16.03.2025, 16:30
Оқылды: 42

Аралтөбедегі көпірді су шайып кетті

Бүгін, таңмен Сырым ауданындағы Аралтөбе ауылына кіреберіс көпірді су шайып кетті.

PHOTO-2025-03-16-15-36-29

Құзырлы органдар берген баспасөз мәлімдемесіне сүйенсек, 2025 жылдың 16 наурызында сағат 08:40-та Аксай-Жымпиты облыстық маңызы бар автожолының 27 км учаскесінде (Аралтобе ауылы маңында) қардың қарқынды еруі салдарынан су деңгейінің күрт көтерілуі орын алып, соның нәтижесінде уақытша көпір ретінде жайылған топырақты су бұзған. Негізгі көпірді жөндеу жұмыстары жүруде.
Осыған байланысты жол жабылып, көлік және жаяу жүргіншілердің қозғалысы тоқтатылды.
Сырым аудандық төтенше жағдайлар бөлімі және аудандық ішкі істер бөлімі тарапынан кезекшілік ұйымдастырылды.
- Қарғын судан тұрғын үйлерге қауіп жоқ. Қазіргі уақытта Аксай қаласы жағынан баламалы кіру жолдары бар.
Қалпына келтіру жұмыстарын су деңгейі төмендеген соң бастау жоспарлануда. - делінген ақпархатта.

Ақсай - Жымпиты бағытындағы автожол құрылысы басталғалы 5 жылдың шамасы болды. Бірақ, жұмыс өнбей тұр. Ақсай қаласы бетінен шыққан асфальт Тасқұдықтың төбесіне келіп тоқтады. Ал, Жымпиты тараптан тартылған трасса Аралтөбеге 7 шақырым жетпей үзіледі. Екі ортадағы үш округ - Талдыбұлақ, Елтай және Аралтөбе күз бен көктемде балшықтан шыға алмайды, қыста қар құрсауында қалады.
Атқарушы органдар уақытша көпірді қалпына келтірумен шектелмей, қос ауданды қосатын автожолдың құрылысының жұмысын жеделдетсе жөн болар еді.

Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале