Қазталов ауданы Қараоба ауылында ақын, ұстаз Дариға Мұштанованың «Аңыз болған абысындар» атты кітабының тұсаукесері өтті.
Иә, бұл кітаптың тұсаукесері 6 сәуір күні Орал қаласында Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында өткен еді. Дегенмен бүгінгі тұсаукесер өзгерек. Себебі бұл кітаптың басты кейіпкерлері Қараоба ауылының аяулы үш анасы, үш абысын – Сақыпжамал, Сақып, Ділда еді. Қазақы дәстүрді берік сақтаған, имандылық, ибалылық, қайсарлық, кеңдіктің бейнесіндей үш абысынның тағдыры жазылған бұл кітап олардың туған жермен қайтадан қауышуындай болды. Сондықтан да бұл тұсаукесердің орны ерекше дейміз.
«Қиындық деген – қайрақ. Оған қаңылтырды жанысаң кетіледі, болатты қайрасаң жетіледі. Кетілмеді, жетілді қайран, қайсар үш Ана – үш абысын. Содан да олардың өздері – абыз, аттары – аңыз болды елде» -дейді кітаптың алғысөзін жазған жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Сәбит Досанов.
Кітапқа үңілсең, үш абысынның бірі – Қайсағали ағаның жары Сақыпжамал анамыздың ақтүтек ала боранда шанадан түсіп қалған сәбиді жалғыз өзі жаяу іздеп барып тауып әкелуі, Қизағали аға мен Сақып ананың 5 бірдей баласының қызылшадан 17 күннің ішінде көз жұмып, ананың аңырап қалғаны, Сақыпжамал мен Ділда аналарымыздың ауырып жатқан Сақып абысындарына ем болар деп балық іздеп Астраханға барған сапары, бәрі-бәрі көз алдыңнан өтіп жатады.
Тұсаукесер кешін осы кітаптың жазылуына ұйытқы болған Сақыпжамал ананың келіні Ырысты Қайсағалиева аса бір тебіреніспен жүргізді. Сахна төріне көтерілген шығарма авторы Дариға Мұштанова бұл кітаптың шығу тарихына аз-кем тоқалып өтті.
–Бұл кітаптың жазылуы бір Алланың, содан кейін аналарымыздың қолдауымен болғандай. Жолы өте жеңіл, бәрі бір алдын-ала жоспарланып қойғандай. Тек адаспай жүрсең болғаны дегендей олар. Қараобаның өзі бір киелі жер ғой. Бұл жердің адамдары да ерекше, пейілдері кең, нағыз қаймағы бұзылмаған қазақы ауыл. Ал осы ауылдың аттары аңызға айналған үш абысыны – нағыз қазақтың келінінің, елдің анасының көрінісі. Кітаптарыңыз құтты болсын, -деді өз сөзінде Дариға Ғазезқызы.
Тұсаукесерде аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Самал Жангереева аудан әкімінің құттықтау хатын, Қараоба ауылдық округінің әкімі Арман Ғалымов алғысхат табыс етсе, бүгінде әулеттің үлкені болып отырған Қайырболат аға мен Жеміс апа, сонымен қатар ауылдың бір топ үлкендері аналары, үш абысын туралы естеліктерімен бөлісіп, кітап авторына алғыстарын білдірді.
Ал Айса аға мен Ділда ананың баласы Шынтемір аға мен жұбайы Әлия апа Қызылорда облысынан арнайы келіп, өздері «Үлкен мама», «Тәтай мама», «Кішкентай мама» атап кеткен аналары жайында, туған жері – Қараоба туралы тебірене сөйледі. Айта кетейік, Шынтемір Айсин бүгінде «Сырдария ауданының құрметті азаматы», Мәдениет саласының үздігі. Осы келгенде Қараобаға арнап жазылған Дариға Ғазезқызының «Қараобам» өлеңіне қызылордалық сазгер Серік Байдәулетовке ән жаздырып, елге сыйлады.
Сонымен қатар тұсаукесерде үш абысынның, үш дана ананың алақандарының табы қалған тұтқаны ұстап отырған үш келін, үш абысын – Жеміс, Әлия, Ырысты да жүрекжарды лебіздерін жеткізді. Ал үш абысынның қайынсіңлісі Ағиза ана мен Дариға Ғазезқызы кітаптың тұсаукесер рәсімін жасап, шығарма авторы әсерлі кештен соң кітапты қолдарына алып, аңыз болған үш абысынның өмірімен танысуға асық боп тұрған оқырмандарға қолтаңба жазып берді.
Иә, бүгінгі күнде санамызда рухани жаңғыру жүріп жатырған уақытта бұл шығарманың алар орны, берер тәрбиесі, ұғындырар ұлағаты көп. Бұл кештен қатысқандар үлкен тебіреніспен, әсермен тарқасты.
Мөлдір ӘНУАРБЕКҚЫЗЫ,
Қазталов ауданы