14.08.2020, 12:00
Оқылды: 57

Әр тұрғыны ерекше ауыл

Переметный ауылындағы айналасын тал-терек қоршап, ауласын гүл көмкерген ғимарат кімнің болса да көзін тартары анық. Жақындай барсаң ауласынан қарттар мен кейуаналардың күлкісін естисің, кейде бір-біріне ренжігендей ұрысып, ал кейде баян сүйемелдеуімен ән айтып жатады. Тұрғындар бұл орынды қарттар үйі атап кеткен.

ACDD928A-DDD9-4174-9E65-13DE30670444

Көбіміз қарттар үйін қайырымсыз бала мен қайыры жоқ қыздан рахат көрмеген аталар мен әжелердің мекендейтін орны деп түсінеміз. Бірақ өмір болған соң, түрлі жағдай болады. Сондықтан қарттар үйіндегі жандарды асыраушысы жоқ, жоқтаушысыз қалған адамдар деуге болмайды. Өйткені мұнда да өмір бар. Мұнда да оларды бақылап, қамқорлығын көрсететін, киім-кешегін жуып, қолтығына көпшік қоя алатын жандар жетерлік.

Ел ішінде қарттар үйі аталған мекеменің заңды атауы – БҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының Бәйтерек арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы. Жасы келген азаматтар мен азаматшалардың кем-кетігін реттеп, оларға қамқорлық көрсететін орталық басшысы Альберт Талпаховтың айтуынша, мекемеде 30 адам жұмыс жасайды екен.

154B7000-D8F2-46C4-8268-F2559587B47E

-Әр қызмет алушыға бекітілген арнаулы әлеуметтік арнайы стандартқа сай тұрмыстық, медициналық, психологиялық, құқықтық, экономикалық, мәдени қызметтер көрсетіледі. Мұндағы әр тұрғын барлық жағынан қорғалған. Ата-әжелеріміздің құқықтарын қорғау үшін арнайы қоғамдық бақылау қызметі құрылды. Оған ардагерлер кеңесі, ішкі саясат бөлімі сияқты беделді мекемелердің басшылары кіреді. Қоғамдық бақылау қызметі орталықтағы қариялар мен аналарымыздың толықтай қамтылуын және күнделікті өмірін барынша жақындатылған үйдегі жағдайға жеткізуін қадағалайды,-дейді Альберт Талпахов.

Мекеме басшысының сөзінше, орталықта қызмет алушылар күніне бес мәрте тамақтанады және киімдері жуылып, монша процедурасын алуға мүмкіндігі бар екен. Орталық тұрғындарының көбі жасы келген жандар болған соң оларға медициналық қызмет үнемі көрсетіліп тұруы керек. Сол себепті ол жерде арнайы дәрігер мен медбике қарастырылған. Биыл әлемді жайлаған жаман ауру кесірінен елде төтенше жағдай жарияланып, айнала карантинге жабылған шақта орталық дәрігерлері мен медбикелері қызмет алушылардың ауру жұқтырмасы үшін барлық жағдайын жасаған. Ал жергілікті «Хайруллин» ШҚ, Рубцова, Джафаров, Кулеев, Құрманов, Иманғазиева, «Арна» жеке кәсіпкерліктері, Пермский ЖШС, «ОралЖанОйл» ЖШС сияқты кәсіп иелері індет өршіген шақта қажетті азық-түлік пен дәрі-дәрмек алып, қайырымдылық көмек көрсеткен. Сондай-ақ «Жалпақтал су» ЖШС мен «Темірханов» ЖК өткен жылы мекеме ішін жөндеуге қолғабыс қылған.

1C456FEA-D4BE-40DC-8942-403369C00872

Мекеме басшысы Альберт Талпахов аудан орталығындағы мектеп пен саз мектебіне және жастар ресурстық орталығына да ерекше алғысын білдіреді. Өйткені алғашқылары түрлі мерекелерде келіп, қызмет алушылардың көңілін көтерсе, ресурстық орталық мамандары волонтерлар мен жастардың басын қосып, қариялар мен кейуаналарға қажетті дәрі-дәрмек және азық-түлік алып келіп тұрады екен.

Бүгінде мекемеде 20 адам қызмет алуда. Алды он жылдан астам уақыт осы жерде ғұмыр кешіп жатса, арты үш жылдан бері орталықта тұрып жатыр. Біраз жылдан бері бір бөлмені бөлісіп, бір ғимаратта жүрген соң олар бір-бірімен тату. Әрқайсының өзіндік мінезі, өмірге деген көзқарасы бар. Бірақ барлығын бір нәрсе жақындастырады, ол – ортақ үйлері болып кеткен ғимарат. Мұндағы қызметкерлерді өз ұл-қыздарындай жақсы көретін ата-әжелер күтушілерін ерекше сыйлайды.

-Жұмысымыз үлкен адамдарға қызмет көрсету боған соң, олардың көңілін табуға тырысамыз. Көбіне бір-бірімен әңгіме айтып, қалжыңдасқанды ұнатады қариялар. Осы кезге дейін түрлі экскурсияға да алып шықтық. Өткен жылы Орал қаласындағы М.Мәметова мұражайына бардық, хайуанаттар бағына да алып барғанбыз. Әлеуметтік қызмет көрсету мекемелері арасындағы түрлі спорттық жарыстарға шығып, Круглоозерный, Мичурин ауылдарындағы арнайы мекемелерге концерттік бағдарламаларымызды да ұсынған кездер болды. Биыл індет кесірінен біраз концертімізді тоқтатуға тура келді,-дейді А.Талпахов.

Орталық тұрғындарының көбі өмірін еңбекке арнаған жандар болғандықтан бір орында отырғанды жақтырмайды. Ғимарат ауласындағы гүлдерді суарып, ағаштарды баптағанды ұнатады. Бүгінде 24 түрлі гүл, жүзім ағашы, өрік пен алма, аққайың мекеме ауласының шырайын келтірген. Ғимарат ауласындағы бақты Мақсотқали Мырзағалиев есімді қария күтіп, баптайды. Көктемде ағаш түбін қопсытып, көкөніс егетін орындар әзірлейді қарт. Өзі сияқты ширақ еңбекке жарамды Анатолий Скобычкин, Борис Косачев, Михаил Нестор, Александр Диянов сияқты замандастарын сыртқа шығарып, мекеме ауласына сенбіліктер ұйымдастырады екен.

-Біздің замандастарымыз еңбекке ерте араласты ғой. Бала күнімізден шөп шауып, бақша күткен соң қазір де қарап отырғанды жанымыз сүймейді. Таң атысымен күрегімді алып, ағаш суаратын шелегімді асынып, бақшаға шығамын. Осы жердегі ағаштарды баптап, гүлдерге су құямын. Өзіме бұл жер ұнайды. Барлық жағдайымыз жасалған. Басшылық та, қызмет көрсетушілер де көңілімізді тауып, тұрмыстық мәселемізді шешіп отыр. Қартайған шақта далада қалдырмаған мемлекетіміздің де қамқорлығын сезінеміз,-дейді Мақсотқали қария.

Жоғарыда айтқанымыздай, орталық – бір қауым елдей. Өздерінің әншілері мен спортшылары бар. Тіпті «Бәйтерек» аталған хор ұжымы да біраз концерттерге шығып, көрермен көзайымына айналып үлгерді. Қызмет алушыларды өнерге баулып, хор ұжымы мен әншілердің басын қосатын жан Татьяна Котова. Он жылдан бері осы жерде ғұмыр кешіп келе жатқан Таня әжей көп адамның әнге деген қызығушылығын оятқан. Ешкімнің көңілін қимайтын Татьяна Ивановнадан ән сұрайтын замандастары оның орыс халқының әндерін нақышына келтіре орындайтынын айтады.

-Бұл жерге келгеніме қыркүйектің үші күні он жыл болады. Артымнан ерген ұл да, қыз да жоқ. Туыстарымның көбі алыста. Замандас құрбы-құрдастарымның біразы өмірден өтті. Осы жерден пана таптым, жаңа достарым пайда болды. Уақтылы тамақ, медициналық көмек алып тұрамын. Орталыққа келмегенімде осынша жыл өмір сүрер ме едім, кім білсін,-дейді Таня әжей. Мичурин ауылы мен қаладағы арнайы мекемедегі қызмет алушылар олардың концертін асыға күтіп жүргеннін ерекше мақтанышпен айтады ол.

Міне, қыз-қыз қайнаған орталықтағы өмір осындай. Мұндағы әр тұрғын ерекше. Әрқайсының өзіндік сыры, өзіндік хикаясы бар. Тек өмір жолының бір парағы оларды осы орталықта тоғысытырды. Іші толған қариялар мен кейуана демесең, бұл жер де бір ел, бір қауым. Өзіндік ерекшеліктері мен өзіндік тәртібі бар шағын ауыл десе де болатындай.

Түгелбай Бисен,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале