8.11.2022, 11:15
Оқылды: 50

Антына адал азамат

Көзі қарақты елі мен ерін қадірлейтін жерлестеріміз Әпеновтер әулетін жақсы біледі. Ұлы Отан соғысының ардагері болған, сол кездегі қан майдан жорықтарын бастан кешкен Сәбит ақсақалдың өмір жолы еңбек пен ерліктің үлгісі, тәлім-тәрбиенің таусылмас кені болғаны бәрімізге белгілі. Бүгінгі әңгімеміздің арқауы белгілі ақсақалдың ұлы Берік Сәбитұлы Әпенов туралы болмақ.

Фото Антына

1958 жылы дүние есігін ашқан Берік барлық совет балалары секілді өмірін сүрді. Мектепке барды, Шилі орта мектебін жақсы аяқтап,болашақ өмір баспалдағымен алға басты. Мектепте жүргенде қоғамдық жұмыстармен қатар спортпен шын ниетпен айналысты. Бокспен шұғылданып жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Баскетбол, волейбол, футбол ойындарын да шебер меңгерді. Шаңғы тебуден аудандық, облыстық жарыстарда жеңімпаз атанды. Бұл тұста спорттық жолға жетелеген бапкерлермен қатар өзінің спортшы ағалары Жүсіпқали, Серіктердің де үлгісін алғанын айтқанымыз да орынды. Спорттың оның өміріне игі әсерінтигізіп, өмірлік жолын, кәсібін таңдауда да басты рөл атқарғаны сөзсіз.

Әскер қатарынан келген Беріктің алдында екі таңдау тұрды. Бірі -жоғары оқу орнына түсіп оқу, екіншісі-еңбекке араласып, ата-анасына қамқор, інісі Мұратқа тірек болу. Берік екіншісін таңдады. Сөйтіп, жас жауынгер аудандық ішкі істер бөліміне қызметке кірді. Жас жігіт жұмысқа белсене кірісіп, аз уақыттың ішінде өзін жан-жақты дайындығы бар, жауапты азамат ретінде көрсете білді. Жұмыс жасай жүріп, оқуды да ұштастырып, жоғары білім де алды.

Талапшылдығы мен жоғары жауапкершілігі әскери атағы мен лауазымын да көтеріле беруіне жол ашты. Милиция подполковнигі Берік Сәбитұлы зейнеткерлікке шыққанға дейін аудандық өрт сөндіру бөлімінің бастығы болып жұмыс істеді. Осы жылдарда жүздеген жас қызметкерлердің өмірден орындарын табуына, жақсы қызметкер атануына бағыт беріп, ағалық қамқорлығын жасады.

Елге қызмет етуге берген антына адал азамат әке рухына тағзым етуді де үнемі есте ұстайды. Өз үйінің төрінде тұрған әкесі Сәбит Әпеновтің майдандағы өмір жолын суреттейтін көрмесі осының айғағы. Көрмеде соғыс кезіндегі, бейбіт жылдардағы әкесінің фотосуреттері, құжаттары сақтаулы тұр. Бұл көрме тек осы әулетке ғана емес жалпы аудан жұртшылығы үшін маңызды көпке үлгі болардық қадам деуге болады. Әкеге құрметтің үлгісі осындай болсын.

Бұл күндері ақылшы әке, ардақты ата болып ұл-қыздарының, немерелерінің қызығына бөленіп отыр. Ұлы Қуаныш Астана қаласында тұрады. Келіні Айнагүл екеуі жұмыстарын атқарып, бай-қуатты өмір сүруде. Қызы Нұргүл мене Айнагүлі де өмірден өз орындарын тапты. Немерелері мен жиендері Батырхан, Ясмин, Алихан, Мәлика, Роза, Алтындар ата-әжесін қызыққа бөлеуде.

Жуырда Орал қаласында өткен үлкен жиында Батыс Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаментінің бастығы полковник Е.Өтегеновтің ұсынысымен Берік Сәбитұлына «Төтенша жағдайлар ардагері» атты медаль табыс етілді.

Елжанлы азаматты марапатымен құттықтай отырып, алдағы күндерің қуанышқа, мейірім мен шаттыққа толы болсын дейміз.

                                                                                                 Адақ Шотпанов,

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале