Хакім Абай «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады» десе, Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан «Ұлтқа қызмет – білімнен емес, мінезден» деген болатын.
Өз кезегінде кәсіби мемлекеттік қызметші білімді, білікті, заман талабына жауап беретін, ең бастысы, биязы мінезді, әдепті маман болуы қажет. Бүгінгі мақала мемлекеттік қызметте 13 жылдай еңбек етіп жүрген Нұрлан Нұрғазиұлы жайлы болмақ.
Ол 1962 жылы Батыс Қазақстан облысы, Бәйтерек (бұрынғы Зеленов) ауданының Ширяев ауылында дүниеге келген. 1980 жылы мектеп бітірген соң «Красный маяк» кеңшарында (қазіргі Ақтау ауылдық округі) жұмысшы болған. Камен ауданы әскери комиссариятының шақыртуымен 1981-1983 жылдары Моңғолия елінде әскери борышын өтеген. Осы кезде бірнеше мақтау қағазымен марапатталған. 1983 жылы әскерден оралған соң Оралдағы техникумның ветеринария факультетіне оқуға түседі. 1986 жылы бітіріп, ветеринариялық фельдшер мамандығын алып, сосын «Красный маяк» кеңшарының №1 фермасына ветеринар-фельдшер болып жұмысқа орналасқан. 1987 жылы қыркүйек айында «Қазақстанның 40 жылдығы» қой кеңшарының №4 фермасына ветеринар-фельдшер болып ауысады. 1989 жылы қыркүйек айында Камен су құбырына көлік жүргізуші болып орналасады. Кейін аталмыш мекемеде күзетші-оператор болған. 2001 жылдан бастап облыстық мал жәрдем бөліміне ветеринар-фельдшер қызметіне ауысқан. 2004 жылы мамыр айынан бастап аудандық аумақтық инспекцияға ветеринариялық инспектор болып келіп, 2010 жылдың қараша айынан бүгінгі күнге дейін Қазақстан ауылдық округінде ветеринария саласы бойынша бас маман лауазымын атқарып келеді. Әртүрлі алғыс хат пен марапаттарға ие.
– Мемлекеттік қызметші атану – биік дәрежедегі қызметтің бірі. Жұмысына таза, адал, шыншыл, қызметіне жауапкершілікпен қарау – мемлекеттік қызметшінің ең маңызды қасиеті. Халыққа бар білгенімізді айтып, берілген тапсырманы уақтылы орындауға тырысамыз. Әр іске жауапкершілік таныту қажет деп ойлаймын. Мемлекеттік қызметшілердің ең басты міндеті – халыққа адал қызмет ету. Әрбір мемлекеттік қызметші осы қағиданы еш уақытта ұмытпауға тиіс. Халыққа жақын болып, кез келген жағдайда «қара қылды қақ жаратын» әділ болу қажет. Мемлекеттік қызметшінің мойнында елдің мүддесін бірінші орынға қоятын, тез әрі дұрыс шешім қабылдай алу міндеті тұр. Себебі әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығы тікелей мемлекеттік қызметке байланысты. Азаматтармен қарым қатынас жасау кезінде сөйлеп отырған адамның сөзін бұзбай, азаматтың сұрағын мұқият тыңдау, әңгімелесушіге ізгі ниет пен құрмет білдіру, толық жауап беру, жасы үлкен адамдарға, ардагерлерге, мүгедектерге жылы қарау, оларға қажет көмек көрсету сынды қағидаларды сақтау қажет деп ойлаймын, – дейді Нұрлан Естеков.
Гүлмира Серікқалиқызы,
Тасқала ауданы
zhaikpress.kz