Сырым ауданы, Аралтөбе ауылдық округінде қазақ күресінің секциясы ашылды. Бұл оңды бастама «Ауыл» халықтық – демократиялық патриоттық партиясының ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «30 игі іс!» атты жобасының аясында жүзеге асты.
Күрес секциясының салтанатты ашылуы шарасында «Ауыл» ХДПП БҚО бойынша өңірлік филиалының төрағасы Мынатаубиік Әнесов сөз сөйледі:
-Елімізде «Дипломмен – ауылға!» деген бағдарлама жүзеге асып жатыр. Бұл бағдарлама аясында түкпірдегі талай ауылға жас маман барды. Жастармен бірге ауылдарға жаңалық, тіршілік, даму баруда. Ал, «Ауыл» партиясы «Ауылдан – дипломға!» - деп ұран көтеруде. Себебі, әр ауыл жастарын өздеріне қажетті, сұраныстағы мамандықтарға жіберсе, олар жұмыссыздық деген мәселеге жолықпас еді. Жалпы, жас мамандардың орналасуына, еңбек жолын бастауына қолдау көрсету – елге ортақ міндет. Бұл міндеттің жолында партия, ұйым болып бөлінбеуге тиіспіз, керісінше біріккен дұрыс, – деді облыстағы «ауылдықтардың» төрағасы, спорт ардагері Мынатаубиік Әнесов.
Осы секілді партияның саяси кеңесінің мүшесі, «Сырым ауданының құрметті азаматы», «Еңбек ері» медалінің иегері, белгілі кәсіпкер Құсайын Бақтияров, Орал қалалық спорт басқармасының бастығы, қазақ күресі федерациясының вице – президенті, ұлттық дәрежедегі төреші Артур Шерғалиев, Сырым аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Бауыржан Ихсанов жаңа секцияның жұмысына сәттілік тіледі.
Қазақ күресі үйірмесін ашып, ауыл балаларын ұлттық спортқа баулу – ҚР чемпионатының күміс жүлдегері, спорт шеберлігіне үміткер, былайғы жұртқа атбегілігімен танылған Айгерім Ғұмарованың арманы еді. Биыл М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетін аяқтаған жас маман осы арманын жүзеге асыру үшін туған ауылына келді. Қазіргі таңда ол өзінің мектебінде қызмет қылып және Сырым аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің Аралтөбе ауылындағы қазақ күресі үйірмесіне жетекшілік етуде. Аралтөбенің күрес кілемінде 20 – ға тарта балғын балуан жаттығуда.
Шара қонақтары «Ауыл» ХДПП мен қазақ күресі федерациясының атынан болашақ чемпиондарға күрес күртешелерін, жаттықтырушыларына спорттық киім табыс етті. Жеке кәсіпкер Гүлмира Оразғалиева әріптестерін алдағы уақытта күрес үйірмесінің жұмысына демеушілік жасауға шақырып, өзі де сол қатардан табылатынын айтты.
Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz