22.01.2026, 17:15
Оқылды: 40

Аңшылық – табиғатпен тілдесу өнері

Аңшылық – жай ғана кәсіп емес, ол ата-бабадан жеткен асыл мұра, өмір мектебі. «Табиғатты сүймеген адам – елін де сүйе алмайды» деген сөз бекер айтылмаған. Аңшылық ер азаматты сабырлылыққа, ұқыптылық пен мұқияттылыққа, жауапкершілікке баулиды. Табиғат алдында пенде екенін сезіндіріп, ішкі тәртіп пен өзін-өзі жеңе білуді үйретеді. 

Аңшылық (3)

Ерте заманда аңшының серігі – берен мылтық пен құмай тазы болса, бүгінгі күні техниканың мүмкіндігі адам қиялына да сыймайды. Түнгі бақылау құралдары, жануардың дене жылуын анықтайтын тепловизорлар, әуеге көтеріліп, көзге көрінбейтінді көрсететін дрондар – осының бәрі аңшылықтың бүгінгі бет-бейнесін түбегейлі өзгертті. Бұл ретте кейбір мамандар «технология аңшылықтың рухани және тәрбиелік мәнін әлсіретіп жатыр» деген пікір айтады. Өйткені аңшылықтың басты құндылығы – олжада емес, үдерісте, табиғатпен үндестікте жатыр.

Бөрлі ауданында көп жылдардан бері аңшылар мен балықшылардың қоғамдық бірлестігі табысты жұмыс істеп келеді. Бұл ұйымның қалыптасуы мен дамуына кезінде жетекшілік жасап, іргесін қалаған азаматтардың бірі – Вячеслав Васильевич Кривенцов еді. Қарапайым жұмысшы, Ақсай қаласының тұрғыны осы кәсіпті жүрек қалауымен серік етіп, талай жас аңшыларға үлгі болған-ды. Әрине, оған дейін де аудан аумағында табиғатпен етене байланысып, қоғамдық ұйымның тіршілігін жүргізген азаматтар болған. Алайда «уақыт – сыншы» дегендей, талай оқиғалар мен есімдер бүгінде сақталмай, тарих қойнауында қалып қойды.

Аңшылық (4)

Қазіргі таңда қоғамдық бірлестіктің жұмысын үлкен жауапкершілікпен әрі шеберлікпен ұйымдастырып отырған азамат – Алик Ілиясұлы Суюсанов. Ол өз жоспарларында өлке табиғатының тепе-теңдігін сақтай отырып, аңшылықтың дәстүрлі алтын жібін үзбеуді басты мақсат етіп қойған. Бүгінде қоғам құрамында 200-ден астам мүшесі, соның ішінде бақылаушы егерлік қызметті атқаратын  құрам да бар. Олардың қатарында жасы 80-ге таяған қария да, 20 жастағы жалынды жастар да кездеседі. Бұл – аңшылықтың ұрпақ сабақтастығын сақтап отырғанының айқын дәлелі.

Маусымдық аңшылық Қазақстан Республикасының заңнамасына және аймақтық ерекшеліктерге сәйкес қыркүйек айынан аңның жекелеген түрлеріне ғана ақпан айының соңына дейін рұқсат етіледі. Бұл – табиғаттың өз заңдылығын сақтауға бағытталған маңызды талап. Шетелдік тәжірибеге көз жүгіртсек, дамыған елдерде аңшылық экожүйені реттеудің тиімді құралына айналған. Мәселен, Германияда аңшылар тек аң ату емес, орман мен жануарлар дүниесін қорғау міндетін де қатар атқарады. Онда аңшы болу үшін арнайы оқу курстарынан өтіп, қатаң емтихан тапсыру қажет. Ал АҚШ-та аңшылық лицензияларынан түскен қаржының басым бөлігі ұлттық парктерді, жануарлар популяциясын қалпына келтіруге бағытталады. Скандинавия елдерінде бұлан мен бұғы саны шамадан тыс көбейіп кеткен жағдайда, реттеуші аңшылық экологиялық тепе-теңдікті сақтаудың негізгі тетігі ретінде қолданылады.

Экономикалық тұрғыдан алғанда, аңшылық – жергілікті бюджетке табыс әкелетін сала. Лицензиялар, арнайы қызметтер, құрал-жабдықтар, туризм – мұның бәрі ауылдық аймақтардың дамуына серпін береді. Сонымен қатар аңшылық мәдениетінің дамуы экотуризмнің қалыптасуына жол ашады.

Қоғамдық бірлестіктің жетекшісі Алик Суюсановтың сөзінше проблемалар да жоқ емес. Браконьерлік, заңсыз аң аулау, техникалық құралдарды шамадан тыс пайдалану – табиғатқа төнген басты қауіптердің бірі. Сондықтан аңшылық мәдениетін жетілдіру, заң талаптарын қатаң сақтау және жастарды экологиялық жауапкершілікке тәрбиелеу – күн тәртібінен түспейтін мәселе.

Аңшылық (2)

«Табиғат – адамға қонақ емес, аманат» дейді дана халқымыз. Осы аманатты көздің қарашығындай сақтау – әр аңшының, әр азаматтың борышы. Бөрлі ауданындағы аңшылар мен балықшылар қоғамының басты мұраты да – осы. Табиғатты қорғау мен ұлттық аңшылық дәстүрді ұштастыра отырып, келер ұрпаққа саф қалпында жеткізу.

Айжарық Нұр,

Бөрлі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале