Теректі ауданы әкімдігінде кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның отырысы өтті. Оған аудан әкімінің орынбасары Ержан Досмақов төрағалық жасады.
Күн тәртібінде үш мәселе қаралды. Алдымен аудандық педагогикалық-коррекциялық түзету кабинетінің меңгерушісі Дәметкен Умарғалиева өзі басқарып отырған мекеменің 2019 жыл бойынша жасалған жұмыстары туралы есеп берді.
Комиссия отырысында Теректі ауданы Покатилов ауылының Э. есімді тұрғынының бала тәрбиесіне қатысты аудандық білім беру бөлімінің қатынас хаты қаралды. Аудандық білім беру бөлімінің бас маманы Бибінұр Джумағазиеваның айтуынша, Э. есімді тұрғын төрт баласын қараусыз қалдырып, облыс орталығына «нәпақа табам» деп апталап кетіп қалады екен. Аталмыш факт бірнеше мәрте қайталанған. Ісі қаралған азаматша бір жыл бойы АӘК алып келген. Жәрдемақының жаңа форматтағы нұсқасына да құжаттар тапсырып, осы айда қаражаты қолына тиген. Алайда бала қараусыз. Отын жоқ дегенді сылтау қылып, балаларды көрші-қолаңға тапсырып, өзі қала аралап кетеді екен. Мектеп жасындағы қос бала еш себепсіз сабақ қалдырады. Комиссия мүшелері ауыл әкімінің, мектеп ұжымының пікірін тыңдап, Э. есімді ауыл тұрғынының ісін жіті назарға алды. Оған үш ай көлемінде сынақ мерзімі берілді.
Комиссиядағы екінші мәселе де Покатиловтан алыс кетпеді. Жиында З.есімді ауыл тұрғынының бала тәрбиесіне қатысты ісі талқыланды. Ауыл мектебінде оқитын қос оқушы анасының емес, ата-әжесінің тәрбиесінде. Анасы қос баладан өз еркімен бас тартып, өзге ауданның тұрғынына тұрмысқа шыққан. Комиссия отырысына келген екі баланың бүгінгі таңдағы қамқорлаушылары, яғни ата-әжесі үкімет тарапынан берілер жеңілдіктерді сұрай келді. Комиссия мүшелері заң аясында мәселе кеңінен қаралатынын жеткізді.
Әділет Әлібек
Теректі ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер