көз салсақ, ЭКО әдісін алғаш рет британдық биолог Роберт Эдвардс жүзеге асырған. Ол бұл жұмысы оң нәтиже беру үшін 600-ге жуық талпыныс жасаған екен. 1970 жылдары бастаған эксперименті тек 1977 жылы ғана сәтті аяқталған. Сөйтіп, 1978 жылы дені сау боп туылған Луиза Браун ең алғашқы «түтікте жасалған бала» атанды. Біздің елде мұндай нәтиже 1996 жылы тіркелген. Жасы 24-ке келген ол бойжеткен бүгінде өзін қалыпты сезінеді дейді мамандар.
Басынан ашып айту қажет дененден тыс ұрықтандыру, яғни жасанды жолмен ұрықтандыру ол тек белсіздік пен бедеулікті емдеу әдісі. Оған алынуы үшін алдымен ерлі-зайыптыларды жіті тексеріп, алуан түрлі сынамаларды тапсырады. Табиғи жолмен бала сүюдің ешқандай үміті болмаған жағдайда ғана ЭКО әдісіне жүгінеді. Ол үшін жұп, мамандардың толық зерттелуінде болады.
Бауырына өз перзентін басуға мүмкіндік беретін бұл әдістің елімізде де қолданылуда. Өкініштісі, оған екінің бірінің қолы жете бермейді. Себеп... Себеп бұл игі іс тыңғылықты дайындықты, алуан түрлі сынамалар тапсыруды, сайып келгенде дәрігерлердің нұсқамаларын түгелдерлік орындау үшін қомақты қаражатты талап етеді.
Танымал репродуктолог дәрігер Салтанат Байқошқарова айтуынша, біздің елде өзгелермен салыстырған ЭКО айтарлықтай арзан. Негізгі бағдарламасы шамамен 350 мыңға бағаланады екен. Тек мұндада да жаңа технологиялық өзгерістер бар. Осы өзгерістермен оның құны 500 мың теңгеге дейін көтеріледі. Оған қоса дәл сондай қаражат дәрі-дәрмекке қажет. Түрлі тексерістерге тағы да 150-200 мың теңге керек болады. Көбіне емделушілер өзге аймақтан келеді. Олардың пәтер жалдау, тағысын тағы дегендей шығындары тағы бар. Жинақтала келгенде бұл қомақты қаражатты құрайды. Ал, ол қарапайым отбасы көтере беретін қаржы емес. Тіпті 100-150 мың айлық алатындар үшін де жинақ қажет. Бірінші мәртеден оң нәтиже беру-бермеуі беймәлім. Кейде бірнеше рет жасату да керек болады.
Бесік әр шаңырақта тербелсін
2010 жылдан бастап елімізде жылына бір мәрте ЭКО әдісіне жүгінуге квота бар. Яғни мемлекет сәбилі болуды армандап жүрген отбасының емделу қаржысын көтереді. Соңғы жылдары мемлекет тарапынан бір мыңға жуық квота қарастырылған. Міне, енді Президенттің пәрменімен ол жеті есеге ұлғаймақ.
Ресми мәлімет бойынша мұндай бағыттағы квотаны ауданымызда ешкім пайдаланбаған. Дегенмен бейресми ақпарат негізінде өз қаражатына сол ЭКО әдісіне жүгінгендер бар. Бірі барып, саулығын сол орталықтарда тексертіп, қажетті ем-домдарын жасап жатса, бірі жақсы нәтижеге де қол жеткізіп үлгерген.
Қазақта «Жасырғанның жарасы асқынады» деген сөз бар. Десе де, көптеген отбасылар осы бір мәселеге тура қарауға жасқанатынын жоғарыда тиісті маман айтқан болатын. Уақыт жоғалтып тәуіптердің дегенінен шықпай жатады. Қасиетімен адам бойындағы сенімді оятып, жанұялар нәрестелі болып жатса жақсы ғой. Тек көп жағдайда осы бақсы-балгерлерге жұмсалған уақыт, сол отбасылардың медициналық көмекпен балалы болу мүмкіндігін төмендетіп жатады. Сол өкінішті. Хадисте: «Алла қандай дерт түсірмесін, оның шипасы мен дауасын да түсірген» делінеді. 7000 отбасыға үміт отын сыйлаған «Аңсаған сәби» бағдарламасын да бедеулік пен белсіздің бір дауасы деп қабылдайық.
Раушан Жанатқызы,
Бөкей ордасы ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер