21.05.2024, 17:45
Оқылды: 66

Әнші-сазгердің шығармашылық кеші өтті

 

Ақжайық аудандық мәдениет үйінде Қазақстан авторлар қоғамының мүшесі, «Еңбек даңқы» төсбелгісінің иегері, әнші-сазгер, жерлесіміз Рахым Жанайысовтың өнер жолына 40 жыл толуына орай өткен  шығармашылық кеш осылай аталды. Сазгердің әр жылдарда жазылған туындыларын кеште республикалық, облыстық ән байқауларының жеңімпаздары, әнші жерлестеріміз Еркін Өтегенов, Жаңылсын Хасанова, Нұргүл Оразғалиева, Аслан Бақтығалиев, Нәзира Хибашева орындап, көрермен қошеметіне бөленді.

DSC_0093

Сахна төріне алдымен көтерілген кеш иесі өзін қолдап келген қалың көрерменге алғысын білдіріп, «Қарттарым, аман саумысың» әнін, М.Ілясовтың «Мен саған өкпелемеймін» және Т.Рахимовтың «Алтайдың ар жағынан келген ару» әндерін шырқап берді. Айта кету керек, Р.Жанайысов мектеп кезінен түрлі шаралардың бел ортасында болып, өнер әлеміне алғашқы қадамын жасаған. Еңбек жолын қарапайым жұмысшы болып бастаған ол Алматыдағы эстрада және цирк өнері студиясына оқуға түседі. Жас маман Жамбыл ауылындағы мәдениет үйіне орналасып, кейін Жаңабұлақ Мәдениет үйіне 20 жылдан астам уақыт жетекшілік етіп, өнерсүйер қауымның құрметін иеленді. Бүгінгі таңда аудандық мәдени-демалыс орталығында қызмет  етуде.

Әнге құмар өнерпаздың біртіндеп сазгерлік қыры да ашылады.  Республикаға танымал өнерпаздардың репертуарында шырқалатын әндері де бар. Жергілікті ақындардың сөздеріне жазылған әндері – мереклік шаралардың сәні. Осы орайда сазгер бүгінде ауыл-аймаққа кең тарап кеткен «Атамекенге сағыныш» әнінің шығу тарихын баяндап берді.

– 2000 жылы ауданда әуесқой сазгерлердің байқауы өтті. Міне, осы ән аталмыш байқауға арнап жазылған-тұғын, ең алғаш орындаушысы да – өзім. Сол байқауда бас жүлде бұйырды. Мен – әннің сөзіне аса мән беретін талғампаз жанмын. Қазір мән-мағынасыз өлеңдер әнге айналып, оған сазы келіспей жатады. Қазір кейде жастардың әндерін тыңдап отырып, Шәмші, Ескендір, Әсет ағаларымыздың құнды сөзбен үйлесім тапқан сазды әуенін аңсап отырамыз. Сағынтай Бисенғалиев, Мәлік Берді Әлі, Жансая Мусиналармен қатар, Гулия Рақышова, Болат Есқалиев пен Бекболат Қаленовпен бірігіп астана, туған жер, Ақжайық елін дәріптейтін керемет әндерді дүниеге әкелдік, – деді ол.

Бұл өнер кешінің ерекшелігі – сахнаға шыққан әншілер сазгердің туындыларымен қатар республикаға танымал сазгерлердің де әндерін қоса шырқады. Өнер иесін құттықтаған аудан әкімінің орынбасары Бейімбет Ғиззатов аудан әкімінің алғысхатын табыстап, иығына шапан жапты.

Облыстық мәслихат депутаты, Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінің ректоры Әліби Баяхов сазгер досын арнайы құттықтап келді. Астана қаласынан ат арытып жеткен шәкірті, әндерінің орындаушысы Жанат Аманғалиев ұстаз ағасына тұлпар сыйлады. Танымал әншілер Е.Өтегенов пен Ж.Хасанова  ақын С.Бисенғалиевтің сөзіне жазылған кеш иесінің «Ақжайық – әсем әнімсің» әнін орындап, кеш шымылдығын жапты.

Асыл Қайрат,

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале