Сырым ауданы Көгеріс ауылының тумасы Нұрсұлтан Амангелді әскерден оралды. Нұрсұлтан – елдегі төтенше жағдай алынғаннан кейін туған жерге ең бірінші болып оралған сарбаз.
Естеріңізде болса, бұған дейін елдегі төтенше жағдайға орай әскерге шақыру және әскерден босату уақытша тоқтатылып тұрғанын айтқан едік.
Нұрсұлтан Боранбайұлы 2019 жылдың 17 мамырында Отан алдындағы борышын өтеуге аттанды. Отар стансасы, Гвардейская қалашығы 30212 әскери бөлімі оқу орталығы, 2- танк ортасы, 3 взводта Т-72 әскери танкінің пулеметшісі ретінде 5 ай оқу-жаттығуда болды. Одан кейін Ақтау қаласы, 380 теңіз жаяу әскерінде 25744 әскери бөлімі, танк батальонында материалдық-техникалық базаны қамтамасыз ету взводында «КамАЗ» көлігінің жүргізушісі болып, әскери қызметін өтеді. Азық-түлік, киім-кешек, оқ-дәрі, жанар-жағармай тасыды. Танк, автоматтың тілін меңгеріп, қоян-қолтық ұрыста жеңуді үйренді. Спортқа, дене шынықтыруға белсенділігі артты. Кез келген жағдайда өзін, Отанын қорғауды жіті меңгерді. Отар стансасында жүргенде үлгілі әскери тәртібі үшін марапатталды. Ақтау қаласында әскери борышын өтеп жүрген кезінде спортта, жүгіру, белтемірге тартылуда алда болғаны үшін марапатқа ие болды.
Төтенше жағдай кезінде палаткалардағы сарбаздарға азық-түлік жеткізіп тұрды.
Айта кетейік, әскери өмірге дейін Нұрсұлтан Орал газ, мұнай және салалық технологиялар колледжін бітіріп, Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетіне сырттай оқуға түсті. Жеке құрылыс бригадасын құрып, Қырғызстанның Бішкек қаласынан киім тасып, саудамен де шұғылданды.
Әскери өмірі жайлы Нұрсұлтан былай дейді:
– Әскерде жүргенде, ата-анамның, бауырымның, достарымның қадірін түсіндім. Судың, ауқаттың, тіпті киген киіміңнің де қастері бар екенін ұғынады екенсің. Шыңдалып, шынықтым. Ұйқыдан оянған соң, төсекте керіліп жату деген жоқ. 40 секундта тастай боп киініп, сақадай сай тұруға жаттықтым. Әскери өмірдің пайдасы зор екенін айтқым келеді. Әрбір ер азаматқа әр жақын, жанашыр жанның қадір-қасиетін ұқтыратын, ол – әскери өмір.
Шынар Молданиязова
Сырым ауданы
zhaikpress.kz