10.05.2017, 15:39
Оқылды: 46

Аралталдың шешімін таппаған мәселесі бар

Төрт жыл бұрын Ақсай қаласының құрамына Қызылтал мен Аралтал ауылдары қосылған болатын. Шаһардың шағынауданы атанғанын аумақтарда өзекті мәселелер баршылық.


Жолдың жоқтығынан көктем мен күзде ауыл іші балшық батпаққа айнылып, жүріп-тұру қиынға соғады дейді тұрғындар. Жиі өшетін жарық мәселесі де өткір тұр. Ал бұған тозығы жеткен трансформатор себеп екен. Өйткені оның орнатылғанына жарты ғасырдан асыпты. Сондықтан аумақтағы 160 үйді қамтуға құрылғының қуаты жетпей отыр.

Аудандық ТҮКШжАЖ бөлімі басшысының орынбасары Темірболат Исамалиев жол мәселесі ұдайы назарда дейді. Мәселен биыл аталған ықшамаудандағы жолдарды жөндеу жалғасады екен.

- Бүгінгі таңда Ақсай қаласындағы кей көшелерде жолдың орташа жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Осы жөндеуде асфальттың бірінші қабаты алынатын болады. Аталған асфальт қалдықтары алдымен шаһарымыздың солтүстігінде орналасқан «Солтүстік» көшесі мен қала орталығындағы кей көшелерге төселеді. Содан кейін барып Аралтал шағынауданындағы ақ балшық төселген көшелерде асфальт қалдығын төсейтін боламыз, - дейді бөлім басшысының орынбасары.

Аудан басшылары ықшамаудандағы жарық мәселесінен де құлағдар. Тиісінше шешімі қарастырылған. Ол бойынша алдағы маусым-шілде айларында су жаңа трансформаторы бар қосалқы станса іске қосылады екен.

Ал қоғамдық көліктің дұрыс жүрмеуі - бір ғана аралталдықтардың наразылығын тудырып отырған мәселе емес, аудан тұрғындарына ортақ мәселе. Аталған шағым бойынша да аудан басшылары нақты жұмыстар жүргізіліп жатқандығын айтуда.

Айым НҰРҒАЛИЕВА

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале