22.07.2025, 12:45
Оқылды: 328

Аралтал мектебіне арналған сыйлықтар

Үнемі қозғалыста жүретін, тынымсыз, қажыр-қайраты мол адамдар болады. Олар өздері ғана емес айналасындағы жұртты да қозғап, елге, жерге болсын деп, жұрт қызығын көрсін деп  бір нәрсе жасап жүреді. Сол тірлігімен жұртқа мол энергия  сыйлайды. Қайырымдылық жасалар жерде үнемі өз қаражаты есебінен Бірақ ол үшін мақтанбайды да, көп дабыра қылмайды да. Өмір деген қозғалыс болса, сол қозғалыстың кілті осындай ішкі күш-қуаты мол адамдарда болса керек. Кезінде ауыл шаруашылығы саласында көп жылдар жемісті жұмыс жасаған, қазір зейнетте болса да өз ауылының, ауданының дамуына үлесін қосып жүрген Серік Мырзахметов осындай жан.

Серік (4511

Серік Асқарұлының Бумакөл ауылының аумағына өз қаражатына 2 гектар жерге алма бауын отырғызғаны туралы бұрын да  жазғанбыз. Қазір сол бақ жайқалып өсіп тұр. Серік ағамыз бақты өзі күтіп-баптайды екен. Бақтың биыл алма салуы жаман емес.  Енді бірер жылда жемісі көз қызықтырар «Серіктің бағына» айналары сөзсіз.

Жақсылық жасаудан жалықпайтын Серік ағамыз осы жазда тағы бір бастама көтерді. Аралтал мектебінің ауласына отбасымен, туған-туыстарымен келіп ағаштар отырғызды. Ағаш болғанда жасыл және көк шыршалар. Жазғы каникул күндері екендігіне қарамастан, мектеп директорының міндетін атқарушы Әлия Молдағұлқызы оларды салтанатпен қарсы алып, көшеттерді отырғызуға жағдай жасады. Көшет отырғызуды бастамас бұрын келген қонақтар ҚР әнұранын мектеп ауласында бірге шырқады. Соңынан олар мектеп мұражайын аралап көрді.  Серік Мырзахметов өзінің отбасының атынан мектеп мұражайына  бағалы кітаптар сыйға тартты.

- Мен ауданымыздың Березов ауылында туып-өстім. Березов орта мектебін бітірдім. Қазір ол ауыл жабылғанын өздеріңіз білесіздер. Осы Березов мектебінің бүкіл тарихы Аралтал мектебіне көшіп келді деп санаймын. Сондықтан өзімнің мектебімдей көремін. Жиі соғып, қал-жағдайларын біліп тұрамын. Туған елсіз, жерсіз адам болмайды. Біздің туған жеріміз, еліміз Березов ауылы болса, мектебіміз енді Аралтал мектебі. Сондықтан осы мектептің әрбір қуанышы, әрбір жетістігі мен жеңісі біздің жеңісіміз, - дейді Серік Асқарұлы.

Серік11

Сөйтіп, Аралтал мектебінің онсыз да жайнап-жайқалып тұрған ауласына бағбан-зейнеткер Серік Мырзахметовтың отбасы, туыстары отырғызған ағаштар қосылды.

Жақсылықтан жылу тарайды. Ал жылу адамның жүрегін жылытады. Осындай жүрек жылытар жақсы істер көп бола бергей.

Дариға Нұрашова,

Бөрлі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале