23.06.2023, 15:45
Оқылды: 52

«Әр адамның әл-ауқаты артқанын қалаймын»

Света Сағидоллақызы Алғабас ауылдық округінің әкімдігінде біраз жылдан бері қызмет етіп келеді. Жиі кездеспесек те, көрісіп қалған кезде жылы жүзі, мейірімді көзі адамды бірден өзіне тартып, баурап тұрады.

1687500397235

Света Хаймулдина Қаратөбе ауданы Қаракөл ауылында дүниеге келген. 1973-1982 жылдары Аралтөбе орта мектебінде білім алды.  9-сыныпты бітіріп, Орал құрылыс техникумына оқуға түсіп, 1982-1985 жылдары құрылыстағы бухгалтерлік есеп мамандығын алып шықты.  Еңбек жолын 1985 жылы «Қызыл ту» колхозында есепші болып бастады. 1997 жылға дейін осы жерде жұмыс жасады. Одан кейін 1997-1999 жылдары «Алғабас» өндірістік кооперативінің мүшесі болды. Кейін аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің Алғабас ауылындағы әлеуметтік көмек жөніндегі статист маманы, Алғабас ауылдық округі әкімі аппаратының жетекші маманы,бас-маман есепшісі болып еңбек етті.

2015 жылы Алғабас ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы болып тағайындалып, бүгінге дейін осы қызметті абыроймен атқарып келеді.

Жалпы еңбек өтілі 30 жылдан асатын Света Сағидоллақызының мемлекеттік қызмет саласына келгеніне 9 жыл 6 ай болыпты. Ер азаматы Рафих – жүргізуші, екеуі қос ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр.

– Мемлекеттік қызметші болу өзіме ұнайды. Жұмысыма үйреніп алғаным сонша, мен үшін түк те қиындығы жоқ. Барлық тұрғынның әл-ауқаты жақсарғанын қалаймын. Сондықтан да аудан, облыс сұраған жеке тұлғалардың әлеуметтік жағдайы бойынша ақпаратты дер кезінде жіберіп отырамын. Қай кезде де халқым үшін қызмет етуге дайынмын. Әр адам өз мамандығын жақсы көруі керек. Сонда ғана жұмысы өрбіп, өрлейді. «Мемлекеттік қызмет – абыройлы қызмет» дегендей, ауданымның әлеуметтік-экокномикалық дамуына қажырлы еңбегім мен сүбелі үлесімді аянбай қосуға тырысып келемін, - дейді мемлекеттік қызметші.

С.Хаймулдинаның еңбегі бағаланып, 2017 жылы аудан әкімі Т.Төреғалиевтің алғыс хатына ие болды. Жуырда мемлекеттік қызметшілерге арналған біліктілікті арттыру  курсын оқып келді.

Мақаланы дайындау үстінде Алғабас ауылдық округінің әкімі Өркен Әменов ағамыздың да пікірін білуді жөн санадық. Самиғоллаұлы Сағидоллақызы туралы:

–   Алдымен Света Сағидоллақызының кішіпейіл жан екенін айтқым келеді.  Берілген  тапсырмаларды  уақтылы, жауапкершілікпен, тиянақты орындайды. Түрлі шаруамен алдына келген азаматтарға бір қабағын шытпастан,  барынша көмектесіп,  түсіндіріп жатады. Уақытпен санаспайды. Ешқашан ренжігенін көрген емеспін. Бір-екі жыл бұрын өмірден озған ата-енесін бағып-қақты, - дейді.

Өзіне жүктелген міндет – халық сенімін ақтап, қалтқысыз қызмет етіп жүрген бас маманы туралы  әкімі осылай мінездеме берсе, одан артық қандай баға керек?

Адалдығы және әділдігі, өз жұмысына деген жауапкершілігі, қоғам мен азаматтардың сенімін туғызу, адамдар арасында осы қызметші туралы дұрыс пікір, оң көзқарас, оған деген айқын сенімділік қалыптастыру кез-келген мемлекетттік қызметшінің қолынан келе бермеуі мүмкін. Мұндай сенім мен құрметке жету оңай емес. Бұл үшін бір ғана кәсіби білімділік пен білгірлік жеткіліксіз, жеке мінез-құлық мәселесі, кәсібилік деңгейі мен жоғары моральдық адамгершілік қасиеттері қатар тұруы керек. Біздің кейіпкеріміз Света Хаймулдинаның бойында осы қасиеттердің барлығы жетіп артылады.

Шынар Молданиязова,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале