Әй, осы кейде адамнан жан-жануар артық па деп қалам. Неге дейсіздер ғой? Себебі қарап жүрмей үлкен кісілердің тағылым-тәмсілге толы әңгімесіне құлақ түріп, осылай ойламасқа амалым қалмады. Қазір не көп, баласын тірі жетім етіп, ботадай боздатқан безбүйрек әке мен ана көп. Иә, болмаса, құдай қосқан қосағына қорған болмақ түгілі, ақ некеден аттап арсыздыққа барып жатқан ақылсыздар көп. Мен сияқты қағаз бен қаламды айнымас досқа айналдырған кісіге жайыма қарап отыруға күш керек қой. Ойым онға, санам санға бөлінді де қалды. Жазбасам, ішкенім ірің, жегенім желім болмаса неғылсын. Әй, бірдеңе жазып шықпасам, жаным жай табар түрі жоқ. Жазғыштардың айтатын «шабыт» дегені осы-ау, сірә? Сонымен, не басыңызды ауыртайын, мен құлағымды тігіп, аузымды ашып тыңдап жүрген балаларын қызғыштай қорыған түлкі мен сыңарына деген адалдық жолында құрбан болған торы ала қаз туралы қос әңгіме мынау еді.
Түлкінің ауыз әдебиетіндегі бейнесі қулық-сұмдықтың, айлакерліктің бейнесі ғой. Үнемі жаман, жағымсыз кейіпкер ретінде оқып жүрміз. Есіңізге түспей тұр ма? Дәулерге дес бермеген «Қаңбақ шалды» қақсатқан сол түлкі емес пе? Орыс ертегілерінде қорадағы тауықтарды жейтін, әнебір ертегідегі шалдың аулаған балығын жеп, өтірік өлетін де сол сұмырай түлкі ғой. Жақтырмай барасыз ба қу түлкіні? Ендеше әрі қарай жалғастырайын, ол ойыңыздан ада боп шықпасаңыз қанеки?
Аң атып, балық аулау десе, ішкен асын жерге қоятын, саят десе, сан етін кесіп беретін, жасы елуден асқан, бәкене бойлы, сәл толықтау, қызылшырайлы Бекежан ағай демалыс күні үйге сыймады. Бәйбішесімен бір ұрысты, балаларымен тағы шекісті. Байыз таппай, ашу-ызасын тарқатып, демалып қайтпақшы болып, балық аулауға шығатын болды. Жолай үзеңгілес досы, замандасы, әзіл-қалжыңы жарасқан Қайырдың үйіне соғып, алып шықты. Бар шаруасын ысыра сап, шыға салған Қайыр ағаның артынан айқайлап жеңгей қала берді. Қастарынан аңға түсіп жүрген қос тазыны да тастамай, мәшинеге салып алды. Бұйыртса, қанжығаны майлап қайтпақ.
Ызғытқаннан ызғыта отырып, өзеннің ауылдан он-он бес шақырым жердегі жарқабақ тұсына жетті. Білгіштердің сөзіне сенсе, осы жерден балықтың қармақты қабуы күшті. Өздері де бұрын екі-үш рет келген өзеннің тұсы еді. Әкелген құрал-саймандарын ыңғайлап, тік жарлы жағада қармақты суға салып, «қармағымды қап, балық» деп күтумен отырды. Бір сағат дегенде, бір ақымақ шабақ түсті-ау. Бір мезетте он қадамдай жерден бір түлкі атып шыға келсін. Көктен тілегені жерден табылған тазыларға да керегі осы емес пе? Арсылдап, абалап, делебесі қозып, түлкіні қуа жөнелді. Ой, бір рақаттанып қызыққа бөленеді-ау! Түлкінің пәрша-пәршасын шығарар ма еді!
Түлкі сасар емес, бұлаңға салып, соңынан иттерді ертіп барады.
- Апырмау, бұл қайдан шыққан түлкі?
- Дәу де болса, құтырған түлкі.
- Қой, құтырған емес, не болса да бір айласы болғаны-ау, шамасы. Мұндайдың көкесіндей талайын алып жүрген иттер оны бұйым құрлы көрмес.
Сөйтіп, Бекежан мен Қайыр өздерінше болжап кесіп-пішіп, иттер қайтер екен деген оймен артынан бақыламақ болып, қармақ-сармағын тастай салып, жарқабақты жағалай жүрді. Бақса, тік жарлы өзен жағасында түлкінің іні мен күшіктері бар екен. Әлгі түлкі балаларын, ұясын қара ниет адамдар мен қызық іздеген иттерден аман алып қалу үшін өз жанын шүберекке түйіп әрекет жасаған екен. «Мейлі, өзі иттерге жем болса, болсын. Бірақ балалары аман қалып, өмір сүрсе екен.» Міне, әлгі ағалардың құтырған деп ойлаған түлкінің ойы осындай екен. Түлкіні қалт жібермейтін иттер оны да әп-сәтте қағып салды.
- Ойпырмай, не деген қу десе, қу түлкі.
- Қулығын інін қорғап қалу үшін іске асыруын қарашы! - деп, ойда-жоқта қанжығаларына түлкі байлап қайтып келе жатқан екі ағай таңданыстарын жасыра алмады.
Өзім аз сөйлеп, көп тыңдайтын әдеттен жаңылған емеспін. Және бір тағы да азамат ағалардан естіген екінші әңгімеме ауысайын.
Сол баяғы саятшылық десе, қу жанын қуырдақ қылатын Бекежан ағам мен Қайыр ағай екеуі тағы да аң аулауға шығады. Ми батпағы шыққан көктемгі жердің қандай болатынын білесіз ғой, сондай күндердің бірі болса керек. Құстар ұшып келіп жатқан уақыт. Бұл жолы мәшинелері батып далада қалудан қорқып, атпен саят құрмақ болған ағалар «қанды басың бері тарт!» десіп, айдарынан жел есіп, құс атпақ ойлары бар.
«Құланның қасуына мылтықтың басуы» дегендей, далада жүрген торы ала қазды көреді.
- Мына бір торы ала қаздың еркегінің тіптен семіздігін, ірілігін қарай гөр,- деді Қайыр ағай қосауызды ыңғайлап.
- Қой, қайтесің, атпақшысың ба? Оның еті дәмсіз ғой. Одан да қоңыр қазды атпаймыз ба?.
- Есің сау ма өзіңнің? Атпағанда ше? Алдымнан шыққанына қарағанда маған бұйырып тұр ғой,- деді де, шидің шетіне қонған шегірткені атып түсіретін сұр мерген Қайыр ағай көз ілеспес жылдамдықпен қосауыздың шүріппесін басып кеп қалды. «Гүрс!»
Көздеген торы ала қазды қалт жібермеді, атқан оқты мүлт кетірмеді. Өзен маңы азан-қазан. Айқай-шу. Қиқулаған құстар апыр-топыр ұша жөнелді. Құс атушылар сорпа жасайтын қоңыр қазды олжаламақ болып, жағаға жақындады. Аттың басын бұрып, жүре бергенде, атып алған торы ала қаздың сыңары, ұрғашысы аттың жолын кес-кестеп, үркітіп, бой бермеді. Тіпті атты алға жылжытуға мүмкіндік берер емес. Бекежан ағай қанша қамшы басса да, ат қозғалар түрі жоқ. Торы ала қаз болса, олай-бұлай ұшып атты жіберетін емес. Әбден титықтарын келтірді.
- Мынау қаз сыңарын жоқтап тұр ма екен?
- Сыңарын атып алғасын, жалғыз қалғысы келмей тұр-ау, сірә?
- Мұны да атып аламыз ба? Сыңарынан айрылып іш құса боп тұр ғой. Көрмейсің бе, «мені ат» дейтіндей. Қарғысы ұрып жүрер.
Амалы болмаған Қайыр атып салды. Онсыз да үркіп тұрған ат алып қашуға шақ қалды. Бастан тиген екен оқ. Қып-қызыл даладай қан болды торы ала қаз.
Одан кейін ұнжырғалары түсіп, жүздері сынған екеуі құс атуға деген көңілдері су сепкендей басылып, үйге қайтты.
Міне, ағалардан осындай әңгіме естігеннен кейін, адамдардан аң-құс артық екен-ау деген ойда қалдым. Шынымен де солай емес пе? Адамдар кейде бір-біріне не деген тас бауыр, қатыгез, безбүйрек?
Шынар Молданиязова,
Сырым ауданы