2.12.2020, 9:51
Оқылды: 52

«Аппақ болып Ақтауда арман жатыр...»

Ақтау - ауылдық округі ауданның орталық бөлігінде орналасқан ауыл. Егін егуге де, мал жаюға да шұрайлы жер. Жер көлемі 73 511 гектарды құрайды. Бұрынғы «Красный маяк» совхозының ізінде құрылған ауылдың қазіргі таңда тыныс-тіршілігі ерекше. Жергілікті Кулаково, Паника елді мекендері де 1929 жылы «Карл Маркс» колхозы болып құрылған. Кейіннен 1960-шы жылдары ұсақ колхоздарды ірі совхоздардың құрамына қосқан кезде, «Карл Маркс» колхозы «В.И.Ленин» атындағы совхоздың төртінші бөлімшесі болған екен. 1965 жылдың тамыз айында «Красный маяк» совхозы болып құрылған көрінеді.

8C7C5DF8-3F93-48F6-8F90-B24B8505905B

Сол кезден бастап Ақтау ауылы деп аталыпты. Кезінде тұрғындар саны он бір ұлт өкілдерінен құралып, 2005 адамнан асыпты. Аудан орталығынан 12 км қашықтықта орналасқандықтан, қатынасқа онша қиындық туғызбайды.

8AEE0391-4163-4297-8A0D-C912A9099634

Бұл жердегі елді мекендер 1824 жылы пайда болған. Оған орыстың Н.Ильин деген генералы екі бауырымен иелік еткен көрінеді. Олардың су бойында екі қабатты үш үйі мен бау-бақшалары болған. Жаз кезінде шөп шауып, бұған ауыл тұрғындарын жұмысқа тартқан. Бастапқыда ауылдың аты «Паника» деп аталған екен. Бұл атаудың шығуы ауыл маңындағы өзен суына байланысты. Өйткені төмен қарай жылдам аққан су кенет бұрылыста жол таба алмай буырқанып, көбік шашып жарға соғылатын көрінеді. Содан орыстар «паникует», яғни шу шығарады деп ауылды «Паника» деп атап кеткен. Азамат соғысы жылдарында бұл ауыл екіге бөлінген. Малый Паникті кедейлер мен қызылдар мекен етсе, Большой Паникте ақтар мен байлар тұрған. 1920 жылдар шамасында аумақта Чапаев дивизиясы тоқтап, Иванаев елді мекенінде бір жұма болған. 1985 жылы Ұлы Жеңістің 40 жылдығы қарсаңында, ауыл орталығында Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлерге арналған ескерткіш орнатылды. Қазіргі таңда округте 280 аулада 1130 адам тұрып жатыр. Округке төрт елді мекен – Черная Падина, Қызылбас, Беленький, Ақтау ауылдары кіреді. Ауыл шаруашылығы саласы бойынша ақтаулықтар мал шаруашылығы және егін шаруашылығымен айналысады. Өткен жылды 2018 жылмен салыстырғанда мал басы санының өскендігі байқалады. Соның ішінде ІҚМ 2327 болып (2018 ж. – 2197 бас) 130 басқа (6%), жылқы 679 болып (2018 ж. – 563 бас) (21%) 116 басқа өссе, қой мен ешкі 4426 болып (2018 ж. – 4294 бас)132 басқа (3%) өскен. 2019 жылы егістік алқабы – 8609 га құраса, соның ішінде дәнді дақылдар көлемі – 6204 га, майлы дақылдардың көлемі – 1169 гектар, ал көкөніс 5,6 гектарды құрады. Жем-шөп базасын одан әрі дамыту үшін 1230 га жем-шөп дақылдары пішенге егілді. Өткен жылмен салыстырғанда биыл егістік алқап көлемі 29 пайызға артқан. Түскен өнім 7444 тонна астық, 6500 тонна мал азығы жиналды. Былтыр малға 35 086,0 мың теңге егінге 5238,0 мың теңге субсидия төленді. 2018 жылмен салыстырғанда алты есе өсім бар. Биылғы жылы да Үкімет тарапынан берілетін жеңілдіктерді мүмкіндігінше толық пайдаланамыз. Кәсіпкерлік саласы бойынша аталмыш ауылдық округте қырық шаруа қожалығы тіркелген. Оның жетеуі егін егумен айналысса, қалғандары мал өсірумен және шөп шабумен айналысады. Ауылшаруашылық саласында 72 адам еңбек етеді. Округ бойынша 40 жеке кәсіпкер тіркелген. Өткен жылмен салыстырғанда 12 жеке кәсіпкерге артып отыр. Кәсіпкерлік саласында 37 адам өздерін тұрақты жұмыспен қамтуда. Алдағы уақытта шағын және орта бизнесті одан әрі дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу және ауылымызға инвестиция тарту бағытында жұмыстарды жандандыратын боламыз. Білім беру саласына келсек, округте бір жалпы орта білім беретін мектеп-бөбекжай кешені жұмыс жасайды. Ол да осы жылы күрделі жөндеуден өтті. Мектепте 35 мұғалім еңбек етуде. Өткен жылы мектебімізді 12 оқушы тәмамдап, ЖОО 100 пайыз грант иегері атанды. Бұл ауылымыз үшін үлкен мақтаныш. Олардың қатарында екі алтын белгі, бес үздік аттестат иегері бар. Өткен оқу жылында мектеп қабырғасында барлығы 184 бала білім алып, тәрбиеленді. Он бала мектепалды даярлық тобында болса, ал отыз екі бала балабақшада. Денсаулық сақтау жүйесін дамыту – мемлекетіміздің басым бағыттарының бірі. Осы ретте ауылдық округіміздің денсаулық сақтау жүйесінде бір дәрігерлікамбулаториялық емхана және бір фельдшерлік пункт қызмет жасайды. Бес медицина қызметкері тұрғындарға қызмет етуде. Ауыл тұрғындарына жоспарлы түрде медициналық қызметтерді көрсетіп келеді. Биыл аталмыш медициналық ғимарат толықтай күрделі жөндеуден өткізіліп, қазіргі таңда өз жұмысын жалғастыруда.

Білімділер мекені

Ақтау орта жалпы білім беретін мектеп-балабақшасы - Карл Маркс атындағы мектеп. Ол 1929 жылы ашылған. Бірінші класқа 12-13 жастағы балалар қабылданған. 1986 жылы жаңа типтік ғимаратқа көшкен. 2010 жылы мектеп жанынан 25 орындық шағын балалар орталығы ашылды. Аталған білім ұясынан дәріс алғандар арасынан оннан аса ғылым докторлары мен кандидаттары, басқа да елге танылған азаматтар шыққан. Солардың кейбіреулері мыналар: ғылым кандидаттары Хисмет Қапанов, Латиф Қарасаев, Тайман Төлеуғалиев, Сатыбалды Мақпозов, Жансебілім Мақпозов, Өтебай Өтешев, Қалиолла Зайнуллин, Мұқатай Сейтқазиев, Бижан Жұмағалиев және тұңғыш парашютпен секіруші Қасипа Сейтқазиева, генерал-майор Жақия Сейтқазиевтер шыққан ауылдан әлі де әлемді мойындатар жастар шығатынына ақтаулықтар сенімді. Қазіргі таңда мектепте 38 мұғалім еңбек етеді. Ақтау ауылдық кітапханасында 20 мыңнан астам кітап қоры сақталған. Он екі орындық оқырмандар залы бар аталмыш кітапханаға 700-ге жуық оқырман тіркелген. Ақтаудағы 240 орындық мәдениет үйі 1981 жылы пайдалануға берілген. Ақкүтір елді мекені Ақтау ауылдық округіне қарайды. Округ орталығынан солтүстікбатысқа қарай 17 км қашықтықта орналасқан. Бұрынғы «Красный маяк» совхозының №3 бөлімшесі. Қазіргі таңда 13 аула, 56 тұрғыны бар. Қызылбас елді мекені округ орталығынан солтүстік-батысқа қарай 10 км қашықтықта орналасқан. Бұрынғы «Красный маяк» совхозының №2 бөлімшесі. Қазіргі таңда онда жеті аула, 20 тұрғын тіркелген. Қараой елді мекені округ орталығынан оңтүстік-шығысқа қарай алты км қашықтықта орналасқан. Ауылдың іргетасы 1933 қаланған. Бұрынғы «Логашкино» совхозының №4 бөлімшесі. Кейін 2007 жылы Ақтау ауылдық округіне қарасты етіп берілген. Қазіргі таңда алты үй, 24 тұрғын тіркелген. Онда бір кітапхана жұмыс жасайды. Жеті жеке шаруа қожалығы орын тепкен.

EB9DE06A-9FB3-4519-A25A-BEE1484701B1

Жаңа ғимарат – ауылдың келбеті

Жалпы айтқанда, мемлекет тарапынан ауылдық округтер мен елді мекендерді көтеру бағытында қолдаулар болып жатыр. Оның бір дәлелі ретінде осы Ақтау ауылдық округін атауға болады. Жұлдызды сәті туған аталмыш ауыл мемлекет тарапынан да, аудан әкімшілігінен де толықтай қолдауға ие болып, біраз жұмыстар игерілді. Бұл жасалып жатқан жұмыстарды көріп, ауыл халқының көңіл күйі ерекше. Оны аудан әкімінің тікелей қадағалауымен қайта жаңғыртылып жатқан Ақтау ауылындағы бөгеттің жұмыстарын көруге барған кезде байқап жүрміз. Ауылдың үлкендері сол жерге аяқтай келіп, ауыл халқының атынан алғыстарын жаудырып жатады. Осы жылы індеттен аманесен құтылсақ, арқаларына сөмкелерін іліп алып, күрделі жөндеуден өткізілген жаңа мектепке қарай шауып бара жатқан балаларды көрерміз. Оған қарсы бетте іші-сырты келісті, әрі келбетті медициналық ғимарат тұр. Ол да халықтың денсаулығы одан әрі жақсы болсын деген ниетпен жаңартылды. Жалпы, Ақтау ауылының көшелерімен жаяулап жүрсеңіз, балалар ойын алаңының, көше жаттығу орындарының және шағын футбол алаңдарының жаңартылып, ауыл тұрғындарына қызмет жасап тұрғандығын байқарсыз. Саябақтарға жарықшамдар орнатылып, түн қараңғысында ауылдың сәнін кіргізуде. Сөз басында айтып өткендей, қайтарымсыз грант алып, өз-өздерін жұмыспен қамтып жатқандардың қатары көбейіп келеді. Қайта күрделі жөндеуден өткен бөгеттен алдағы көктемде мыңғырған мал су ішіп, аққу қонған көрініске де куә болармыз. Күтейік...

F57445E5-37AD-436D-BCCB-38A0C662BB7C

Темірболат Тоқмамбетов,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале