13.05.2020, 11:28
Оқылды: 239

Аңшының әңгімесі

Әкемнің айтуынша, ес білгеннен-ақ мылтық ұстап, оқ атуға құмартыпты. «Әке көрген оқ жонар» деген, менің де көз ашқаннан көргенім – аңшылық. Аңшылық-саятшылықпен айналысуды әкеден балаға мұра деп білемін. Аңшылық  –  ерлікке, тапқырлыққа төзімділікке, қайсарлық пен қажымастыққа, нағыз азаматтыққа тәрбиелейтін мектеп. «Аңшылар «өмір заңын» терең ұғынып, оны бағалауды, сүюді, жабайы құс-жануарлардың қадірін біледі» дейтін әкем.

156D75A1-CBF6-4A02-88F9-813F4895CDF8

Жаралы аң-құсты «босқа далада өліп қалады, одан да адамдарға азық болсын» деп атып алатын. Ауылда бұл іспен шұғылданатын әкем ғана еді.

Жастау кезінде жаңа үйретілген тайын мініп, аңға шығыпты. Көл жағасына жақындап, тайының ер-тоқымын ағытып, аяғына тұсау салып қояды. Құс атудың қызығына беріліп кетіп, қанжығасын әбден қандап, майлап, біраз уақыттан соң қайтып оралса, әлгі тайының тұсауы шешіліп кетіп, ауылға тайып тұрыпты. Шарасыз қалған әкем ер-тоқымды айылдарымен буып, арқасына салып, ескі шаппалы мылтығын, атып алған құстарын иығына іліп, ауылға бет алады. Біраз жүріп шаршаған соң аялдап, демін алайын деп, арқасындағы зіл-батпан заттарын жерге тастай салғанда иығындағы мылтығы атылып кетіпті. Оқ етігінің үстінен тесіп өтіп, аяғы жараланады. Бірақ пытыралар табанынан өтпей, қалып қояды. Сол пытыралар әкемнің табанын сипағанда қолға білініп тұратын. Мен қызық көріп сипайтынмын. Әкем жарықтық, табанындағы пытырасы жүрген сайын батып тұрса да төзімділік танытатын. Сонда да аңшылықты тастамай өтті.

Менің де қолыма мылтық алып, тірі мақұлықты атып алып жүргенімде көкейіме түйгенім – жаны бардың бәрі Алладан бұйрық келген күні өмірін тоқтатады, ажалдан қашып құтылған ешкім жоқ. Бұл – табиғат заңы.

Аңшының бәрін бірдей қатыгез деп ұғынған адам қателеседі. Олар ит-құсты мылтықтың күшімен теріп алып, төрт түлікті жем болудан сақтайды. Ауқатқа жарамдысын мұқтаж жандарға ризық етіп апарып береді. Шортаны жоқ өзен-көлде сартұқы балықтары шектен тыс көбейіп кетсе, олардың бауырларында глиста құрттар пайда болып, эпидемия тарайды. Қырылып қала береді. Ас қылып жеуге жарамсыз болады. Ондай эпидемия жануарлар арасында да болады екен. Қасқыр, арыстан, жолбарыс сияқты жыртқыштарды «табиғат дәрігерлері» деп атайды. Себебі олар ұсақ жануарлар мен жәндіктер санының бірқалыпты сақталуына сеп болады. Аңшылардың да әрекеті дәл сол сияқты. Табиғаттағы тепе-теңдікке үлестерін қосады.

Құлаққа қалай естілерін қайдам, бірақ адам мен жануардың арасында да сүйіспеншілік, махаббат бар екен. Аңшылардың сүйіп жақсы көретін бір жануары болады.  

Есіме түскен бір оқиғаны айтайын, Түрікменияның Қызыл-Атрек деген жерінде шекара отрядында әскерде жүргенімде менің аңшылықпен айналысатынымды білетін офицерлер бір күні маған джейран (елік) атуға баруымды өтінді. Мен бойымдағы қаным қызып, делебем қозып, қуана келістім.

Түнде әскери автокөлік –  тягачтың үстінде бірнеше аңшы-офицерлер борттағы отырғыштарға жайғасып отырып алдық. Танктың аккумуляторы мен оған жалғайтын шағылыстырғыш жарықты алдық. Құмды таулардың арасындағы жолдармен жүйткіп отырдық. Жазыққа шықтық. Түрікмендер өздері жазықты «тақыр»  дейді. Жазықта өсетін шөптер бәкене, қансорғыш жәндіктері  біздің жаққа қарағанда аз. Түннің ортасында тақырға жыртқыш аңдардан бас сауғалап, күндізгі ыстықтың таймаған лебінен қашып, күйіс қайырып, тыныштық табуға еліктер шығады екен. Қанжығаны майлауға құмартқан аңшылар осы сәтті күттік. Үдере көшіп, жайбарақат оттауға келген еліктерде есеп жоқ. Елік сұлу десе сұлу екен.

Аңшылар жарықты еліктердің көздеріне шағылыстыра түсірді. Ақшиған жарықтан көздері дұрыс көрмей олар қараңғыға қаша алмай, біріне-бірі соқтығысып, қақтығыса берді. Бірақ айналып, бір жерге жиылған күйі жүгіреді. Ақ мылтықтың ажалына ілігер сәттері осы екен жарықтықтардың.   Түрікмендерге қарасам, адамдық қасиеттен бәрі ада, көздері оттай жанып, еліктерге қырғидай келіп тиеді. Жануарлар бірінен соң бірі тарс-тарс құлап жатыр. Құлағанын үрке қашқандары тапап өтуде. Тақыр қан жоса болды.  Өте бір қайғылы көрініс орнады. Манағы қызу мен қозудан дым қалмады.

Сол кезде менің ойыма келгені адамдар неткен жауыз еді, ет пен сүйектен емес, темірден жаратылғандай, жүрегі жоқтай көрінді. Жауыздықтың шегіне жетіп, есінен айырылған түрікмендер, ірі пытырамен оқталған патрондарын мылтықтарына көз ілеспейтін шапшаңдықпен салып, есепсіз ата берді. Сонда ас қылып жейтіндері – бір-ақ жануардың еті. Олардың мына әрекетін көргеннен кейін екінші елік атуға барғаным жоқ. Еліктің сұлулығын, әлсіздігін, әрекетсіздігін жан-жүрегімен көріп-сезінген мен оған мылтық кезенуге жүрегім дауаламады. Тірі еліктің сұлулығы әлі көз алдымда. Ондай сұлулықты суреттеуге жетер сөз жоқ шығар, сірә?  Көзіне көзің түссе, жәудіреген жанардың ішіне қалай еніп, елжіреп кеткеніңді байқамай қаласың. Дене пішіні тым нәзік-ақ, аяқтары, мойны, басы, екі кішкентай ғана мүйізі – әсемдіктің айғақтары. Ойқастап, ойнақтап, жүгіргендегі кербездігі – кең даланың падишасы екенін ұғындырды.

Тағы бір сұлу аң – ақбөкен. Қызметте жанып тұрған кезім. Нарынқұмда Капустин Яр полигонында  халықсыз қалған жерлерді тек ақбөкендер (сайғақтар) ғана мекендейтін. Олар оңтүстік облыстардан жаз шыға бастағаннан келіп, лақтарын өрбітеді. Кейде қыс жұмсақ болса, жерге қар түскенше жайылады. Суы мол, құнарлы жерді жақсы көреді олар.  Ақбөкендер ондай жерде  400-500 басқа дейін жетеді. Отарлары бірімен-бірі жалғасып жатады.

Бір күні Шамиль есімді жүргізушімді алып, полигон аралауға шықтық. Шеті мен шегі жоқ жайылып жүрген ақбөкендерге кезіктік. Аңшылық құмарлығым ұстап, мылтығымды дайындай бердім. Шамиль де   түсіне қойып, жылдамдықты арттырды. Құйындатып қуа жөнелдік. Сөйтіп, ақбөкеннің бір текесін атып құлаттым. Ызғытып жанына жетіп бардық. Мертіккен ақбөкен пысылдай тыныстап, қозғалмай жатыр. Шамиль қалтасынан бәкісін суырып алып, тамағынан осып кеп жіберді. Жануар менің көзіме тура адам секілді қарап жатты. Ақбөкеннің көздері қазақтың қарагөз аруларынан бір аусашы! Жарқ еткен жанарынан мөлтілдеген жасы сорғалап, жерге тамды. Сұлу жануар бір бұлғын тартып барып, көзінің оты да сөнді. Ақбөкеннің өжеттігі жүрегіме ыстық сезім қалдырды. Мен атқанда құлаған сәтінен көзінің жанары сөнгенге дейін адам-жауыздан қашып құтылуға әрекет жасамай, дыбысын  шығармай, қиналғанын білдірмей, «Мен отарым үшін асыл өмірімді тіктім, міне басым, енді не қылсаңдар да, еріктеріңде» деп еркектік ерлікпен өткендей көрінді маған. Менің ақбөкенге жасаған қатыгездігім осы ғана болды. Бұдан кейін ақбөкендерді адам баласындай жақсы көріп кеттім.

Шынар Молданиязова

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале