1.08.2017, 11:51
Оқылды: 46

«Әр ауылда бір бітімгер болса деймін»

 

Зеленов аудандық №1 сот төрайымы Роза Сариева осылай дейді.


–Жыл басынан бері аудандық №1 соттың құзіретіне енетін аумақ бойынша 163 азаматтық іс қаралса, соның 5-уі  ғана медиация тәртібімен шешіліп, іс тоқтатылды. Оның ішінде екеуі балалардың оқуына ақшаны талап ету, қалғаны  ақша қарызын өндіру, ортақ мүлікті бөлу, бөтеннің мүлкі мен ақшасын заңсыз иемденіп алу. Ал 23 қылмыстық істің 7-уі бітімгершілікпен шешіліп, іс қысқарды. Яғни, жәбірленушілерге материалдық шығын өтелді. Рәсім кезінде материалдық зиян немесе талаптың құны ұлғаюы немесе азаюы да мүмкін. Тіпті жәбірлеушінің бас тартуға да құқығы бар. Тағы бір айта кетерлігі, бітімгершілік кезінде тараптар арасындағы өзара келісім жазбаша түрде жасалмай жариялауға жатпайды. Медиация ерікті түрде өтеді. Жауапкермен немесе жәбірленушімен қайда, қашан, неше рет кездесуі медиатордың өз құқығында. Мұнымен қоса бітімгершілікті судьяның да жүргізуге құқығы бар.

Өкінішке орай, ауданымызда бір ғана кәсіпқой емес медиатор бар екен. Әрине, бұл аудан үшін аздық етеді.  Жұмыс бабында отбасылық кикілжің жиі ұшырасады.  Әр ауылда бір бітімгер болып, жанұяда татулық орнатуға, өзара жанжалды тоқтатуға септігін тигізсе деген ниет бар,- дейді Роза Есболсынқызы.

Сот төрайымының сөзіне сүйенсек, өткен жылы аудан бойынша 6 кәсіби емес медиатор тізімде болған. Заңға сәйкес, жыл сайын 25-ші желтоқсанға дейін әр медиатор бітімгер екендігін растайтын құжаттарын ұзартуы қажет. Алайда 2016 жылдың соңында тек біреуі ғана қайта ұзартқан. Әзірге сот өкілдеріне «медиатордың жоқтығынан келісімге келмедік» деген шағым да түспеген. Дегенмен әр ауылда кешегі дара тұлғалардың ізін жалғаған бір-бір бітімгер болса талай отбасы сақталып, сұрықсыз дау мен жанжалдың беті қайтып, көптеген арыз сотқа жетпес еді...

 Динара НАСЫР,

Зеленов ауданы

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале